Хадис

«Кәһф» сүресі

Кутуб ситтә, 2-том, 70-тарау · 9 хадис · № 693–701

СҮРЕЛЕРДІҢ ТҮСУ СЕБЕПТЕРІ

Хадистер

693
Кутуб ситтә, № 693 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Дәрда (р.а.)

عَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مَنْ حَفِظَ عَشْرَ آيَاتٍ مِنْ أَوَّلِ سُورَةِ الْكَهْفِ عُصِمَ مِنْ فِتْنَةِ الدَّجَّالِ». وَرُوِيَ: «مِنْ آخِرِ سُورَةِ الْكَهْفِ». أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ، وَعِنْدَ التِّرْمِذِيِّ: «مَنْ قَرَأَ ثَلَاثَ آيَاتٍ مِنْ أَوَّلِ الْكَهْفِ عُصِمَ مِنْ فِتْنَةِ الدَّجَّالِ»، وَقَالَ: «حَسَنٌ صَحِيحٌ».

Қазақша аудармасы

Әбуд-Дәрда (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізеді: «Кім “Кәһф” сүресінің басынан он аят жаттаса, Тажалдың бүлігінен қорғалады». Бір риуаятта «“Кәһф” сүресінің соңынан» делінген. Тирмизи келтірген нұсқада: «Кім “Кәһф” сүресінің басынан үш аят оқыса, Тажалдың бүлігінен қорғалады», – делінеді. Тирмизи оны «хасан, сахих» деп бағалаған.1

Түсіндірме

Артықшылығы сахих риуаяттарда айтылған сүрелердің бірі – «Кәһф». Усәйд ибн Худайр (р.а.) осы сүрені түнде оқып отырғанда, аты үркіп кетеді. Атын тыныштандыру үшін орнынан тұрса, көктен ішінде шырақтары бар, шатыр тәрізді бір нәрсе түсіп келе жатқанын көреді. Ертеңінде көргенін айтқанда, Алла елшісі (с.а.с.): «Ол – сәкина. Шырақ тәрізді көрінгендер – Құран оқығаныңды тыңдауға келген періштелер», – деп жауап береді. Бұл туралы № 427–428 хадистердің түсіндірмесінде айттық. Бір риуаятта сол түні «Бақара» сүресі оқылғаны да айтылады.

Ибн Хажар бұл оқиға бірнеше рет қайталануы немесе сол жолы екі сүре де оқылуы мүмкін екенін айтып, риуаяттарды осылайша үйлестіреді.

Ғалымдар «Кәһф» сүресін оқыған кісінің Тажалдың бүлігінен қорғалуын былай түсіндіреді: «Сүреде таңғажайып жайттар баяндалады. Оларды ой елегінен өткізіп, мағынасын ұғып оқыған адам Тажалдың азғыруына қарсы сақ болады». Құртуби мен Нәуәуи бұл мәселеде бір пікірде. № 5009 хадистің түсіндірмесінде айтылғандай, Тажал – адамдарды қорқытып әрі дүние қызығына азғырып, Исламнан алыстатуға тырысатын ақырзаман тұлғаларының бірі. Ол Исламға қайшы қағидаларын діннің орнына өткізуге тырысып, ақырында өзін құдаймын деп жариялайды.

«Кәһф» сүресінің алғашқы аяттары Алланың жалғыз екенін, дүние тіршілігі мен оның нығметтері сынақ екенін еске салады. Одан кейін Алладан басқаға табынушыларға ермеу үшін дүние қызығын тастап, үңгірді паналаған жастардың қиссасы баяндалады. Алла елшісінің (с.а.с.) осы сүрені Тажалмен байланыстыруынан мынадай ғибрат аңғарылады: ақырзаманда Тажал алдымен жастарды азғыруға тырысып, әйел, ақша, мансап секілді дүние қызығын қару етеді. Дінін сақтау үшін сол қызықтан бас тартып, Алланың разылығын бәрінен жоғары қойған жастар, қажет болса, үңгірге паналағандардай өз еркімен таршылықты таңдап, бұл бүліктен аман қала алады. Дұрысын Алла біледі!

  1. 1Мүслим, «Салатул-мусафирин», 257 (809a–b). Әбу Дәуіт, «Мәләхим», 14 (4323). Тирмизи, «Фәдаилул-Құран», 6 (2886, кей басылымда 2888).
694
Кутуб ситтә, № 694 · тараудағы реті: 2

وَعَنِ ابْنِ الْمُسَيَّبِ قَالَ: «الْبَاقِيَاتُ الصَّالِحَاتُ هِيَ قَوْلُ الْعَبْدِ: اللَّهُ أَكْبَرُ، وَسُبْحَانَ اللَّهِ، وَالْحَمْدُ لِلَّهِ، وَلَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ، وَلَا حَوْلَ وَلَا قُوَّةَ إِلَّا بِاللَّهِ». أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ибн әл-Мусайяб «Дүние-мүлік пен бала-шаға – қу тіршіліктің сәні. Ал мәңгі-бақи зая болмайтын иманға негізделген игі істер болса, Раббыңның құзырында сауап тұрғысынан да, оларға үміт арту жағынан да әлдеқайда қайырлы»1 деген аятты былай түсіндірген: «“Мәңгі-бақи зая болмайтын иманға негізделген игі істер” – құлдың “Аллаһу әкбар”, “Субханаллаһ”, “Әлхамду лилләһ”, “Лә иләһә иллаллаһ”, “Лә хаулә уә лә қууата иллә билләһ” деп айтатын сөздері».2

Түсіндірме

Ғалымдар аяттағы «әл-бақиятус-салихат» деген сөздің мәні туралы бірін-бірі толықтыратын бірнеше пікір айтқан.

1. Жоғарыда айтылғандай, Ибн әл-Мусайяб мұны «Алланы танып-білуде тереңдікке жетелейтін сөздер» деп түсіндірген.

2. Кейбір ғалымдар оны «бес уақыт намаз» деп түсінген.

3. Бір пікір бойынша, мұнда «әр алуан ізгі сөздер» меңзелген.

4. Тағы бір пікір бойынша, «бұған Алланы танып-білуге, сүюге және Оған қызмет етуге жетелейтін әрбір сөз бен іс жатады. Адамдарды жұрттың жай-күйімен әуре болуға жетелейтін сөздер мен істер бұған кірмейді».

