Хадис

Жұма күні

Кутуб ситтә, 10-том, 689-тарау · 5 хадис · № 4568–4572

Хадистер

4568
Кутуб ситтә, № 4568 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әус ибн Әус (р.а.)

عَنْ أَوْسِ بْنِ أَوْسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: إِنَّ مِنْ أَفْضَلِ أَيَّامِكُمْ يَوْمَ الْجُمُعَةِ، فِيهِ خُلِقَ آدَمُ عَلَيْهِ السَّلَامُ، وَفِيهِ قُبِضَ، وَفِيهِ النَّفْخَةُ، وَفِيهِ الصَّعْقَةُ، فَأَكْثِرُوا عَلَيَّ مِنَ الصَّلَاةِ فِيهِ، فَإِنَّ صَلَاتَكُمْ مَعْرُوضَةٌ عَلَيَّ. قَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ، وَكَيْفَ تُعْرَضُ عَلَيْكَ صَلَاتُنَا؟ وَقَدْ أَرِمْتَ؟ فَقَالَ: إِنَّ اللَّهَ تَعَالَى حَرَّمَ عَلَى الْأَرْضِ أَنْ تَأْكُلَ أَجْسَادَ الْأَنْبِيَاءِ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әус ибн Әус (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Күндеріңнің ең абзалдарының бірі – жұма. Адам (а.с.) осы күні жаратылды, осы күні дүниеден өтті. Сүр осы күні үрленеді, жан алатын дауыс та осы күні болады. Сол күні маған көп салауат айтыңдар. Салауаттарың маған жеткізіледі”, – деді. Сонда жұрт:

– Уа, Расулалла, денеңіз шіріп кеткенде, салауатымыз сізге қалай жеткізіледі? – деп сұрады. Ол:

– Алла Тағала жерге пайғамбарлардың денесін жеуге тыйым салған, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

1. Хадисте жұма «күндердің ең абзалы» емес, «ең абзал күндердің бірі» деп аталған. Әли әл-Қари осы хадиске сүйеніп, мұнда күндердің ең абзалы Арафаның өзі жұмаға пара-пар екеніне ишара барын айтады.

2. Кейбір ғалымдар хадистегі «нәфха» екінші рет Сүр үрленуін, яғни ізгі адамдарды жәннатқа жеткізетін үрлеуді білдіреді деген. Басқалары: «Бұл – бірінші үрлеу. Өйткені жалпы түрде “үрлеу” делінгенде әдетте алғашқысын түсінеміз», – деген.

3. Сайхадан (жантүршігерлік қорқынышты дауыс (жарылыс)) – адамдарды қорқыныштан өлтіретін айқай. Бұл айқай – бірінші нәфханың аты. Бір қарағанда жаңа ғана «нәфха» деп айтылған хадиске сайха деп қайталайды. Алдыңғы, екінші Нәфха қабылданған кезде, сайхамен бірінші нәфханы түсінген орынды болады. Расулалла жұма күнінің артықшылығын, қайырлы болу себебін түсіндіргенде, сол күні болған және болатын басқа да оқиғаларды айтып өтеді: «Жұма күні дұғалар міндетті түрде қабыл болатын сәт бар. Жұма – Расулалла Арафатта тұруды қалыптастырған күн. Бұл күні жер бетіндегі барша мұсылмандар мешіттерде жиылып, жамағатпен намаз оқиды. Бұл жиналу қажылықтағы және Қиямет күніндегі жиналуға ұқсайды. Сондықтан бұл күнгі ғибадат жамағатпен жасалғандықтан, мейрам дәрежесіне көтерілген. Сол себепті жұма күні жиналып, құтба оқуға шақырылған. Сонда адамның не үшін жаратылып, қайда баратыны, жәннат пен тозақ еске түседі. Осы себепті жұма күні таң намазында «Сәжде» және «Инсан» сүрелерін оқыған сүннет. Өйткені бұл сүрелерде жұма күні болған және болатын нәрселер айтылады. Әзірет Адамның жаратылысы, жаратылыстың басы мен соңы сияқты. Сол себепті жұма күні жасалған ғибадаттар басқа күндері жасалғандардан абзал. Тіпті кәпірлер де жұманың күндізі мен түнін құрметтейді. Сондай-ақ жұма күні жәннаттағы «йаумул-мазид» яғни, ерекше күнге сәйкес келеді. «Бұл күн – жәннат тұрғындары миск (хош иісті) төбенің басына жиналатын ерекше күн». Осы себепті жұма күні Арафатта тұру басқа күні Арафатта тұрғаннан артық. «Егер Арафат күні мен жұма күні бір күнге сәйкес келсе, ол 72 қажылыққа тең» деген хабар бұрыс, хадисте ешқандай негіз жоқ. «Алланың алдында күндердің ең қайырлысы – жұма күні» деген хадис аптаның ең қайырлы күнін анықтайды. Жылдың ең абзал күні – Арафа және құрбан айт күні. Шәфиғидің айтуынша, олардың ең абзалы – Арафа күні. Себебі бұл күні ұсталған ораза өткен жылғы және келер жылғы (екі жылдық) күнәлардың кешірілуіне себепкер болады. Сонымен қатар, Алла Тағала сол күні саны бойынша ең көп адамды тозақ отынан азат етеді және Арафатта тұрған құлдарымен періштелерге мақтанады. Кейбіреулер: «Ең ұлық күн – құрбан шалатын күн. Бұл күні адамдар тәубе етіп, Алладан жарылқау тілейді, бір-бірінің үйіне зиярат жасап, барыс-келіс жасайды» (Мунауи)

