Хадис

Кутуб ситтә, № 4583

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
692. Меккенің артықшылығы
Нөмірі
№ 4583 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
4583
Кутуб ситтә, № 4583 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Сағид (р.а.)

وَعَنْ أَبِي سَعِيدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: لَا تُشَدُّ الرِّحَالُ إِلَّا إِلَى ثَلَاثَةِ مَسَاجِدَ: اَلْمَسْجِدِ الْحَرَامِ، وَمَسْجِدِ الرَّسُولِ ﷺ، وَالْمَسْجِدِ الْأَقْصَى». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағид (р.а.) жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Арнайы сапар үш мешітке ғана жасалады: әл-Харам мешітіне, Пайғамбар мешітіне және Ақса мешітіне”, – деді».1

Түсіндірме

وَالْمُرَادُ: لَا يُقْصَدُ مَوْضِعٌ مِنَ الْمَوَاضِعِ بِنِيَّةِ الْعِبَادَةِ وَالتَّقَرُّبِ إِلَى اللَّهِ إِلَّا هَذِهِ الْأَمَاكِنَ الثَّلَاثَةَ تَعْظِيمًا لِشَأْنِهَا وَتَشْرِيفًا.

1. Расулалла (с.а.с.) осы үш мешітті арнайы сапардың мақсаты етіп, оларға баруға ынталандырған. Ғалымдардың түсіндіруінше, осы хадис өзге мешіттерді арнайы сапардың мақсаты етуге тыйым салады.

2. Хадисте сапарға шығу «шәдду рихал», яғни «түйені ерттеу» деген тіркеспен берілген. «Рихал» – «рахл» сөзінің көпше түрі, түйеге салатын ер-тоқымның жалпы атауы. Ол кезде арабтар көбіне түйемен жолға шыққандықтан, сапар жайында осы тіркес қолданылған. Сапарға атпен, қашырмен, есекпен немесе басқа көлікпен шығу да осы мағынаға кіреді.

3. Хадис осы үш мешіттің құтты, қасиетті орындар екенін білдіреді.

Әл-Харам мешіті деген атау бүкіл Харам аймағын білдіреді деген пікір бар. Кей ғалымдар Харамның намаз оқылатын жерлері ғана меңзеліп, үйлер мен құлшылық жасалмайтын өзге жерлер бұған кірмейді деген. Енді бір ғалымдар «әл-Харам мешіті» деп Қағбаның өзі айтылған деп, дәлелге Нәсәидегі إِلَّا الْكَعْبَةَ деген нұсқаны келтіреді. Ибн Хузәйма: «Алла Тағаланың ﴿إِنَّ ٱلَّذِينَ كَفَرُوا۟ وَيَصُدُّونَ عَن سَبِيلِ ٱللَّهِ وَٱلْمَسْجِدِ ٱلْحَرَامِ ٱلَّذِى جَعَلْنَٰهُ لِلنَّاسِ سَوَآءً ٱلْعَٰكِفُ فِيهِ وَٱلْبَادِ﴾ “Өздері күпірлік қылғанмен қоймай, өзге ел-жұрттың да Алланың жолына түсуіне әрі олардың мейлі Меккеде тұрсын, мейлі сахарадан келсін, барлық адамдарға ортақ құбыла және құлшылық орнына айналдырылған Харам мешітіне кіруіне бөгет болатындарға келсек”2 деген сөзінде бүкіл Харам өңірі меңзелсе әрі әл-Харам мешітінің атауы оның бар жеріне қатысты болса, онда ол жерде құдық пен қабір қазуға, дәрет сындыруға және лас нәрсе тастауға рұқсат болмас еді», – деген. Сөзін жалғап: «Аталған істерге бірде-бір ғалым тыйым салмаған. Сол сияқты Меккеге хайыздағы әйел мен жүніп адамның кіруіне немесе онда ерлі-зайыптылардың жақындасуына тыйым салған фақиһты да білмейміз. Бүкіл аймақ мешіт саналғанда, Меккедегі кез келген үйде иғтикаф жасауға рұқсат болар еді. Олай деген ешкімді таппадық», – дейді. Ибн Хажар осы пікірді келтіріп, әл-Харам мешітімен бүкіл Харам аймағы меңзеледі деген түсіндірменің Ибн Аббас, Ата және Мүжәһидтен жеткенін айтқан. Харам аймағы тұтастай мешіт саналғандықтан, алғашқы пікір басшылыққа алынған.

