وَعَنِ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿أَمَرْنَا مُتْرَفِيهَا﴾، قَالَ: «كُنَّا نَقُولُ لِلْحَيِّ إِذَا كَثُرُوا فِي الْجَاهِلِيَّةِ: قَدْ أَمِرَ بَنُو فُلَانٍ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Ибн Мәсғуд (р.а.) «Біз бір елді мекенді жермен-жексен етуді қалағанымызда, алдымен ол жердің сән-салтанат пен молшылықта шалқып жүрген даңғаза дөкейлеріне жақсылықты бұйырамыз. Олар онда одан сайын күнәға бата түседі. Нәтижеде, ол елге лайықты жаза үкімі кесіледі де, Біз ол жерді жермен-жексен етеміз»1 деген аяттағы «молшылықта шалқып жүрген даңғаза дөкейлеріне жақсылықты бұйырамыз» деген тіркеске қатысты: «Жәһилия дәуірінде бір тайпаның саны көбейгенде, “Пәленше тайпа көбейді” дейтін едік», – деген.2
Түсіндірме
Ибн Мәсғуд аяттағы «әмәрна» сөзінің «бұйырдық» дегеннен бөлек «көбейттік» деген мағынасы да барын айтқан. Сонда аят «Молшылыққа мастанғандардың санын көбейтеміз, олар болса одан сайын азғындап, күнәға бата түседі» деген мағына береді. Ғалымдар «әмәрна» сөзінің «молшылыққа мастанғандарды елдің басына әкелеміз, билікке отырғызамыз» деген үшінші мағынасына да назар аударған. Осы үш пікірді ұстанғандардың әрқайсысы өз жорамалын қуаттау үшін аяттар мен хадистерден, сөздің тілдегі қолданысынан дәлел келтіреді.