4. Салауаттың Расулаллаға жеткізілуі оның жұма күні Пайғамбарға ұсынылатынын білдіреді. Жұма күні және жұмаға қараған түні салауат айтудың артықшылығы туралы риуаят көп. Салауат – әрдайым қабыл болатын дұға. Ол періштелер арқылы Алла елшісіне жетеді. Жұмада бұл амалдың сауабы артады.

5. Хадистің соңында Расулалла пайғамбарлардың денесі қабірлерінде шірімейтінін айтады. Ғалымдар зерттеулеріне сүйеніп, пайғамбарлар қабірлерінде тірі, періштелер тәрізді ас-ауқатқа мұқтаж емес әрі құлшылық етіп, намаз оқиды деп санаған. Осыған сай Расулалла қабірінде тірі, үмбетінің құлшылығына қуанады деуге болады. Ғалымдардың айтуынша, өзге марқұмдар да қабірлерінде кей нәрсені біліп, естиді. Ибн Аббас Расулалланың: «Адам өзі таныған мүміннің қабіріне барып сәлем берсе, марқұм оны танып, сәлеміне жауап қайтарады», – деген сөзін жеткізген. Расулалланың Бақи зиратына жиі барып, марқұмдарға сәлем бергені белгілі. Құранда шейіттердің де тірі екені және оларға ризық берілетіні айтылады. Сондықтан пайғамбарлардың қабірдегі өмірін ақылға сыймайды деуге негіз жоқ. Расулалланың «Пайғамбарлар қабірлерінде тірі» деген хадисі анық жеткен риуаяттарға жатады.

  1. 1Әбу Дәуіт, Салат 207 (1047); Нәсәи, Жұма 5, (3, 91, 92).
4569
Кутуб ситтә, № 4569 · тараудағы реті: 2Риуаят етуші: Абдулла ибн Амр (р.а.)

وَعَنِ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرٍو رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَمُوتُ لَيْلَةَ الْجُمُعَةِ أَوْ يَوْمَ الْجُمُعَةِ إِلَّا وَقَاهُ اللَّهُ فِتْنَةَ الْقَبْرِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Абдулла ибн Амр (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Жұмаға қараған түні немесе жұма күні дүние салған әр мұсылманды Алла қабір сынағынан қорғайды”, – деді».1

Түсіндірме

1. «Фитна» сөзі аяттар мен хадистерде дүрбелең, бүлік, жаза, есеп, сынақ, жындану секілді бірнеше мағынада қолданылады. Осы хадисте жаза мен есеп мағынасында түсіну орындырақ.

