Хадис

Кутуб ситтә, № 4540

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
677. Кейбір араб ру-тайпаларының артықшылығы
Нөмірі
№ 4540 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 7
4540
Кутуб ситтә, № 4540 · тараудағы реті: 7Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: الْأَزْدُ أَزْدُ اللَّهِ فِي الْأَرْضِ، يُرِيدُ النَّاسُ أَنْ يَضَعُوهُمْ وَيَأْبَى اللَّهُ إِلَّا أَنْ يَرْفَعَهُمْ وَلَيَأْتِيَنَّ عَلَى النَّاسِ زَمَانٌ يَقُولُ الرَّجُلُ فِيهِ: يَا لَيْتَ أَبِي كَانَ أَزْدِيًّا، وَيَا لَيْتَ أُمِّي كَانَتْ أَزْدِيَّةً». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ. وَقَالَ: قَدْ رُوِيَ مَوْقُوفًا عَلَى أَنَسٍ، وَهُوَ عِنْدَنَا أَصَحُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әнәс (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Әзд – Алланың жер бетіндегі Әзд тайпасы. Адамдар оларды төмендеткісі келеді, ал Алла олардың мәртебесін көтереді. Бір заман келеді, сонда адамдар: ‘Әттең, әкем Әзд тайпасынан болғанда ғой! Әттең, анам да Әзд тайпасынан болғанда ғой!’ – дейтін болады”, – деді».1

Түсіндірме

1. Әзд немесе Әзд Шәнуя – Йемендегі тайпалардың бірі. Басқа риуаятта (№4544) «Әзд» сөзінен кейін «яғни Йемен» делініп, Алла елшісінің (с.а.с.) Йеменді меңзегені аңғарылады. Қади былай түсіндірген: «Алла елшісі (с.а.с.) “Әзд” деп Йемендегі Әзд Шәнуя тайпасын меңзеген. Олар Әзд ибн Ғаус ибн Ләйс ибн Мәлик ибн Кәһлан ибн Сәбадан тараған. Алланың жақтастары болып, Алла елшісіне жәрдем бергендіктен осылай аталған». Тиби «Алланың Әзді» тіркесіне бірнеше түсінік береді: «Бұл атауға соғыста қашпайтын табанды, төзімді адамдар лайық. Олардың жеке қасиетін көрсетіп, абыройын асқақтату үшін, “Бәйтуллаһ” (Алланың үйі), “Нақатуллаһ” (Алланың түйесі) деген секілді Аллаға телінген. Хадистің жалғасында адамдардың оларды төмендетуге тырысатыны айтылады. Осыған орай мәртебелерін көтеру үшін Аллаға телінген. Алла елшісі (с.а.с.) “Әзд” сөзімен батылдық пен ержүректікті меңзеген де болуы мүмкін. Онда сөз ұқсату мағынасында жұмсалған. “Әсад” арыстан дегенді білдіреді, яғни “Асадуллаһ” – “Алланың арыстаны”. “Әсад” сөзінің “Әзд” түрінде келуі таңбалануының ұқсастығынан немесе “син” әрпінің “зәй” әрпіне ауысуынан болуы мүмкін». Әли әл-Қари Тибидің пікірін келтіріп: «Бұл түсіндірмені “әл-Мәсабихқа” түсіндірме жазған Сахиб әл-Азһар да қолдаған. Алайда бұл пікір дұрыс болу үшін “Әзд” сөзінің “әсадтан” шыққанын тіл тұрғысынан дәлелдеу керек. “Қамус” сөздігі мұның олай еместігін көрсетеді», – дейді.

  1. 1Тирмизи, Манақиб (3937).