Пайғамбар мешітін Мәдинада Расулалла Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) салдырған. Хадистің кейбір нұсқасында оны «менің мешітім» деп атаған. Бұл тіркес Расулалла (с.а.с.) кезінде намаз оқылған жермен шектелмейді. Ғалымдар дәлелдерге сүйеніп, кейін кеңейтіліп қосылған бөліктер де сол мешітке жататынын айтқан. Әбу Һурайраның бір риуаятында Расулалла (с.а.с.): «Кейін бұл мешітке қосымша жер қосылып, кеңейтілсе, ол да менің мешітім болады», – деген. Өзге риуаятта: «Ол Санаға дейін кеңейтілсе де, менің мешітім болады», – делінген.

Ақса мешіті Иерусалимде орналасқан. «Ақса» сөзі «ең шалғайдағы» дегенді білдіреді. Мешіттің осылай аталуына қатысты бірнеше пікір айтылған.

4. Бір пікірде ол әл-Харам мешітінен шалғай жатқандықтан осылай аталған делінеді. Кей ғалымдар мұны оның әл-Харам мешітінен едәуір кейін салынуымен байланыстырады. Оларға: «Сахих хадисте екеуінің арасы қырық жыл делінген. Бұл соншалық ұзақ уақыт емес», – деген уәж айтылған.

Зәмахшари: «Одан әріде басқа мешіт болмағандықтан, Ақса деп аталған», – деген.

Енді бір пікірде ол кір атаулыдан аулақ, таза болғандықтан Ақса деп аталған.

Ақса мешіті Мәдина мешітіне қарағанда әл-Харам мешітінен әлдеқайда шалғайда. Бәйт әл-Мақдистің өзге де жиырма шақты атауы бар. Солардың ішінде Илия, Бәйт әл-Муқаддас, Бәйт әл-Құдыс, Шәлләм, Шәлам, Селим Эури, Қурә және Байтайл аталады.

5. Ғалымдар аталған үш мешіттен өзге қасиетті орындарға намаз оқу үшін, сондай-ақ көзі тірі не дүниеден өткен ізгі адамдарды тәбәрік мақсатында зиярат ету үшін арнайы сапар шегуге бола ма деген мәселеде әртүрлі пікір айтқан.

Шейх Мұхаммед әл-Жуәйни: «Хадистің тура мағынасын алсақ, осы үшеуінен басқа мешітке арнайы сапар шегу харам», – деген. Қади Хусайн бұл пікірді құптайтынын аңғартқан. Ияз және бір топ ғалым осы пікірді қабылдаған. Басқа ғалымдар хадистегі тыйым мешіттерге ғана қатысты деп түсіндірген. Білім алу, сауда жасау, тақуа кісілер мен шейіттердің қабірін зиярат ету немесе дос-жаранға бару мақсатында сапар шегу бұған кірмейді.

Нәуәуи ғалымдардың көпшілігінен жеткен пікірді келтіріп, бұл хадиске сәйкес, аталған үшеуінен өзге мешітке арнайы сапар шегудің ерекше артықшылығы жоқ екенін айтқан.

Ибн Батталдың айтуынша, ғалымдар бұл хадисті нәзірге қатысты түсіндірген. Яғни бір адам осы үш мешіттің бірінен өзге мешітте намаз оқуды нәзір етсе, оны орындау міндет пе? Осы сұраққа бұл хадис жауап береді.

عَنْ جَابِرِ بْنِ عَبْدِ اللَّهِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: «أَنَّ رَجُلًا قَامَ يَوْمَ الْفَتْحِ فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنِّي نَذَرْتُ لِلَّهِ إِنْ فَتَحَ اللَّهُ عَلَيْكَ مَكَّةَ أَنْ أُصَلِّيَ فِي بَيْتِ الْمَقْدِسِ رَكْعَتَيْنِ. قَالَ: صَلِّ هَا هُنَا. ثُمَّ أَعَادَ عَلَيْهِ فَقَالَ: صَلِّ هَا هُنَا. ثُمَّ أَعَادَ عَلَيْهِ فَقَالَ: شَأْنَكَ إِذًا».