2. Хадис – Тирмизидің басқа «Кутуб ситта» имамдарынан жеке алған риуаяты болса да, бұл мағынаны растайтын Шәуахид (куәгер) риуаяттар басқа дереккөздерде келген. Әли әл-Қари «Мирқат» кітабында хадисті түсіндірген кезде, кейбір ғұламалардың түсіндірмелеріне тоқталған. Қуртубидің түсіндірмесінде былай делінген: «Осы (және осыны растайтын) және қабір сұрақ-жауабын жоққа шығарған хадистер, қабірдегі сұрақ-жауапқа байланысты алдында жазған хадистерге қайшы келмейді. Яғни бұлар оларға қайшы болмайды. Мүмкін, олар кімдердің қабірінде жауапқа тартылмайтынын және азапталмайтынын, кімдерден сұрақ-жауап алынып, қиын жағдайға душар болатынын бөліп түсіндіреді. Бұл мәселелердің ешқайсысы салыстыруға келмейді, ижтиһадпен, жеке ой-пікірмен үкім беруге болмайды (мұны тек уахи арқылы айтуға болады). Олай болса, дәл осы мәселелерде Садиқул Масдуқ болған ардақты Пайғамбардың (с.а.с.) айтқандарын сол күйінде қабылдап, растау керек». Хаким әт-Тирмизи былай деген: «Кімд-кім жұма күні жан тапсыратын болса, оның Алланың құзырындағы сырлы қақпағы ашылады. Өйткені жұма – тозақ есіктері жабылып, оты сөнетін күн. Ол күні оттың патшасы басқа күндері істегенін істемейді. Алла Тағала кімнің жанын жұма күні алған болса, бұл оның бақытты және ақырет өмірінің баянды болатынына дәлел. Себебі Алла Тағала бұл күні құзырында бақытты адамдар деп жазған адамдардың жанын алады. Осы себепті оларды қабір фитнасынан қорғайды. Мұның себебі мүминді мұнафықтан ажырату». Суюти бұған қосымша былай дейді: «Жұма күні жан тапсырған адамға шейіт сауабы беріледі. Шейіттер туралы ережеге сәйкес, олар жауапқа тартылмайды. Өйткені хадисте: “Кімде-кім жұма күні немесе жұма түнінде дүние салса, Алла Тағала оны қабір азабынан қорғайды және Қиямет күні үстінде шейіт мөрімен мөрленген халде келеді”, – делінген». Жұма күні дүние салған адамның шейіт саналатыны, қабір азабынан қорғалатыны турасында басқа да риуаяттар бар.

  1. 1Тирмизи, Жанаиз 72 (1074).
4570
Кутуб ситтә, № 4570 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «ذَكَرَ النَّبِيُّ ﷺ يَوْمَ الْجُمُعَةِ فَقَالَ: فِيهِ سَاعَةٌ لَا يُوَافِقُهَا عَبْدٌ مُسْلِمٌ وَهُوَ قَائِمٌ يُصَلِّي يَسْأَلُ اللَّهَ تَعَالَى شَيْئًا إِلَّا أَعْطَاهُ إِيَّاهُ. وَأَشَارَ بِيَدِهِ، يُقَلِّلُهَا». أَخْرَجَهُ الثَّلَاثَةُ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әбу Һурайра (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.) жұма күні жайында: “Бұл күні бір мезет бар. Қай мұсылман сол мезетке намаз оқып тұрып, Алладан бір нәрсе сұраса, Алла оған сұрағанын береді”, – деді. Сол мезеттің қысқалығын қолымен ишаралап көрсетті».1

Түсіндірме

1. Бұл хадис жұма күнінің ең құнды қасиеттерінің бірін, дұға қабыл болатын мезетін баяндайды. Мұсылман сол мезетте Алладан игілік немесе сұрауға рұқсат етілген қажетін тілесе, Алла дұғасын қабыл етіп, сұрағанын береді. Хадисте осы берекелі уақыттың қысқалығы да көрсетілген. Мұндағы «сағат» қазіргі мағынадағы алпыс минут емес, қысқа ғана мезет. Хадистің оның қысқалығына арнайы назар аударуы сол мезетке тап болу үшін ықтиятты болу керегін аңғартады.