  1. 1«Кәһф» сүресі, 46-аят.
  2. 2Мәлик, «Муатта», «Құран», 22 (1/210).
695
Кутуб ситтә, № 695 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ سَعِيدِ بْنِ جُبَيْرٍ قَالَ: «قُلْتُ لِابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا: إِنَّ نَوْفًا الْبِكَالِيَّ يَزْعُمُ أَنَّ مُوسَى بَنِي إِسْرَائِيلَ لَيْسَ بِمُوسَى صَاحِبِ الْخِضْرِ. فَقَالَ: كَذَبَ عَدُوُّ اللَّهِ، سَمِعْتُ أُبَيَّ بْنَ كَعْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: قَامَ مُوسَى عَلَيْهِ السَّلَامُ خَطِيبًا فِي بَنِي إِسْرَائِيلَ. فَسُئِلَ أَىُّ النَّاسِ أَعْلَمُ؟ فَقَالَ: أَنَا أَعْلَمُ. فَعَتَبَ اللَّهُ عَلَيْهِ إِذْ لَمْ يَرُدَّ الْعِلْمَ إِلَيْهِ فأَوْحَى اللَّهُ إِلَيْهِ أَنَّ عَبْدًا مِنْ عِبَادِي بِمَجْمَعِ الْبَحْرَيْنِ هُوَ أَعْلَمُ مِنْكَ. فَقَالَ: أَيْ رَبِّ: وَكَيْفَ لِي بِهِ؟ فَقِيلَ لَهُ: احْمِلْ حُوتًا فِي مِكْتَلٍ فَحَيْثُ تَفْقِدُ الْحُوتَ فَهُوَ ثَمَّ. فَانْطَلَقَ وَانْطَلَقَ مَعَهُ فَتَاهُ يُوشَعُ بْنُ نُونٍ، فَحَمَلَ مُوسَى عَلَيْهِ السَّلَامُ حُوتًا فِي مِكْتَلٍ وَانْطَلَقَ هُوَ وَفَتَاهُ يَمْشِيَانِ حَتَّى أَتَيَا الصَّخْرَةَ. فَرَقَدَ مُوسَى وَفَتَاهُ وَاضْطَرَبَ الْحُوتُ فِي الْمِكْتَلِ حَتَّى خَرَجَ فَسَقَطَ فِي الْبَحْرِ وَأَمْسَكَ اللَّهُ عَنْهُ جِرْيَةَ الْمَاءِ حَتَّى كَانَ مِثْلَ الطَّاقِ، فَكَانَ لِلْحُوتِ سَرَبًا، وَلِمُوسَى وَفَتَاهُ عَجَبًا. فَانْطَلَقَا بَقِيَّةَ يَوْمِهِمَا وَلَيْلَتِهِمَا وَنَسِيَ صَاحِبُ مُوسَى أَنْ يُخْبِرَهُ. فَلَمَّا أَصْبَحَ مُوسَى عَلَيْهِ السَّلَامُ قَالَ لِفَتَاهُ آتِنَا غَدَاءَنَا لَقَدْ لَقِينَا مِنْ سَفَرِنَا هَذَا نَصَبًا. قَالَ وَلَمْ يَنْصَبْ حَتَّى جَاوَزَ الْمَكَانَ الَّذِي أُمِرَ بِهِ. قَالَ أَرَأَيْتَ إِذْ أَوَيْنَا إِلَى الصَّخْرَةِ؟ فَإِنِّي نَسِيتُ الْحُوتَ، وَمَا أَنْسَانِيهُ إِلَّا الشَّيْطَانُ أَنْ أَذْكُرَهُ وَاتَّخَذَ سَبِيلَهُ فِي الْبَحْرِ عَجَبًا. قَالَ مُوسَى: ذَلِكَ مَا كُنَّا نَبْغِي فَارْتَدَّا عَلَى آثَارِهِمَا قَصَصًا. قَالَ: يَقُصَّانِ آثَارَهُمَا حَتَّى أَتَيَا الصَّخْرَةَ، فَرَأَى رَجُلًا مُسَجًّى عَلَيْهِ ثَوْبٌ فَسَلَّمَ عَلَيْهِ مُوسَى عَلَيْهِ السَّلَامُ. فَقَالَ لَهُ الْخِضْرُ عَلَيْهِ السَّلَامُ: وَأَنَّى بِأَرْضِكَ السَّلَامُ؟ فَقَالَ: أَنَا مُوسَى. قَالَ: مُوسَى بَنِي إِسْرَائِيلَ؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: إِنَّكَ عَلَى عِلْمٍ مِنْ عِلْمِ اللَّهِ تَعَالَى عَلَّمَكَهُ اللَّهُ تَعَالَى لَا أَعْلَمُهُ، وَأَنَا عَلَى عِلْمٍ مِنْ عِلْمِ اللَّهِ تَعَالَى عَلَّمَنِيهِ لَا تَعْلَمُهُ. قَالَ مُوسَى: هَلْ أَتَّبِعُكَ عَلَى أَنْ تُعَلِّمَنِي مِمَّا عُلِّمْتَ رُشْدًا، قَالَ إِنَّكَ لَنْ تَسْتَطِيعَ مَعِيَ صَبْرًا، وَكَيْفَ تَصْبِرُ عَلَى مَا لَمْ تُحِطْ بِهِ خُبْرًا؟ قَالَ سَتَجِدُنِي إِنْ شَاءَ اللَّهُ صَابِرًا وَلَا أَعْصِي لَكَ أَمْرًا. قَالَ لَهُ الْخِضْرُ: فَإِنِ اتَّبَعْتَنِي فَلَا تَسْأَلْنِي عَنْ شَيْءٍ حَتَّى أُحْدِثَ لَكَ مِنْهُ ذِكْرًا. قَالَ نَعَمْ: فَانْطَلَقَ الْخِضْرُ وَمُوسَى يَمْشِيَانِ عَلَى سَاحِلِ الْبَحْرِ فَمَرَّتْ بِهِمَا سَفِينَةٌ فَكَلَّمَاهُمْ أَنْ يَحْمِلُوهُمَا فَعَرَفُوا الْخِضْرَ فَحَمَلُوهُمَا بِغَيْرِ نَوْلٍ فَعَمَدَ الْخِضْرُ إِلَى لَوْحٍ مِنْ أَلْوَاحِ السَّفِينَةِ فَنَزَعَهُ. فَقَالَ لَهُ مُوسَى: قَوْمٌ حَمَلُونَا بِغَيْرِ نَوْلٍ عَمَدْتَ إِلَى سَفِينَتِهِمْ فَخَرَقْتَهَا لِتُغْرِقَ أَهْلَهَا لَقَدْ جِئْتَ شَيْئًا إِمْرًا. قَالَ أَلَمْ أَقُلْ إِنَّكَ لَنْ تَسْتَطِيعَ مَعِيَ صَبْرًا؟ قَالَ لَا تُؤَاخِذْنِي بِمَا نَسِيتُ وَلَا تُرْهِقْنِي مِنْ أَمْرِي عُسْرًا. ثُمَّ خَرَجَا مِنَ السَّفِينَةِ فَبَيْنَمَا هُمَا يَمْشِيَانِ عَلَى السَّاحِلِ إِذَا غُلَامٌ يَلْعَبُ مَعَ الْغِلْمَانِ فَأَخَذَ الْخِضْرُ عَلَيْهِ السَّلَامُ بِرَأْسِهِ فَاقْتَلَعَهُ بِيَدِهِ فَقَتَلَهُ. فَقَالَ لَهُ مُوسَى عَلَيْهِ السَّلَامُ: أَقَتَلْتَ نَفْسًا زَكِيَّةً بِغَيْرِ نَفْسٍ؟ لَقَدْ جِئْتَ شَيْئًا نُكْرًا. قَالَ أَلَمْ أَقُلْ لَكَ إِنَّكَ لَنْ تَسْتَطِيعَ مَعِيَ صَبْرًا؟ قَالَ: وَهَذِهِ أَشَدُّ مِنَ الْأُولَى. قَالَ: إِنْ سَأَلْتُكَ عَنْ شَيْءٍ بَعْدَهَا فَلَا تُصَاحِبْنِي قَدْ بَلَغْتَ مِنْ لَدُنِّي عُذْرًا. فَانْطَلَقَا حَتَّى إِذَا أَتَيَا أَهْلَ قَرْيَةٍ اسْتَطْعَمَا أَهْلَهَا فَأَبَوْا أَنْ يُضَيِّفُوهُمَا فَوَجَدَا فِيهَا جِدَارًا يُرِيدُ أَنْ يَنْقَضَّ؛ يَقُولُ مَائِلٌ. فَقَالَ الْخِضْرُ عَلَيْهِ السَّلَامُ بِيَدِهِ هَكَذَا فَأَقَامَهُ. قَالَ لَهُ مُوسَى عَلَيْهِ السَّلَامُ: قَوْمٌ أَتَيْنَاهُمْ فَلَمْ يُضَيِّفُونَا وَلَمْ يُطْعِمُونَا لَوْ شِئْتَ لَاتَّخَذْتَ عَلَيْهِ أَجْرًا. قَالَ هَذَا فِرَاقُ بَيْنِي وَبَيْنِكَ. سَأُنَبِّئُكَ بِتَأْوِيلِ مَا لَمْ تَسْتَطِعْ عَلَيْهِ صَبْرًا. قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: رَحِمَ اللَّهُ مُوسَى، لَوَدِدْتُ أَنَّهُ كَانَ صَبَرَ حَتَّى يُقَصَّ عَلَيْنَا مِنْ أَخْبَارِهِمَا. وَقَالَ ﷺ: كَانَتِ الأُولَى مِنْ مُوسَى نِسْيَانًا. قَالَ: فَجَاءَ عُصْفُورٌ حَتَّى وَقَعَ عَلَى حَرْفِ السَّفِينَةِ ثُمَّ نَقَرَ فِي الْبَحْرِ فَقَالَ لَهُ الْخِضْرُ: مَا نَقَصَ عِلْمِي وَعِلْمُكَ وَعِلْمُ الْخَلَائِقِ مِنْ عِلْمِ اللَّهِ تَعَالَى إِلَّا مِثْلَ مَا نَقَصَ هَذَا الْعُصْفُورُ مِنَ الْبَحْرِ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ والتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сағид ибн Жубәйр былай дейді: «Ибн Аббасқа (р.а.): “Нәуф әл-Бикали Исрайыл ұлдарының пайғамбары Мұса (а.с.) мен Қызырдың жолдасы Мұсаны екі бөлек адам деп жүр”, – дедім. Ол: “Алланың дұшпаны жалған айтыпты. Мына әңгімені Алла елшісінен (с.а.с.) өз құлағымен естіген Убәй ибн Кәғб (р.а.) маған жеткізді”, – деп, оқиғаны былай жеткізді. Мұса (а.с.) Исрайыл ұлдарына құтпа айту үшін орнынан тұрды. Одан “Адамдардың ең білімдісі кім?” деп сұрағанда, “Мен ең білімдімін”, – деді. “Аллаһу әғләм”, яғни “Алла жақсы біледі” деп, ілімді Аллаға телімегені үшін Алла тағала оған ескерту жасап: “Екі теңіздің тоғысқан жерінде Менің сенен де білімді бір құлым бар”, – деп уахи етті. Мұса (а.с.): “Уа, Раббым, оны қалай табамын?” – деп сұрады. Сонда оған: “Себетке балық салып, өзіңмен бірге алып жүр. Оны қай жерде жоғалтсаң, әлгі құл сол жерде”, – делінді. Мұса бұйырылғандай себетке балық салып, қызметшісі Юшағ ибн Нунды ертіп жолға шықты. Екеуі бір жартасқа жетіп, сол жерде жатып демалды. Сол кезде балық себетте тулап, одан шығып теңізге түсті. Алла судың ағысын тоқтатып, су балықтың үстінде доға тәрізді болып қалды. Суда балыққа жол ашылды. Бұл көрініс Мұса мен жолсерігін таңғалдырды. Екеуі күннің қалған бөлігі мен түні бойы жүрді. Мұсаның жолсерігі балық жайын оған айтуды ұмытып кетті. Таң атқанда Мұса (а.с.): “Таңғы асымызды әкел, бұл сапарда әжептәуір шаршадық”, – деді. Ол Алла көрсеткен жерден асып кеткенше шаршамаған еді. Жолсерігі: “Жартасты паналағанымыз есіңде ме? Балықты сол жерде ұмытыппын. Оны саған айтуды маған шайтан ұмыттырды. Балық таңғаларлық түрде теңізге жол тауып кетіпті”, – деді. Мұса (а.с.): “Біздің іздегеніміз осы еді”, – деді. Екеуі өз іздерімен кері қайтып, жартасқа жетті. Мұса (а.с.) сол жерде жамылып жатқан бір кісіні көріп, сәлем берді. Қызыр (а.с.) оған тіл қатты:

