عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَفْضَلُ الصِّيَامِ بَعْدَ رَمَضَانَ شَهْرُ اللَّهِ الْمُحَرَّمُ، وَأَفْضَلُ الصَّلَاةِ بَعْدَ الْمُكْتُوبَةِ صَلَاةُ اللَّيْلِ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Рамазаннан кейінгі ең абзал ораза – Алланың айы мұхаррамда ұсталған ораза. Парыз намаздан кейінгі ең абзал намаз – түнгі намаз”, – деді».1
Түсіндірме
1. Мұхаррамның мәртебесін көрсету үшін оны «шаһруллаһ», яғни «Алланың айы» деп атаған. Тиби Алланың айындағы ораза деп Ашура күнінің оразасы айтылғанын білдіреді. Әли әл-Қари мұнда тұтас мұхаррам айы меңзелгенін айтады. Хадистің жалпы мағынасы Әли әл-Қаридің пікірін қуаттайды.
2. Хадис түнде оқылатын тәһәжжуд намазының өзге нәпілдерден, тіпті парыз намаздармен бірге оқылатын рәуатиб нәпілдерден де абзал екенін білдіреді. Шафиғи мәзһабының ғалымы Әбу Исхақ әл-Мәруази мен оған ерген бір топ ғалым хадистің тура мағынасына сүйеніп, осы пікірді қабылдаған. Көпшілік ғалымдар рәуатиб нәпілдерді абзал санаған. Нәуәуи осы хадиске сай бірінші пікірді дұрыс деп біледі. Тиби де оны қуаттап: «Өміріммен ант етемін, тәһәжжудтің өзге артықшылығы болмаса да, мына аяттардағы сөздің өзі жеткілікті», – деп, мына аяттарды келтірген: ﴿وَمِنَ ٱلَّيْلِ فَتَهَجَّدْ بِهِۦ نَافِلَةً لَّكَ عَسَىٰٓ أَن يَبْعَثَكَ رَبُّكَ مَقَامًا مَّحْمُودًا﴾ «Түн ішінде тұрып, Құран оқып, өзіңе бекітілген тәһәжжуд намазын өте. Сонда Раббыңның сені “Мақам Махмудқа” шығаратындығынан үміт ете аласың» («Исра», 79). ﴿تَتَجَافَىٰ جُنُوبُهُمْ عَنِ ٱلْمَضَاجِعِ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ خَوْفًا وَطَمَعًا﴾ «Олар түн ішінде төсектерін тәрк етіп, қаһарынан қорыққан һәм шексіз мейірімінен үміт еткен күйде Раббыларына жалбарынып дұға етеді» («Сәжде», 16).
Тәһәжжуд намазына бұған дейін тоқталғанбыз (№3002–3015).
- 1Мүслим, Сиям 202 (1163); Әбу Дәуіт, Саум 55 (2429); Тирмизи, Салат 324 (438); Нәсәи, Қиямул-Ләйл 7, (3, 207, 208).