2. Тағы бір мәселе – бұл сағаттың (24 сағат тәуліктің) күннің қай уақытына сай келетінінің белгісіз болуы. Түнге ме, күндізге ме? Бұлардың қай уақытына сәйкес келеді? Сәресі, духа, бесін, екінті, ақшам немесе құптан. Қайсысына сәйкес келеді, бұл да белгісіз. Ибн Хажар бұл мәселеге байланысты 42 түрлі (бір бөлігі қабылданбаған) пікір жазып талдаған. Күндіз бен түннің барлық уақытын қамтитын бұл пікірлерге бұл жерде тоқталмаймыз. Жалпы қабылданған екі риуаяттың бірі бойынша, бұл сағат – құтбашы мінберге шыққаннан бастап, намазды оқытып болғанға дейінгі уақыт делінсе, екінші хадисте «екінті уақытының соңғы сәттерінен іздеңдер» делінген. Осы екінші көзқарасты ұстанған Әбу Һурайра мен Абдулла ибн Сәламның: «Бұл сағат намаз уақытымен қатар келмейді. Негізінде, намаз халіндегі мүминнің дұғасы қабыл болады», – деген қарсылықты пікіріне басқа бір насспен (аят-хадиспен) жауап беріліп: «Мұсылман намаз оқып болып, келесі намазды күтсе, намаз оқып тұрғандай сауап жазылады» деген үкімде болатыны ескертілген. Құтба кезінде «намаз оқылмайды» деп айтылды және бұл пікірге қарсылық білдірілді. Алайда бұл қарсылыққа да «намаз» мағынасында қолданылған салат (намаз) сөзі «дұға» дегенді де білдіреді деп жауап берілді. Сол сияқты мәтінде айтылған қиям (намазға тұру халі) сөзі де әрі қарай жалғастыруға жорылған.

Сонымен «қайм» мен «мусалли» өрнегі – бір бөлшекпен және оның тұтасымен (жузи және кулли) білдіру түрі. Өйткені қиям халі де намаздың бір бөлігі. Тура рукуғ, сәжде және отырыс секілді намаздағы басқа қимылдар сияқты. Құнды бір көзқарас бойынша, бұл сағат жұма күнінің ішінде жасырылған, дәл Қадір түнінің рамазан айының соңғы он күнінде, Алланың ұлық есімдерінің (Исм Ағзам) Алланың көркем есімдерінің ішінде жасырынғаны сияқты. Ибн Омар: «Бір күн ішінде бір қажеттілікті сұрау оңай шаруа», – деді және бұған былай деп қосты: «Мұның мәні – жұма күні бойы дұға етуді жалғастыру керек. Сонда дұға қабыл болатын сағатқа сәйкес келу үшін күні бойы дұға жасалған болады». Кәғб ибн Мәлик былай дейді: «Бір топ адамдар келісіп, дұға ету үшін жұма күнін бөліп алса, олар осы сағатқа оңай қол жеткізеді. Сондай-ақ көптеген ғалымдар: «Жұма күні дұғаның қабыл болатын сағатына сәйкес келеді деген үмітпен көп дұға ету – мұстахаб», – деп түсіндірген.

3. Ибн Хажар мынадай ықтимал сұрақты келтіріп, оған жауап береді: «Біреу: “Хадистің тура мағынасы дұға мен оның аталған шарттармен қабыл болуын білдіреді. Бірақ уақыт аймаққа қарай өзгереді. Бір жерде намаз оқитындар басқалардан ертерек әрекет етеді. Дұғаның қабыл болу мезеті уақытқа тәуелді болса, әр аймақтағы дұғаның қабыл болуы қалай үйлеседі?” – деуі мүмкін. Жауап мынадай: дұға қабыл болатын мезет намаз оқитын әр мұсылманның өз уақытына байланысты болуы мүмкін. Мәкруһ уақыттар туралы да осыған ұқсас үкім айтылған».

