وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: نَزَلَ الْحَجَرُ الْأَسْوَدُ مِنَ الْجَنَّةِ، وَهُوَ أَشَدُّ بَيَاضًا مِنَ اللَّبَنِ، وَإِنَّمَا سَوَّدَتْهُ خَطَايَا بَنِي آدَمَ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ وَالنَّسَائِيُّ، وَهَذَا لَفْظُ التِّرْمِذِيِّ. وَلَفْظُ النَّسَائِيِّ «الْحَجَرُ الْأَسْوَدُ مِنَ الْجَنَّةِ».
Ибн Аббас (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Хажар әл-Әсуад жәннаттан түскен. Ол сүттен де ақ еді. Оны Адам ұрпақтарының күнәлары қарайтты”, – деді». Нәсәидегі нұсқада: «Хажар әл-Әсуад жәннаттан», – делінген.1
Түсіндірме
Әли әл-Қари хадисті тура мағынасында түсіндірген. Оның айтуынша, Хажар әл-Әсуад өзіне қол тигізген адамдардың күнәсінен қарайған. «Мұны ақылмен қабылдауға да, нақыл тұрғысынан мойындауға да кедергі жоқ», – дейді ол. Кейбір ханафи ғалымдары былай деген: «Мұндағы мақсат Қара тастың мәртебесін көрсету әрі күнә мен қателікті барынша айыптау болуы мүмкін. Онда мағынасы мынадай: “Хажар әл-Әсуад – даңқы, қасиеті мен берекесі жағынан жәннат жақұттарының бірі. Жәннаттан сол қалпында түскен. Адамның күнәсі жансыз нәрсеге де әсер етіп, кіршіксіз ақ заттың өзін қарайтуға жетеді”. Немесе: “Ол – күнәні өшіретін жәннат тасы. Алғашында аппақ еді, адамның көп күнәсі оны қарайтты”».
Осыны қуаттайтын тағы бір дерек бар. Басында тастың ақ дақтары болған, қарасы көбейе келе тұтас қарайған. Хадисте былай делінген: «Адам күнә істегенде жүрегінде қара дақ пайда болады. Күнә жасаған сайын қара дақтар көбейеді. Бұл хал жалғаса берсе, күнәлар жүректі қарайтып, қатайтады. Содан ол мына аятта айтылған адамдардың қатарына қосылады: ﴿كَلَّا بَلْ رَانَ عَلَىٰ قُلُوبِهِم مَّا كَانُوا۟ يَكْسِبُونَ﴾ “Жоқ! Әсте, олай емес! Олардың істеген күнәлары жүректерін әбден қарайтып тастаған”» («Мұтаффифин», 14).
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ، عَنْ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ قَالَ: «إِنَّ الْعَبْدَ إِذَا أَخْطَأَ خَطِيئَةً نُكِتَتْ فِي قَلْبِهِ نُكْتَةٌ سَوْدَاءُ، فَإِذَا هُوَ نَزَعَ وَاسْتَغْفَرَ وَتَابَ سُقِلَ قَلْبُهُ، وَإِنْ عَادَ زِيدَ فِيهَا حَتَّى تَعْلُوَ قَلْبَهُ، وَهُوَ الرَّانُ الَّذِي ذَكَرَ اللَّهُ: ﴿كَلَّا بَلْ رَانَ عَلَىٰ قُلُوبِهِمْ مَا كَانُوا يَكْسِبُونَ﴾».
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.а.с.) былай деген: «Адам күнә істегенде, жүрегінде қара дақ пайда болады. Егер ол күнәсін тастап, кешірім тілеп, тәубе етсе, жүрегі тазарады. Күнәға қайта оралса, қара дақ көбейіп, ақыры жүрегін тұмшалайды. Алланың мына аятта айтқан таты – сол: ﴿كَلَّا بَلْ رَانَ عَلَىٰ قُلُوبِهِم مَّا كَانُوا۟ يَكْسِبُونَ﴾ “Жоқ! Әсте, олай емес! Олардың істеген күнәлары жүректерін әбден қарайтып тастаған”».2
Қорыта айтқанда, Хажар әл-Әсуад өте таза, аппақ шыны (айна).
Таза емес нәрсе тисе, дереу өзгеріп, тұтас қарайып кетеді. Парасат иелерінің осы сөздері Хажар әл-Әсуадқа да қатысты.
Ибн Хажар былай дейді: «Кейбір дінсіздер: “Мүшріктердің күнәсі тасты қарайтса, тәухид иелерінің құлшылығы оны неге ағартпайды?” – деп хадиске қарсы уәж айтқан. Бұған Ибн Қутайбаның сөзімен жауап беріледі: “Алла қаласа, бұлай да болар еді. Бірақ Алла бұл істе Қара тастың қарайған күйінде қалуын қалады”». Мұхибб әт-Табари: «Тастың қарайғанынан көкірек көзі ашық адам ғибрат алады. Күнә қатты тасқа әсер етсе, жүрекке одан да қатты әсер етеді», – деген. Ибн Аббас риуаятында жер бетіндегілер жәннат әшекейін көрмесін деп тастың қарайтылғаны айтылады. Бұл риуаят сахих болса, істің ақиқаты осы.