– Сенің жеріңде мұндай сәлем қайдан болсын? – деді Қызыр.

– Мен Мұсамын.

– Исрайыл ұлдарының Мұсасы ма?

– Иә.

– Алла саған мен білмейтін бір ілімді үйретті. Маған да сен білмейтін бір ілімді үйретті.

– Өзіңе үйретілген тура ілімнен маған да үйретуің үшін қасыңа ерсем бола ма?

– Сен менімен бірге жүруге шыдамайсың. Мән-жайын толық білмейтін нәрсеге қалай сабыр етпексің?

– Алла қаласа, сабыр ететінімді көресің. Ешбір әміріңе қарсы шықпаймын.

– Маған ерсең, мәнін өзім айтқанша менен ештеңе сұрама.

– Жарайды, – деді Мұса. Сөйтіп, екеуі бірге жолға шықты.

Теңіз жағалап келе жатқан екеуінің алдынан бір кеме өтті. Олар кемешілерден өздерін ала кетуді өтінді. Кемешілер Қызырды (а.с.) танып, екеуін ақысыз мінгізіп алды. Қызыр (а.с.) кеме тақтайларының бірін суырып алып тастады. Мұса (а.с.) оған қарсылық білдірді:

– Мына кісілер бізді ақысыз мінгізді. Ал сен олардың кемесін адамдары суға батсын деп тестің бе? Не деген ауыр іс істедің! – деді Мұса.

– Менімен бірге жүруге шыдамайсың деп айтпап па едім? – деді Қызыр.

– Ұмытып кеткенім үшін айыптама, бұл ісіме бола маған қиындық келтірме, – деп өтінді Мұса.

Содан кейін екеуі кемеден түсіп, жағамен жүріп келеді. Бір топ баламен ойнап жүрген баланы көреді. Қызыр (а.с.) оны басынан ұстап, қолымен басын жұлып алып, өлтірді. Мұса (а.с.) тіл қатты:

– Ешкімді өлтірмеген жазықсыз жанды өлтірдің бе? Не деген сұмдық іс істедің! – деді.

– Саған менімен бірге жүруге шыдамайсың деп айтпап па едім? – деді Қызыр. Бұл жолғы ескерту алғашқыдан да қатаң еді. Сонда Мұса былай деді:

– Бұдан кейін бір нәрсе сұрасам, мені жолдас етпе. Олай етуіңе жеткілікті себеп бердім, – деді Мұса. Екеуі әрі қарай жүріп, бір ауылға жетті. Тұрғындарынан ас-ауқат сұрап еді, олар екеуін қонақ етуден бас тартты. Сол ауылда құлағалы тұрған бір дуалды көрді. Қызыр қолымен нұсқап: “Қисайып кетіпті”, – деді де, оны тіктеп қойды. Мұса (а.с.) оған тіл қатты:

– Біз келген бұл жұрт қонақ қылмады, ас та бермеді. Қаласаң, мына еңбегіңе ақы алуыңа болар еді, – деді.