  1. 1Бұхари, Жұма 37, Талақ 24, Дағауат 61; Мүслим, Жұма 13 (852); Муатта, Жұма 15, (1, 108); Нәсәи, Жұма 45, (3, 115, 116).
4571
Кутуб ситтә, № 4571 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Бурда (р.а.)

وَعَنْ أَبِي بُرْدَةَ عَنْ أَبِيهِ أَبِي مُوسَى الْأَشْعَرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: هِيَ مَا بَيْنَ أَنْ يَجْلِسَ الْإِمَامُ إِلَى أَنْ تَنْقَضِي الصَّلَاةُ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әбу Бурда әкесі Әбу Мұса әл-Ашғариден (р.а.) жеткізеді: «Расулалланың (с.а.с.): “Ол – имам мінберде отырғаннан намаз аяқталғанға дейінгі мезет”, – дегенін естідім».1

  1. 1Мүслим, Жұма 16 (853); Әбу Дәуіт, Салат 208 (1049).
4572
Кутуб ситтә, № 4572 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «الْتَمِسُوا السَّاعَةَ الَّتِي تُرْجَى فِي يَوْمِ الْجُمُعَةِ بَعْدَ الْعَصْرِ إِلَى غَيْبُوبَةِ الشَّمْسِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әнәс (р.а.) Пайғамбардан (с.а.с.) жеткізеді: «Жұма күні дұғаның қабыл болуы үміт етілетін мезетті екінтіден күн батқанға дейінгі аралықтан іздеңдер».1

Түсіндірме

Жұма күні дұға қабыл болатын сағаттың қай уақыт екендігі туралы айтылған қырық шақты пікірдің тек екеуінің ең танымал және ең дұрыс деп саналғанын жоғарыда жазған болатынбыз. Жоғарыда жазылған екі хадис – сол екі көзқарастың дәлелі. Бұған қатысты Ибн Хажар былай дейді: «Осы екі пікірден басқалары не бұлармен келіседі не олардың тізбегі әлсіз немесе пікір иесі оны мәрфуғ хадиске сүйенбей, өзінің жеке көзқарасына теліген». Сағидтың (р.а.) бір риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Мен дұғалардың қабыл болатын сағатының қай уақытта екенін білуші едім, бірақ Қадір түні сияқты бұл да маған ұмыттырылды», – деген. Хадиске түсіндірме жасаушылар: «Бұл екі хадиспен Әбу Сағид хадисі арасында қайшылық бар деп айтуға болмайды», – дейді. Бәйхақи: «Себебі бұл екі хадистің рауилары сол сағатты Алла елшісіне (с.а.с.) ұмыттырылмай тұрып естіп-білген болуы мүмкін», – деген. Сәләф ғұламалары сондай-ақ бұл екі уақыттың қайсысының абзал, үстем екендігі турасында зерттеу жасаған. Имам Мүслим былай деген: «Әбу Мұсаның хадисі бұл бөлімдегі риуаяттардың ең дұрысы». Бәйхақи, ибн әл-Араби, Қуртуби, Нәуәуи т.б.. көптеген ғалымдар осы пікірді құптаған. Кейбір ғалымдар Абдулла ибн Сәламның таңдауын құп көрген. Олардың қатарында Ахмад ибн Ханбал, ибн Абдул-Бәрр, Сағид ибн Мансұр, Исхақ ибн Рахиуя бар. Ибн Абдул Бәрр: «Дұға қабыл болатын осы сағатқа сәйкес келудің мүмкіндігін көбейту үшін аталған екі уақытта да дұға етуге барынша күш салу керек», – деп, өзінің көзқарасын білдірген. Бұған сәйкес кейбір ғалымдар былай дейді: «Дұға қабыл болатын сағат осы екі уақыттың біреуінде. Олар бір-біріне қайшы емес. Себебі Алла елшісі (с.а.с.) дұға қабыл болатын сағатты осы екі сахабаның әрқайсысына әртүрлі уақытта насихаттаған болуы мүмкін».

  1. 1Тирмизи, Салат 354 (489).