Хадис

Кутуб ситтә, № 4559

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
683. Әбу Талиб
Нөмірі
№ 4559 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
4559
Кутуб ситтә, № 4559 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әзірет Аббас (р.а.)

وَعَنِ الْعَبَّاسِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، هَلْ أَغْنَيْتَ عَنْ عَمِّكَ؟ فَإِنَّهُ كَانَ يَحُوطُكَ وَيَغْضَبُ لَكَ. قَالَ: نَعَمْ هُوَ فِي ضَحْضَاحٍ مِنْ نَارٍ، وَلَوْلَا أَنَا لَكَانَ فِي الدَّرْكِ الْأَسْفَلِ مِنَ النَّارِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Аббас (р.а.) жеткізеді: «Мен: “Уа, Расулалла, көкеңізге бір пайдаңыз тиді ме? Ол сізді қорғап, сізге қарсы шыққандарға ашуланатын еді”, – дедім. Сонда Расулалла: “Иә, ол таяз отта. Мен болмасам, тозақтың ең түбінде болар еді”, – деді».1

Түсіндірме

«يَحُوطُكَ» يَحُفُّكَ وَيَصُونَكَ وَيَذُبُّ عَنْكَ وَيَتَفَرَّعُ عَلَى مَصَالِحِكَ.

1. Әбу Талиб – Расулалланың (с.а.с.) үлкен көкесі. Күниясы арқылы танылған оның шын есімі – Абдуманаф. Кей рафидилер «Әли Имран» сүресіндегі ﴿إِنَّ ٱللَّهَ ٱصْطَفَىٰٓ ءَادَمَ وَنُوحًا وَءَالَ إِبْرَٰهِيمَ وَءَالَ عِمْرَٰنَ عَلَى ٱلْعَٰلَمِينَ﴾ «Расында, Алла Адамды, Нұхты, Ибраһим әулетін және Имран әулетін бүкіл адамзаттан үстем әрі таңдаулы қылды» деген аяттағы «Имран әулеті» Әбу Талибтің әулетін білдіреді деп дәлелдеу үшін оның есімі Имран болған деген тым алыс жорамал айтқан. Ал ғұламалар оның есімі Абдуманаф болғанына дау айтпаған. Әбу Талиб – Алла елшісінің (с.а.с.) әкесі Абдулланың бір әке-шешеден туған ағасы. Сондықтан Абдулмутталиб дүниеден өтерінде жетім немересі Мұхаммедке қамқор болуды Әбу Талибке өсиет еткен. Әбу Талиб Мұхаммед ержеткенге дейін оны барынша қамқорлығына алды. Пайғамбарлық міндет жүктелгеннен кейін де қолдауын тоқтатпай, дүниеден өткенше қолынан келген көмегін аямады, сол жолда көп қиындыққа төзді. Ең ауыры Құрайыш Бәни Хашимді үш жыл бойы оқшаулағанда болды. Құрайыш Расулалланы өздеріне тапсырғанша бұл шараны тоқтатпауға шешім қабылдап, келісімді қағазға түсіріп, Қағбаға ілді. Бәни Хашиммен сауда жасауға, қыз алысып-берісуге, сөйлесуге және басқа да қатынас жасауға тыйым салынды. Шиғб шатқалына шегінген әулет ауыр қиындық пен қатты аштық көрді. Әбу Талиб мұсылман болмаса да, туыстық қамқорлықпен Расулалланы соңына дейін қорғады. Бұл тыйым тоқтағаннан бірнеше күн өткен соң Әбу Талиб, артынша әзірет Хадиша (р.а.) дүние салды. Өзіне тірек болған қос жақынынан айырылу Расулаллаға (с.а.с.) ауыр тиді. Ол осы жылды «әм әл-хузн», яғни «қайғы жылы» деп атаған. Бұл пайғамбарлықтың оныншы жылы еді. Ибн Хажар Әбу Талибтің Расулаллаға қамқорлығын көрсету үшін мына риуаятты келтіреді: «Әбу Талиб дүние салған соң Құрайыш оның көзі тірісінде жасай алмаған зорлықтарын істеді. Құрайыштың бұзақылары Расулаллаға шабуыл жасады. Бір мүшрік оның басына топырақ шашқанға дейін барды». Расулалла (с.а.с.): «Әбу Талиб дүние салғанға дейін Құрайыш маған ұнамайтын мұндай істі жасаған емес», – деген. Расулалла мен исламның орнығуына осыншама қызмет еткен адамның имансыз дүние салуы мұсылмандардың жүрегін ауыртты. Расулалла да қайғырды. Кей ғалымдар бұл мәселені көп қозғамауды ескерткен және Пайғамбардың сүйіспеншілігіне бөленген сол ерекше жағдайына байланысты Алла рақымымен оған тозақ ішінде де жәннат жаратуы мүмкін деп үміттенген. Әбу Талибтің қиссасы арқылы Алла Тағала адамзатқа маңызды бір ақиқатты үйретеді. Алла разылығы үшін жасалмаған істің, адамзатқа аса пайдалы болса да, Алланың алдында құны жоқ. Иләһи өлшеммен, иманмен әрі Алланың разылығы үшін жасалған шаңның тозаңындай игі іс нәпсі мен құмарлықтың жетегінде жасалған дүние толы игі істен үстем. Пайғамбарға туыстығы да адамды ақырет азабынан құтқармайды. Хадис осыны ашық көрсетеді.

  1. 1Бұхари, Манақибул-Ансар 40, Әдеп 115, Риқақ 51; Мүслим, Иман 357 (209).