– Міне, екеуіміздің айырылысатын жеріміз осы. Енді сабыр ете алмаған істеріңнің мәнін айтып берейін, – деді Қызыр».

Алла елшісі (с.а.с.): «Алла Мұсаға рақым етсін! Сабыр сақтағанда, екеуінің тағы қандай оқиғаға кез болғанын бізге баяндап берер еді», – деді.

Алла елшісі (с.а.с.) Мұсаның бірінші жолы ұмытып кеткенін айтты. Бір торғай кеменің жиегіне қонып, теңізден тұмсығымен су іліп алған екен. Сонда Қызыр Мұсаға: «Мына торғайдың тұмсығына ілінген су теңіздің жанында қаншалық аз болса, Алланың ілімінің жанында менің де, сенің де, бүкіл жаратылыстың да ілімі соншалық аз», – деген.1

Түсіндірме

«الْمِكْتَلُ» بِكَسْرِ الْمِيمِ: الزِّنْبِيلُ الْكَبِيرُ. «وَجِرْيَةُ الْمَاءِ» بِالْكَسْرِ حَالَةُ الْجَرَيَانِ، «وَالسَّرَبُ» بِالتَّحْرِيكِ: الْمَسْلَكُ فِي خَفِيَّةِ. «وَالنَّوْلُ» الْأَجْرُ وَالْجَعْلُ.

Мәтіндегі «миктәл» – үлкен себет, «жирятул-ма» – судың ағуы, «сараб» – жасырын жол, ал «наул» – ақы немесе сый.

1. Нәуф әл-Биқали (есімін әл-Баққали деп оқығандар да бар) – табиғин, Бақал тайпасынан шыққан. Әкесінің аты – Фадала. Оны Кағб әл-Ахбардың жұбайының баласы немесе бауырының баласы деп те айтады. Ол – риуаяты жазып алуға жарайтын сенімді, садуқ жеткізуші. Ибн Аббас оны ашу үстінде «Алланың дұшпаны» деген. Бұл сөз Нәуфтың риуаяттары қабылданбайды дегенді білдірмейді.

2. Бір риуаятта Қызырдың (а.с.) есімі «жасыл», «жасыл шөп» деген мағына беретін сөзден шыққаны айтылады. Ол қураған жерге отырғанда, астындағы шөп жайқалып шыға келетін болған. Құран Кәрімде Қызыр туралы баяндалғанымен, есімі аталмайды. Оның есімі жоғарыдағыдай хадистерде кездеседі. «Кәһф» сүресінде әзірет Мұсамен болған оқиға екі бетке жуық баяндалады.2 Ибн Хажар «Әл-Исаба фи тәмйиз әс-сахаба» атты еңбегінде Қызырдың (а.с.) өміріне жиырма үш бет арнап, сан алуан дерек пен риуаятты жинап, талқылаған. Солардың ішінен мына жайттарды атап өтейік.

Қызырдың (а.с.) тегі, пайғамбарлығы, сахаба болуы, өмірі және дүниеден өтіп-өтпегені жөнінде түрлі пікір бар. Әр дәуірде Қызырды көргенін, оның сөзін естігенін, тіпті одан риуаят жеткізгенін айтқандар болған. Көп ғалым Қызырдың пайғамбар екенін жоғарыдағы қиссаға сүйеніп түсіндіреді. Алла тағала Мұсаға: «Қызыр сенен де білімді», – деген. Осыған сүйенген ғалымдар: «Қызыр пайғамбар болмаса, әулиенің ілімін пайғамбардың ілімінен жоғары қойған болар едік. Бұлай деу жөнсіз. Демек, Қызыр (а.с.) – пайғамбар», – дейді. «Әзірет Қызыр (а.с.) тірі ме? Тірі болса, кейбір ғалымдар оны неге мойындамайды?» деген сауалға Бәдиүззаман былай жауап берген:

«Қызыр тірі, алайда тіршіліктің бес дәрежесі бар. Ол – екінші дәрежеде. Кейбір ғалымдардың оның тірі екеніне күмән келтіретіні де сондықтан. Бірінші дәреже – сан алуан шектеуге бағынған біздің тіршілігіміз.

Екінші дәреже – әзірет Қызыр мен Ілиястың (а.с.) еркіндеу тіршілігі. Екеуі бір мезгілде бірнеше жерде бола алады. Олар біз секілді адам тіршілігінің қажетіне үнемі тәуелді емес. Кейде қаласа, біз сияқты ішіп-жейді, бірақ оған міндетті емес. Қызырмен жүздескен, сырға бойлаған әулиелердің өздері куә болған оқиғаларды тәуатүр дәрежесінде жеткізуі осы тіршілік дәрежесін айқындайды. Әулиелік мақамдардың бірі “Қызыр мақамы” деп аталады. Осы мақамға жеткен әулие Қызырдан дәріс алып, онымен жүздеседі. Алайда кейде сол мақам иесін қателесіп Қызырдың өзі деп қабылдайды».

3. Мұса мен Қызыр қиссасының бұл жердегі мәтіні қысқа берілген. Құран Кәрімде оқиға әрі қарай жалғасып, Мұсаның сауал қоймай тұра алмаған істерінің сырын Қызыр былай ашады: «Алдымен кеме жайын айтайын. Ол теңізде күнелтіп жүрген кедей-кепшіктерге тиесілі еді. Менің ол кемеге әдейі ақау түсіргім келді. Өйткені сау кеменің бәрін тартып алатын қатыгез патша бар еді. Ал өлген баланың ата-анасы шынайы мүмін еді. Біз ол баланың келешекте ата-анасын азғындық пен күпірлікке душар етуінен қорықтық. Сондықтан Раббыларының ол екеуіне әлгі баланың орнына одан да қайырлы һәм пәк әрі одан да мейірбан һәм тілалғыш бала беруін қаладық. Ал енді мына дуал мәселесіне келсек, ол сол қаладағы екі жетім баланікі еді. Ал оның астында сол екеуіне тиесілі қазына жатқан болатын. Әкелері жақсы кісі еді. Сондықтан Раббың балалар ер жетіп, қазыналарын өздері қазып алғанын қалады. Осының бәрі Раббыңның шексіз рақымының арқасы. Мен бұл істердің ешқайсысын өз бетіммен істеген жоқпын. Сенің төзімің жетпеген мәселелердің мәнісі мен қыр-сыры осындай», – деп түсіндірді.3

4. Әзірет Мұсаның (а.с.) сабыры жетпеген үш оқиғаның ішінде баланың өлтірілуі айрықша назар аударады. Ғалымдар осы оқиғаның мәнін түсіндіруге тырысқан. Төмендегі түсіндірме Елмалылы Хамди Язырдың тәпсіріне сүйеніп берілді.

Сырттай қарағанда ауыр қылмыс болып көрінген осы істің себебін Қызыр (а.с.) сапар соңында Мұсаға былай түсіндіреді:

«Ал өлген баланың ата-анасы шынайы мүмін еді. Біз ол баланың келешекте ата-анасын азғындық пен күпірлікке душар етуінен қорықтық. Сондықтан Раббыларының ол екеуіне әлгі баланың орнына одан да қайырлы һәм пәк әрі одан да мейірбан һәм тілалғыш бала беруін қаладық».

