Хадис

Кутуб ситтә, № 4572

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
689. Жұма күні
Нөмірі
№ 4572 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 5
4572
Кутуб ситтә, № 4572 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنِ النَّبِيِّ ﷺ قَالَ: «الْتَمِسُوا السَّاعَةَ الَّتِي تُرْجَى فِي يَوْمِ الْجُمُعَةِ بَعْدَ الْعَصْرِ إِلَى غَيْبُوبَةِ الشَّمْسِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әнәс (р.а.) Пайғамбардан (с.а.с.) жеткізеді: «Жұма күні дұғаның қабыл болуы үміт етілетін мезетті екінтіден күн батқанға дейінгі аралықтан іздеңдер».1

Түсіндірме

Жұма күні дұға қабыл болатын сағаттың қай уақыт екендігі туралы айтылған қырық шақты пікірдің тек екеуінің ең танымал және ең дұрыс деп саналғанын жоғарыда жазған болатынбыз. Жоғарыда жазылған екі хадис – сол екі көзқарастың дәлелі. Бұған қатысты Ибн Хажар былай дейді: «Осы екі пікірден басқалары не бұлармен келіседі не олардың тізбегі әлсіз немесе пікір иесі оны мәрфуғ хадиске сүйенбей, өзінің жеке көзқарасына теліген». Сағидтың (р.а.) бір риуаятында Алла елшісі (с.а.с.): «Мен дұғалардың қабыл болатын сағатының қай уақытта екенін білуші едім, бірақ Қадір түні сияқты бұл да маған ұмыттырылды», – деген. Хадиске түсіндірме жасаушылар: «Бұл екі хадиспен Әбу Сағид хадисі арасында қайшылық бар деп айтуға болмайды», – дейді. Бәйхақи: «Себебі бұл екі хадистің рауилары сол сағатты Алла елшісіне (с.а.с.) ұмыттырылмай тұрып естіп-білген болуы мүмкін», – деген. Сәләф ғұламалары сондай-ақ бұл екі уақыттың қайсысының абзал, үстем екендігі турасында зерттеу жасаған. Имам Мүслим былай деген: «Әбу Мұсаның хадисі бұл бөлімдегі риуаяттардың ең дұрысы». Бәйхақи, ибн әл-Араби, Қуртуби, Нәуәуи т.б.. көптеген ғалымдар осы пікірді құптаған. Кейбір ғалымдар Абдулла ибн Сәламның таңдауын құп көрген. Олардың қатарында Ахмад ибн Ханбал, ибн Абдул-Бәрр, Сағид ибн Мансұр, Исхақ ибн Рахиуя бар. Ибн Абдул Бәрр: «Дұға қабыл болатын осы сағатқа сәйкес келудің мүмкіндігін көбейту үшін аталған екі уақытта да дұға етуге барынша күш салу керек», – деп, өзінің көзқарасын білдірген. Бұған сәйкес кейбір ғалымдар былай дейді: «Дұға қабыл болатын сағат осы екі уақыттың біреуінде. Олар бір-біріне қайшы емес. Себебі Алла елшісі (с.а.с.) дұға қабыл болатын сағатты осы екі сахабаның әрқайсысына әртүрлі уақытта насихаттаған болуы мүмкін».

  1. 1Тирмизи, Салат 354 (489).