Хадис

Кутуб ситтә, № 685

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
69. «Исра» сүресі
Нөмірі
№ 685 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
685
Кутуб ситтә, № 685 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْهُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سُئِلَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ عَنِ الْمَقَامِ الْمَحْمُودِ، فَقَالَ: هُوَ الشَّفَاعَةُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.а.с.) “Сонда Раббыңның сені ‘Мақам Махмудқа’ шығаратындығынан үміт ете аласың” деген аяттағы “Мақам Махмудтың” мәні сұралғанда, ол: “Бұл – шапағат”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

Бұл хадисте Алла елшісіне (с.а.с.) уәде етілген Мақам Махмуд шапағат деп түсіндірілген. «Үмбетіме шапағат ететін тұғырым» деген нұсқа да бар.

Пайғамбарлар арасында үмбетіне шапағат ету мәртебесі Алла елшісіне (с.а.с.) ғана берілген. Махшарда құлағына дейін терге батып, үрейі ұшқан жұрт өз пайғамбарларынан шапағат сұрайды. Әр пайғамбар өз басын ойлап, бұл өтінішті қабылдай алмай тұрғанда, Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) үмбетінің жайын ойлап, шапағатқа мұқтаж әрі оған лайық жандарға шапағат етеді.

Бұл мәртебе хадисте «Мақам Махмуд» деп аталады. Сол күні бұрынғы да, кейінгі де жұрт Алла елшісіне (с.а.с.) риза болады. Көпшілік ғалым осы мағынаны құптайды. Ал басқа риуаяттарға сүйенген кейбір ғалымдар оны Алла елшісіне (с.а.с.) «Лиуаул-хамд» атты мадақ байрағы берілетін тұғыр деп түсіндірген.

Әд-Дарими Ибн Мәсғудтан (р.а.) жеткізген бір риуаятта Алла елшісінен (с.а.с.): «Мақам Махмуд деген не?» – деп сұрағанда, ол: «Бұл – Алла тағаланың Өз Күрсісіне түсетін күні», – деп жауап берген. Риуаяттың жалғасында: «Сол күні жалаң аяқ, жалаңаш күйде жиналасыңдар. Әуелі Ибраһимге (а.с.), содан кейін маған жұмақ киімі кигізіледі. Артынша Алланың оң жағындағы бір тұғырға тұрамын. Сол мәртебеме бұрынғылар да, кейінгілер де қызығады», – делінеді.2

Мұндай риуаяттардағы сөздерді тура мағынасында қабылдаса, Алла тағалаға мекен телігендей ұғынылуы мүмкін. Бұл жерде ғайып ақиқатын адамға таныс сөздермен ұғындыру көзделген. Ақыретте мұның қалай болатыны бізге беймәлім. Сондықтан көзге көрінетін дүниеге тән сөздермен айтылған хабардың сыртқы мағынасына байланып қалмаған жөн. Осындай мұташабиһ сөздер аяттарда да, хадистерде де кездеседі. Олардың білдірген ақиқатына иман етіп, «Мәнін Алла біледі» дейміз және оларды сенім негіздеріне сай жоримыз.

  1. 1«Исра» сүресі, 79-аят (үзінді). Тирмизи, «Тәпсір», «Бәну Исрайыл» (3137, кей басылымда 3136).
  2. 2Әд-Дарими, «Сунан», «Риқақ» (2842, басқа басылымда 2829). Хусейн Сәлим Әсәд риуаяттың иснадын өте әлсіз деп бағалаған.