Аяттағы «ғұлам» сөзі араб тілінде балиғатқа толмаған балаға да, балиғатқа жеткен бозбалаға да айтылады. Түрік тіліндегі «оғлан» сөзі де осы екі мағынада жұмсалады. Оны «оғлан баласы» деп нақтыламаса, балиғатқа жеткен жігітті де білдіре алады. Қазақ тіліндегі «бозбала» сөзі осы мағыналардың екіншісіне жақын. Аяттағы сөзді ғалымдар екі түрлі түсінген. Дегенмен ғалымдардың басым бөлігі, яғни «жұмһұр», аятта балиғат жасына толмаған бала меңзелген деген пікірде.

Осы тәпсір бойынша, егер «ғұлам» балиғатқа жеткен кісі болса, оның күпірлігі мен бүлігі үшін өлтірілгені бұл түсіндірмеде шариғи қайшылық туғызбайды. Ал ғалымдардың көбі айтқандай, ол балиғатқа толмаған бала болса, келешекте жасауы мүмкін күнәсі үшін оны өлтіру шариғат үкімдеріне қайшы. Бала әдейі кісі өлтірген күннің өзінде оған қысас ретінде өлім жазасы қолданылмайды. Ендеше, болашақта қылмыс жасауы мүмкін деген болжамға сүйеніп, оның жанын қию да ақылға сыймайды.

Бұл оқиғаның түйіні – шариғаттың негізі Алланың әмірінде. Мұсаның сауалына жауап берген Қызыр бұл істі өз бетінше емес, Алланың әмірімен істегенін айтты. Сыртқы амалдардың іліміне, яғни «илм әз-заһирге» сүйенген Мұса осы түсіндірмеге қанағаттанып, қарсылық білдірмеді.

Әзірет Қызырға (а.с.) өткен мен болашақты қамтитын, «илм әл-ләдун», «илм әл-батин», «илм әл-ғайб» деп аталатын ілім берілген. Мұса секілді сыртқы ілім иелері үшін бұл ілім беймәлім еді. Оған адамның өз еңбегімен қолы жетпейді, ол – Алланың сыйы. Қиссадағы өзге оқиғалар да Қызырға берілген осы ерекшелікті танытады. Сыртқы ілімге сүйенген шариғат жеткізушісі Мұсаға оғаш көрінген іс ішкі ілім берілген Қызырға оғаш көрінбеген. Қызыр баланың өлімі жайын түсіндіргенде «мен» дегеннің орнына «біз» дейді. Демек, бұл – оның өз бетінше шығарған шешімі емес. Жауаптың Мұсаның көңіліне қонуы осы екі шариғаттың түпкі мәнінде бір-біріне қайшы келмейтінін көрсетеді.

  1. 1Бұхари, «Тәпсір», «Кәһф», 2–4 (4725–4727), «Ілім», 16, 19, 44, «Ижара», 7, «Шурут», 12, «Бәдул-халқ», 11, «Әнбия», 27, «Таухид», 31. Мүслим, «Фадаил», 170 (2380a). Тирмизи, «Тәпсір», «Кәһф» (3149, Жанан келтірген нөмірі – 3148). Әбу Дәуіт, «Сүннет», 17 (4705–4707).
  2. 2«Кәһф» сүресі, 60–82-аяттар.
  3. 3«Кәһф» сүресі, 79–82-аяттар.
696
Кутуб ситтә, № 696 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әбу Дәрда (р.а.)

وَعَنْ أَبِي الدَّرْدَاءِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ فِي قَوْلِ اللَّهِ تَعَالَى: ﴿وَكَانَ تَحْتَهُ كَنْزٌ لَهُمَا﴾: «ذَهَبٌ وَفِضَّةٌ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбуд-Дәрда (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) “Ал оның астында сол екеуіне тиесілі қазына жатқан болатын”1 деген аяттағы қазынаны “Алтын мен күміс”, – деп түсіндірді».2

  1. 1«Кәһф» сүресі, 82-аят.
  2. 2Тирмизи, «Тәпсір», «Кәһф» (3152, кей басылымда 3153).
697
Кутуб ситтә, № 697 · тараудағы реті: 5

وَعَنْ زَيْنَبَ بِنْتِ جَحْشٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ دَخَلَ عَلَيْهَا فَزِعًا يَقُولُ: «لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ، وَيْلٌ لِلْعَرَبِ مِنْ شَرٍّ قَدِ اقْتَرَبَ. فُتِحَ الْيَوْمَ مِنْ رَدْمِ يَأْجُوجَ وَمَأْجُوجَ مِثْلُ هَذِهِ»، وَحَلَّقَ بِأُصْبُعَيْهِ الْإِبْهَامِ وَالَّتِي تَلِيهَا. فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَنَهْلِكُ وَفِينَا الصَّالِحُونَ؟ قَالَ: «نَعَمْ، إِذَا كَثُرَ الْخَبَثُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Зейнеп бинт Жахш (р.а.) былай дейді: «Бірде Алла елшісі (с.а.с.) үрейлене кіріп: “Лә иләһә иллаллаһ! Таяп қалған жамандық арабтардың басына күн тудырады! Бүгін Яжүж бен Мәжүждің бөгетінен осындай саңылау ашылды”, – деп, бас бармағы мен сұқ саусағын түйістіріп, дөңгелек жасап көрсетті. Мен: “Уа, Алланың елшісі! Арамызда ізгі жандар бола тұра опат боламыз ба?” – деп сұрадым. Ол: “Иә, азғындық көбейсе, солай болады”, – деп жауап берді».1

Түсіндірме

«الْخَبَثُ»: الْفِسْقُ وَالْفُجُورُ.

Мәтіндегі «хабәс» сөзі күнәһарлық пен азғындықты білдіреді.

Көп риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) жүзінен айтпақ сөзінің мәні байқалатыны айтылады. Бұл риуаяттан да соны көреміз. Арабтардың басына таяп қалған бүлікті хабарламақ болған Алла елшісі (с.а.с.) жұбайы әзірет Зейнептің (р.а.) жанына үрейлі кейіппен кірді.

Алла елшісі (с.а.с.) Яжүж бен Мәжүждің әкелетін аласапыранынан сақтандырады. Яжүж бен Мәжүж кімдер? Олар жайында Құран Кәрімнің екі жерінде айтылады.

1. «Кәһф» сүресінде зұлымдық көрген жұрттың өтінішімен Зұлқарнайнның Яжүж бен Мәжүжге бөгет тұрғызып бергені баяндалады.2 Бөгет біткен соң Зұлқарнайн: «Бұл – Раббымның рақымы. Ал енді Раббым уәде еткен уақыт келгенде, оны жермен-жексен етеді. Раббымның уәдесі хақ», – деп айтты. Құранда әрі қарай: «Біз ол күні адамдарды теңіздің толқындарындай бір-бірімен соқтығысып, абыр-сабыр болатын әбігер күйге түсіреміз. Сур да үрленеді. Сөйтіп, олардың барлығын бір жерге жинаймыз.»3 – делінеді.

2. «Әнбия» сүресіндегі екінші аятта бөгеттің бұзылуы жайында айтылады: «Күндердің күнінде Яжүж бен Мәжүж ашылады да, олар әр төбенің басынан селдей ағыла бастайды.»4

Аяттардың тікелей мағынасынан мынау аңғарылады: Зұлқарнайнның бөгеті шабуылын тоқтатқан бұл қауым қиямет жақындап, бөгет құлағанда, қайтадан жұртқа басып кіреді. Яжүж бен Мәжүж туралы діни деректерде көбіне исраилияттан тараған, бір-біріне қайшы риуаяттар кездеседі. Әбу Хайян: «Олардың саны мен түр-сипаты жайында айтылған хабарлардың ешқайсысы сахих емес», – деген.