Жәбир (р.а.) мына хадисті риуаят еткен: «Мекке алынған күні бір адам орнынан тұрып: “Уа, Алла Елшісі! Алла сізге Меккені алуды нәсіп етсе, Бәйтул-Мақдисте екі рәкат намаз оқимын деп Аллаға нәзір еттім”, – деді. Алла Елшісі (с.а.с.): “Осында оқы!” – деді. Әлгі адам сөзін қайталағанда, ол: “Осында оқы!” – деді. Ол сөзін тағы қайталағанда: “Ендеше, өзің біл”, – деді».3

• Имам Мәлик: «Біреу сапар шегіп қана жететін мешітте намаз оқуды нәзір етсе, ол мешітке баруы міндетті емес. Намазды өзі тұратын жердегі мешітте оқиды. Ал осы үш мешіттің бірінде намаз оқуды нәзір етсе, сол мешітке баруға міндетті», – деген.

• Ибн Баттал: «Кімде-кім ізгі адамдардың мешітінде нәпіл намаз оқып, олардың берекесіне ортақ болуды қаласа, бұл – мүбаһ», – дейді. Ол сөзін былай жалғастырады: «Осы үш мешіттен басқа бір мешітке намаз оқу не иғтикаф жасау үшін баруды нәзір еткен адамға сол нәзірін орындау міндетті емес. Өйткені басқа мешіттердің бір-бірінен мұндай артықшылығы жоқ. Кез келген мешітте намаз оқыса жеткілікті». Нәуәуи: «Бұл мәселеде талас жоқ», – десе де, Ләйстен нәзірді орындау уәжіп деген пікір жеткен. Ханбалилерден жеткен бір риуаятта «Ол анттың кәффаратын өтейді, нәзірін орындауы шарт емес» делінген.

• Аталған үш мешіттің бірінде намаз оқуды нәзір еткен адамға сол жерге бару Имам Мәлик, Шәфиғи және Ахмадтың пікірінше уәжіп. Әбу Ханифа мұны уәжіп санамаған. Шәфиғи «әл-Умм» еңбегінде: «Тек Харам мешітіне қатысты нәзір уәжіп. Өйткені қажылық амалдары сол мешітпен байланысты», – деген. Ибн әл-Мунзир Харамайнға қатысты нәзірді орындауды уәжіп санап, Ақса мешітіне қатысты нәзірге ондай үкім бермеген. Бұған қатысты Жәбир (р.а.) мына хадисті риуаят еткен: «Бір адам Алла елшісіне (с.а.с.): “Алла Тағала сізге Меккені алуды нәсіп етсе, Бәйтул-Мақдисте намаз оқимын деп нәзір еттім”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.): “Осында оқы!” – деді».

• Имам Шәфиғи Харам мешітінде намаз оқуды нәзір еткен адамға сол жерге бару уәжіп деп есептейді. Өйткені мешіт Харам аймағына кіреді. Ал «Меккеге барамын» деп нәзір еткен адам қажылықты меңзесе ғана оған бару уәжіп болады. Кейбір ғалымдар Харам аймағын біртұтас санап, мұндай жіктеуді құптамаған. Әр-Рафиғи: «Адамның “Харам аймағына барамын”, “Харам мешітіне барамын”, “Меккеге барамын” немесе Харам ішіндегі Сафа, Мәруа, Хайф мешіті секілді бір жерді атап, “Сол жерге барамын” деуінің үкімі бір. Бұлардың бәрі “Бәйтуллаһ әл-Харамға барамын” дегенмен бірдей. Тіпті “Әбу Жәһилдің үйіне барамын” десе де, үкім өзгермейді», – дейді. Әбу Ханифа «Бәйтуллаһқа», «Меккеге», «Қағбаға» немесе «Ибраһим мақамына» деп қажылық амалдары орындалатын жерлерді анық атамайынша, оларға бару уәжіп болмайтынын айтқан.

6. Бұл мешіттердің басқа мешіттерден қаншалық артық екені келесі хадисте санмен көрсетіледі.

  1. 1Бұхари, Фазаилус-салат 6, Хажж 26, Саум 67; Мүслим, Хажж 288 (827); Тирмизи, Салат 243 (326).
  2. 2«Хаж», 25.
  3. 3Әбу Дәуіт, «Айман уән-нузур», №3305.