Хадис

Кутуб ситтә, № 4545

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
677. Кейбір араб ру-тайпаларының артықшылығы
Нөмірі
№ 4545 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 12
4545
Кутуб ситтә, № 4545 · тараудағы реті: 12

وَعَنْ أَبِي سَكِينَةَ رَجُلٍ مِنَ الْمُحَرَّرِينَ، عَنْ رَجُلٍ مِنْ أَصْحَابِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: دَعُوا الْحَبَشَةَ مَا وَدَعُوكُمْ، وَاتْرُكُوا التُّرْكَ مَا تَرَكُوكُمْ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Азат етілгендердің бірі Әбу Сәкина Пайғамбардың бір сахабасынан жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Хабаштар сендерге тиіспейінше, оларға тиіспеңдер. Түркілер сендерге тиіспейінше, оларға тиіспеңдер”, – деді».1

Түсіндірме

1. Түсіндірмешілер «Хабаштар сендерге тиіспейінше, оларға тиіспеңдер» деген сөзді «Олар шабуыл жасамаса, соғысты бірінші болып бастамаңдар» деп түсіндірген. Түркілерге қатысты сөздің мағынасы да солай. Олар тиіспей, соғыс ашпаса, мұсылмандар да шабуыл жасамайды. Ал олар бірінші болып соғыс ашса, мұсылмандар қарсы соғысады. Хаттаби мұны ﴿وَقَٰتِلُوا۟ ٱلْمُشْرِكِينَ كَآفَّةً كَمَا يُقَٰتِلُونَكُمْ كَآفَّةً﴾ «Әрі соғысқұмар мүшріктердің сендерге қарсы жаппай жұмыла соғысқанындай, сендер де оларға қарсы жаппай жұмыла соғысыңдар» («Тәубе», 36) аятымен байланыстырып түсіндіреді: «Аят – мұтлақ, хадис – мұқайяд. Мұтлақ мұқайядқа сәйкес түсіндіріледі. Хадис аяттың жалпы үкімін шектейді. Мәжусилерге қатысты да осылай істелген. “Мәжусилерге кітап иелеріне қарағандай қараңдар”, – деген хадиске сүйеніп, олар кәпір болса да, кітап иелері тәрізді жизия төлеген». Тиби хадистің үкімі жойылған болуы да мүмкін екенін айтып: «Хадис мұсылмандар әлсіз кезде айтылған, кейін аят оның үкімін жойған болуы ықтимал», – дейді.

2. Ғалымдар хабаштар мен түркілерге бірінші болып соғыс ашпаудың себебін былай түсіндірген: «Мұсылмандар мен хабаштардың арасында сусыз, қатерлі шөлдер жатты. Ол жаққа жету көп машақат туғызатындықтан, мұсылмандарға бұл міндет жүктелмеді. Ал түркілердің әскері күшті, елі суық еді. Мұсылман әскерлері жылы өңірден шыққандықтан, ол жаққа баруға міндеттелмеді. Расулалла (с.а.с.) осы екі себепке орай оларды өзге халықтардан бөле атаған. Алайда олар ислам өлкесіне күшпен басып кірсе, елді қарсылықсыз беруге болмайды. Мұндайда жиһад әр адамға міндетті парыз айн болады, ал алдыңғы жағдайда парыз кифая еді». Осы пікірді келтірген Әли әл-Қари: «Расулалла (с.а.с.) осы мағынаны “Сендерге тиіспейінше” деген сөзімен білдірген», – дейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Мәлахим 8 (4302).