Елмалылы тәпсірдегі бірқатар риуаятты келтірген соң былай түйеді: «Яжүж бен Мәжүж бір кезде бір не екі қауымның аты болғанымен, Исламда бұл атау “Тегі белгісіз, ұлтты мойындамайтын аралас тобыр, олардың шығуы – қияметтің белгісі” деген мағынада түсіндіріледі».

Қиямет жақындағанда Яжүж бен Мәжүж шығып, жер бетін ойрандайды деген түсінік аспаннан түскен діндерді ұстанатын халықтардың ортақ мәдениетінде кездеседі. «Яжүж» бен «Мәжүж» атаулары араб тіліне өзге тілден енген делінеді. Француз тілінде оларды Gog et Magog деп атайды. Көне өсиеттегі «Езекиел кітабының» 38–39-тарауларында да олар сөз болады. Жаңа өсиеттегі «Жоханның аяны» кітабының 20-тарауының 7–8-аяттарында былай делінеді: «Мың жыл толғанда, шайтан зынданынан босатылады. Ол жердің төрт бұрышындағы халықтарды, Гог пен Магогты, адастырып, соғысқа жинау үшін шығады. Олардың саны теңіз құмындай».

Яжүж бен Мәжүж туралы Бәдиүззаман мынадай түсіндірме береді: «Қияметтің белгілерінен саналатын Яжүж бен Мәжүж және бөгет жайында бір рисаламда кеңірек жаздым. Соған сілтеме жасай отырып, мұнда қысқаша мынаны айтамын. Бұрын маньчжур, моңғол деген атпен жұртты аласапыранға салып, Қытай қорғанының тұрғызылуына себеп болған тайпалар қияметке жақын тағы да адамзат өркениетін бүлікке салатыны риуаяттарда айтылады. Кейбір дінсіздер “Сонша дүрбелең салған әрі алда тағы салатын тайпалар қазір қайда?” деп сұрайды. Оған жауабымыз мынадай: шегіртке сияқты апат бір маусымда қаптап кетеді. Маусым өзгергенде, елді бүлдірген сол қалың топтың қасиеттері аз ғана дараның бойында сақталады. Уақыты келгенде, Алланың әмірімен сол аздың өзінен бұрынғы бүлік қайта өршиді. Олардың тектік сабақтастығы әлсірегенімен, үзілмейді. Мезгілі келгенде қайта бой көрсетеді. Сол сияқты бір кезде дүниені аласапыранға салған тайпалар да, Алланың рұқсатымен уақыты келгенде, адамзат өркениетін тағы дүрліктіреді. Бұл жолы оларды қозғалысқа келтіретін себептер өзге сипатта көрінеді. Ғайыпты бір Алла біледі».

Бұл тақырып Зұлқарнайнның бөгеті жайындағы келесі хадистің түсіндірмесінде жалғасады.

  1. 1Бұхари, «Әнбия», 7 (3346), «Мәнәқиб», 20, «Фитән», 4, 28 (7059). Мүслим, «Фитән», 1 (2880). Тирмизи, «Фитән», 23 (2187, кей басылымда 2188).
  2. 2«Кәһф» сүресі, 92–98-аяттар.
  3. 3«Кәһф» сүресі, 98–99-аяттар.
  4. 4«Әнбия» сүресі, 96-аят.
698
Кутуб ситтә, № 698 · тараудағы реті: 6Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ قَالَ فِي السَّدِّ: «يَحْفِرُونَهُ كُلَّ يَوْمٍ، حَتَّى إِذَا كَادُوا يَخْرِقُونَهُ قَالَ الَّذِي عَلَيْهِمُ: ارْجِعُوا فَسَتَخْرِقُونَهُ غَدًا. فَيُعِيدُهُ اللَّهُ كَأَمْثَلِ مَا كَانَ، حَتَّى إِذَا بَلَغَ مُدَّتَهُمْ وَأَرَادَ اللَّهُ أَنْ يَبْعَثَهُمْ عَلَى النَّاسِ، قَالَ الَّذِي عَلَيْهِمُ: ارْجِعُوا فَسَتَخْرِقُونَهُ غَدًا إِنْ شَاءَ اللَّهُ، وَاسْتَثْنَى». قَالَ: «فَيَرْجِعُونَ فَيَجِدُونَهُ كَهَيْئَتِهِ حِينَ تَرَكُوهُ، فَيَخْرِقُونَهُ فَيَخْرُجُونَ عَلَى النَّاسِ، فَيَسْتَقُونَ الْمِيَاهَ، وَيَفِرُّ النَّاسُ مِنْهُمْ. فَيَرْمُونَ بِسِهَامِهِمْ فِي السَّمَاءِ، فَتَرْجِعُ مُخَضَّبَةً بِالدِّمَاءِ، فَيَقُولُونَ: قَهَرْنَا مَنْ فِي الْأَرْضِ وَعَلَوْنَا مَنْ فِي السَّمَاءِ قَسْوَةً وَعُلُوًّا. فَيَبْعَثُ اللَّهُ عَلَيْهِمْ نَغَفًا فِي أَقْفَائِهِمْ فَيَهْلِكُونَ». قَالَ: «فَوَالَّذِي نَفْسُ مُحَمَّدٍ بِيَدِهِ إِنَّ دَوَابَّ الْأَرْضِ تَسْمَنُ وَتَبْطَرُ وَتَشْكُرُ شَكْرًا مِنْ لُحُومِهِمْ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Зұлқарнайн тұрғызған бөгет жайында былай деді: «Яжүж бен Мәжүж оны күн сайын қазады. Тесуге шақ қалғанда, басшылары: “Қайтыңдар, қалғанын ертең тесесіңдер”, – дейді. Олар қайтып кеткенде, Алла бөгетті әуелгі берік қалпына қайтарады. Осылай күндер өте береді. Ақыры белгіленген мерзімдері толып, Алла оларды адамдарға қарсы шығаруды қалағанда, басшылары: “Қайтыңдар, Алла қаласа, ертең тесесіңдер”, – деп, бұл жолы алғаш рет “Алла қаласа” деген сөзді қосады». Алла елшісі (с.а.с.) сөзін жалғады: «Олар қайта келсе, бөгет өздері қалдырған күйінде тұр. Олар бөгетті тесіп өтіп, адамдарға лап қояды. Алдарынан шыққан суларды ішіп тауысады. Қорыққан жұрт жан-жаққа қашады. Олар аспанға жебе атқанда, жебелері қанға боялып қайтады. Сонда олар: “Жердегілерді жеңдік, көктегілерден де үстем түстік”, – деп, қаталдық танытып, астамсиды.

Сонда Алла олардың желкесіне құрт жібереді де, олар опат болады». Алла елшісі (с.а.с.) сөзін былай аяқтады: «Мұхаммедтің жаны қолында болған Аллаға ант етемін, жер бетіндегі жануарлар олардың етін жеп, қоң жинап, семіреді, желіндеріне сүт толады».1

Түсіндірме

«النَّغَفُ» بِالْغَيْنِ الْمُعْجَمَةِ: دُودٌ يَكُونُ فِي أَنْفِ الْإِبِلِ وَالْغَنَمِ. وَ«تَشْكَرُ» بِسُكُونِ الشِّينِ الْمُعْجَمَةِ وَفَتْحِ الْكَافِ: أَيْ تَسْمَنُ وَتَمْتَلِئُ ضُرُوعُهَا لَبَنًا.

Мәтіндегі «нағаф» – түйе мен қойдың танауында болатын құрт. «Тәшкару» дегені жануардың семіріп, желініне сүт толатынын білдіреді.

«Құран Кәрімдегі Яжүж бен Мәжүж тақырыбын Зұлқарнайнның қорғаны туралы баяндау толықтырады. Бұл екі оқиға өзара сабақтас. Өйткені Зұлқарнайн осы қорғанды Яжүж бен Мәжүждің бүліншілігіне тосқауыл болсын деп тұрғызған.

Құран Кәрімде бұл оқиға былай баяндалады: “Содан Зұлқарнайн жасағын бастап, тағы да жол тартты. Сөйтіп, екі таудың арасына жеткенде, арғы бетінен мүлдем сөз ұқпайтын бір қауымға кезікті. Олар: ‘Уа, Зұлқарнайн! Шүбәсіз, Яжүж бен Мәжүж бұл жерде үнемі лаң салуда. Біз саған салық төлейік, оның есесіне біз бен олардың арасына асу бермес бөгет орнатып берсең қайтеді?’ – деп өтініш айтты. Ол: ‘Раббымның маған нәсіп еткендері сендердің маған төлейтін салықтарыңнан әлдеқайда қайырлы. Одан да сендер маған жұмыс күшімен жәрдем беріңдер, сендер мен олардың арасына асу бермес алып бөгет тұрғызып берейін’, – деді де оларға: ‘Маған темір-терсек жинап әкеліңдер’, – деп бұйырды. Сөйтіп ол екі таудың арасын шыңдарына жеткенше темір-терсекпен толтырды да: ‘Ал енді от жағып, көрік басыңдар’, – деп бұйырды. Содан тау болып үйілген темір әбден қызғанда: ‘Ал енді маған балқыған мыс әкеліңдер мына қызған темірдің үстіне құяйын’, – деп пәрмен қылды. Сөйтіп, Яжүж бен Мәжүж ол бөгеттен асып өте де, оны тесіп шыға да алмады. Зұлқарнайн: ‘Бұл – Раббымның рақымы. Ал енді Раббым уәде еткен уақыт келгенде, оны жермен-жексен етеді. Раббымның уәдесі хақ’, – деп айтты”»2.

Зұлқарнайнның есімі Құран Кәрімде аталады. Оның пайғамбар болғаны жайында анық мәлімет жоқ. Сондықтан ғалымдар оны пайғамбар не әулие санау жөнінде әртүрлі пікір білдірген. Алла тарапынан қолдау тапқан, қорған тұрғызу міндетін мойнына алған ізгі құл болғанына бәрі келіседі. «Зұлқарнайн» сөзі «екі мүйізді» дегенді білдіреді. Тарихтағы Ұлы Ескендір екі мүйіз тағылған дулыға киген, Үндістанға дейін талай жорық жасаған. Осы сипаттары Құрандағы Зұлқарнайн туралы баяндауға ішінара ұқсайтындықтан, кейбір тәпсіршілер оны Ұлы Ескендір деп жорамалдаған. Бәдиүззаман секілді кей ғалымдар бұл пікірді қабылдамаған. Мәселенің егжей-тегжейін Элмалылы Хамди Язырдың құнды тәпсіріне қалдырып, Бәдиүззаманның ықшам әрі көңілге қонымды түсіндірмесін келтірейік: «Екінші сұрағыңыз: “Зұлқарнайнның қорғаны қайда? Яжүж бен Мәжүж кімдер?” Зерттеуші ғалымдардың пікіріне және “Зұлқарнайн” деген атаудың ишарасына сүйенсек, Иемен патшалары арасында Зулиәзән секілді “Зу” сөзімен басталатын есімдер болған. Ендеше, бұл Зұлқарнайн Румдық Ескендірден бөлек. Бәлкім, ол Иемен патшаларының бірі болған, әзірет Ибраһимнің тұсында өмір сүріп, Қызырдан дәріс алған. Ал Румдық Ескендір милади жыл санауынан шамамен үш жүз жыл бұрын өмір сүріп, Аристотельден дәріс алған. Адамзаттың жүйелі хатталған тарихы үш мың жылға жуық кезеңді ғана қамтиды. Осы қысқа әрі толық емес деректерге сүйеніп, әзірет Ибраһимнен бұрынғы дәуірге дөп баға беру қиын. Ол жайлы деректер кейде аңызға ұласады, кейде болғанды жоққа шығарады, кейде тым қысқа баяндалады. Иемендік Зұлқарнайнның бір аты Ескендір болған. Ол Ұлы Ескендір, яғни Ежелгі Ескендір еді. Не болмаса Құранда аталған жекелеген оқиғалар одан да кең құбылыстарды аңғартады...

Зұлқарнайн аталған Ұлы Ескендір пайғамбарға тән жолбасшылықпен жәбір көрген халықтарды қатыгездердің тонауынан арашалап, әйгілі Қытай қорғанын тұрғызған. Сол секілді Румдық Ескендір тәрізді жиһангерлер мен қуатты патшалар өз билігіне сүйеніп, адамзаттың рухани жетекшілері болған бірқатар пайғамбарлар мен даналар тәлім-тәрбиесімен Зұлқарнайнның ізін жалғастырған. Олар жәбір көрген жұртты залымдардан қорғау үшін таулардың арасына бөгет, шыңдардың басына қамал салған. Бірі мұны өз күшімен, енді бірі жөн сілтеп, алдын ала қамдану арқылы жүзеге асырған. Кейін қалалардың айналасына дуал соғып, ортасына қамал салған. Ақырында ірі зеңбіректер мен көшпелі қамал іспетті әскери кемелер де жасалған. Жер жүзіндегі ең әйгілі қорған – бірнеше күндік жолға созылған Қытай қорғаны. Ол Құран тілінде Яжүж бен Мәжүж, тарих тілінде маньчжурлар мен моңғолдар деп аталатын, адамзат қоғамын талай рет аласапыранға салған жұрттардың шабуылына тосқауыл болған. Гималайдың арғы жағынан шығып, шығыстан батысқа дейін ойран салған сол қауымдар Үнді мен Қытайдағы елдерге де шабуылдаған. Олардың талауына жол бермеу үшін Гималай сілемдеріне жақын екі таудың арасына ұзын бөгет салынып, ол ұзақ уақыт бойы қалың қолдың бетін қайтарған. Кавказ тауларының Дербент тұсында да шапқыншылық жасаған татар қауымдарының шабуылын тоқтату үшін Зұлқарнайн тәрізді көне Иран патшаларының ұйытқы болуымен қорғандар тұрғызылған. Мұндай бөгеттер көп. Құран Кәрім бүкіл адамзатқа үн қатады. Бір оқиғаны баяндау арқылы оған ұқсас өзге оқиғаларды да еске салады. Сондықтан қорған мен Яжүж-Мәжүж туралы риуаяттар да, тәпсіршілердің пікірлері де әркелкі. Құран Кәрім баяндаудың орайына қарай бір оқиғадан арасы алшақ екінші оқиғаға ауысады. Осы байланысты ескермеген адам екі оқиғаның уақыты да бір-біріне жақын екен деп ойлауы мүмкін. Құранда қорғанның қирауынан кейін қияметтің орнауы айтылғанда, оқиғалардың уақыт жағынан жақындығы емес, баяндаудағы сабақтастығы меңзеледі. Осы қорған бір күні қалай қираса, дүние де солай астан-кестен болады.

Табиғи әрі иләһи қорған іспетті таулар берік келеді. Олар дүние қирағанда ғана жермен-жексен болады. Заманның өзгерісі біразын бұзса да, көбі мызғымай қалады. Зұлқарнайн қорғаны іспетті құрылыстардың бірі – Қытай қорғаны мыңдаған жыл өтсе де әлі тұр. Ол жер бетіне адам қолымен жазылған көне тарихтың сом тұлғалы, мағыналы бір ұзын жолындай оқылады».

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Кәһф» (3153, кей басылымда 3151). Ибн Мәжа, «Фитән», 33 (4080).
  2. 2«Кәһф» сүресі, 92–98-аяттар.
699
Кутуб ситтә, № 699 · тараудағы реті: 7

وَعَنْ مُصْعَبِ بْنِ سَعْدٍ قَالَ: «سَأَلْتُ أَبِي عَنْ قَوْلِهِ تَعَالَىٰ: ﴿قُلْ هَلْ نُنَبِّئُكُمْ بِالْأَخْسَرِينَ أَعْمَالًا﴾، أَهُمُ الْحَرُورِيَّةُ؟ قَالَ: لَا، هُمُ الْيَهُودُ وَالنَّصَارَىٰ. أَمَّا الْيَهُودُ فَكَذَّبُوا مُحَمَّدًا ﷺ، وَأَمَّا النَّصَارَىٰ فَكَذَّبُوا بِالْجَنَّةِ، وَقَالُوا: لَا طَعَامَ فِيهَا وَلَا شَرَابَ. وَالْحَرُورِيَّةُ ﴿الَّذِينَ يَنْقُضُونَ عَهْدَ اللَّهِ مِنْ بَعْدِ مِيثَاقِهِ﴾، وَكَانَ سَعْدٌ يُسَمِّيهِمُ الْفَاسِقِينَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Мұсғаб ибн Сағд былай дейді: «Әкемнен: “‘Сендерге кімдердің еңбегі ең көп зая болатынын айтып берейік пе?’ – де”1 деген аятта харурилер меңзелген бе?» – деп сұрадым. Ол: «Жоқ, яһудилер мен христиандар меңзелген. Яһудилер Мұхаммедті (с.а.с.) жалғанға шығарған. Христиандар жәннатты теріске шығарып: “Жәннатта ішер сусын да, жер тағам да жоқ”, – деген», – деп жауап берді2.

Түсіндірме

Харурилер – «Аллаға берген берік серттерін бұзғандар»3. Сағд оларды «пасықтар» деп атаған. «Харури» сөзі Харура ауылынан шыққан адам дегенді білдіреді. Ол ауыл Куфадан екі миль жерде орналасқан. Харижилер әзірет Әлиге (р.а.) қарсы алғаш осы ауылда бас көтерген. Сол себепті оларды «харурилер» деп те атайды.

Келесі хадисте келтірілген аят кімдердің еңбегі бәрінен көп зая кеткенін баяндайды.

  1. 1«Кәһф» сүресі, 103-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Кәһф», 5 (4728).
  3. 3«Бақара» сүресі, 27-аят (үзінді).
700
Кутуб ситтә, № 700 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Әбу Һурайра (р.а.)

وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «إِنَّهُ لَيَأْتِي الرَّجُلُ الْعَظِيمُ السَّمِينُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ لَا يَزِنُ عِنْدَ اللَّهِ جَنَاحَ بَعُوضَةٍ». وَقَالَ: «اقْرَؤُوا إِنْ شِئْتُمْ: ﴿فَلَا نُقِيمُ لَهُمْ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَزْنًا﴾». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ.

Қазақша аудармасы

Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Қиямет күні ірі денелі, семіз бір кісі келеді. Оның Алла құзырындағы салмағы масаның қанатындай да болмайды», – деді. Сосын: «Қаласаңдар, мына аятты оқыңдар: “Олар Раббыларының барлық аяттарын һәм күндердің күнінде Оған қауышатындықтарын мойындамағандар, сондықтан еңбектері еш кетті. Қиямет күні олар үшін Таразы да құрмаймыз.”1», – деді2.

Түсіндірме

Хадистің басқа бір нұсқасында қиямет күні Алла құзырында еш салмағы болмайтын кісі ұзын бойлы, ірі денелі, ішіп-жеуі көп адам ретінде сипатталады.

Автор бұл хадистен семіздік құпталмайтынын аңғартады. Бұл жайында анығырақ айтылған риуаяттар да бар. Бұхаридің риуаятында Алла елшісі (с.а.с.) өзінен кейінгі буындардың нашарларын сипаттағанда: «Олардың арасында семіздік кең тарайды» (يَظْهَرُ فِيهِمُ السِّمَنُ), – деген. Ибн Хажар өз түсіндірмесінде семіздікті ұнамсыз сипатқа жатқызып, оны ұғымның таяздығы мен құлшылықтағы селқостыққа байланыстырған.

  1. 1«Кәһф» сүресі, 105-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Кәһф», 6 (4729). Мүслим, «Қиямет», 18 (2785).
701
Кутуб ситтә, № 701 · тараудағы реті: 9

وَعَنْ أَبِي سَعْدِ بْنِ أَبِي فَضَالَةَ الْأَنْصَارِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: «إِذَا جَمَعَ اللَّهُ النَّاسَ لِيَوْمِ الْقِيَامَةِ لِيَوْمٍ لَا رَيْبَ فِيهِ، نَادَىٰ مُنَادٍ: مَنْ كَانَ أَشْرَكَ فِي عَمَلٍ عَمِلَهُ لِلَّهِ أَحَدًا فَلْيَطْلُبْ ثَوَابَهُ مِنْ عِنْدِ غَيْرِ اللَّهِ، فَإِنَّ اللَّهَ أَغْنَى الشُّرَكَاءِ عَنِ الشِّرْكِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сағд ибн Әбу Фадала әл-Ансари (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінің (с.а.с.) былай дегенін естідім: “Болары күмәнсіз қиямет күні Алла адамдарды жинағанда, бір жаршы: ‘Кім Алла үшін жасаған амалына басқа біреуді серік етсе, сауабын Алладан өзге сол біреуден сұрасын. Өйткені Алла серік атаулыдан мүлде мұқтажсыз’, – деп жар салады”»1.

Түсіндірме

Алла елшісі (с.а.с.) осы хадисте Алланың разылығы көзделмеген амалдың қабыл болмайтынын ашық айтады. Кісі ісін Алланың разылығына сай келмейтін өзге ниетке құрса, сол амалы қабыл болмайды. Ізгі амалға осындай бөтен ниет араластыру «жасырын ширк» деп аталады.

Мүмін жасырын ширктен сақтанып, амалдарын зая кетірмеуге тиіс. Көзге түсуге тырысу, пайда дәмету, біреуге жағыну немесе қорқыныш адамды жасырын ширкке ұрындыруы мүмкін. Тирмизи бұл хадисті «Кәһф» сүресінің соңғы аятын түсіндіру үшін келтірген. Аятта: «Ендеше, кімде-кім Раббысымен қауышуды қаласа, игі істер істесін, Раббысына жасаған құлшылығында Оған ешкімді серік етіп қоспасын», – делінеді. Демек, Раббысымен қауышуды қалаған кісі игі амалын Алланың разылығы үшін істеуге тиіс.

  1. 1Тирмизи, «Тәпсір», «Кәһф» (Дарұссалам басылымында 3154, Жанан жинағында 3152).