وَعَنْ زَيْنَبَ بِنْتِ جَحْشٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ دَخَلَ عَلَيْهَا فَزِعًا يَقُولُ: «لَا إِلَهَ إِلَّا اللَّهُ، وَيْلٌ لِلْعَرَبِ مِنْ شَرٍّ قَدِ اقْتَرَبَ. فُتِحَ الْيَوْمَ مِنْ رَدْمِ يَأْجُوجَ وَمَأْجُوجَ مِثْلُ هَذِهِ»، وَحَلَّقَ بِأُصْبُعَيْهِ الْإِبْهَامِ وَالَّتِي تَلِيهَا. فَقُلْتُ: يَا رَسُولَ اللَّهِ، أَنَهْلِكُ وَفِينَا الصَّالِحُونَ؟ قَالَ: «نَعَمْ، إِذَا كَثُرَ الْخَبَثُ». أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Зейнеп бинт Жахш (р.а.) былай дейді: «Бірде Алла елшісі (с.а.с.) үрейлене кіріп: “Лә иләһә иллаллаһ! Таяп қалған жамандық арабтардың басына күн тудырады! Бүгін Яжүж бен Мәжүждің бөгетінен осындай саңылау ашылды”, – деп, бас бармағы мен сұқ саусағын түйістіріп, дөңгелек жасап көрсетті. Мен: “Уа, Алланың елшісі! Арамызда ізгі жандар бола тұра опат боламыз ба?” – деп сұрадым. Ол: “Иә, азғындық көбейсе, солай болады”, – деп жауап берді».1
Түсіндірме
«الْخَبَثُ»: الْفِسْقُ وَالْفُجُورُ.
Мәтіндегі «хабәс» сөзі күнәһарлық пен азғындықты білдіреді.
Көп риуаятта Алла елшісінің (с.а.с.) жүзінен айтпақ сөзінің мәні байқалатыны айтылады. Бұл риуаяттан да соны көреміз. Арабтардың басына таяп қалған бүлікті хабарламақ болған Алла елшісі (с.а.с.) жұбайы әзірет Зейнептің (р.а.) жанына үрейлі кейіппен кірді.
Алла елшісі (с.а.с.) Яжүж бен Мәжүждің әкелетін аласапыранынан сақтандырады. Яжүж бен Мәжүж кімдер? Олар жайында Құран Кәрімнің екі жерінде айтылады.
1. «Кәһф» сүресінде зұлымдық көрген жұрттың өтінішімен Зұлқарнайнның Яжүж бен Мәжүжге бөгет тұрғызып бергені баяндалады.2 Бөгет біткен соң Зұлқарнайн: «Бұл – Раббымның рақымы. Ал енді Раббым уәде еткен уақыт келгенде, оны жермен-жексен етеді. Раббымның уәдесі хақ», – деп айтты. Құранда әрі қарай: «Біз ол күні адамдарды теңіздің толқындарындай бір-бірімен соқтығысып, абыр-сабыр болатын әбігер күйге түсіреміз. Сур да үрленеді. Сөйтіп, олардың барлығын бір жерге жинаймыз.»3 – делінеді.
2. «Әнбия» сүресіндегі екінші аятта бөгеттің бұзылуы жайында айтылады: «Күндердің күнінде Яжүж бен Мәжүж ашылады да, олар әр төбенің басынан селдей ағыла бастайды.»4
Аяттардың тікелей мағынасынан мынау аңғарылады: Зұлқарнайнның бөгеті шабуылын тоқтатқан бұл қауым қиямет жақындап, бөгет құлағанда, қайтадан жұртқа басып кіреді. Яжүж бен Мәжүж туралы діни деректерде көбіне исраилияттан тараған, бір-біріне қайшы риуаяттар кездеседі. Әбу Хайян: «Олардың саны мен түр-сипаты жайында айтылған хабарлардың ешқайсысы сахих емес», – деген.
Елмалылы тәпсірдегі бірқатар риуаятты келтірген соң былай түйеді: «Яжүж бен Мәжүж бір кезде бір не екі қауымның аты болғанымен, Исламда бұл атау “Тегі белгісіз, ұлтты мойындамайтын аралас тобыр, олардың шығуы – қияметтің белгісі” деген мағынада түсіндіріледі».
Қиямет жақындағанда Яжүж бен Мәжүж шығып, жер бетін ойрандайды деген түсінік аспаннан түскен діндерді ұстанатын халықтардың ортақ мәдениетінде кездеседі. «Яжүж» бен «Мәжүж» атаулары араб тіліне өзге тілден енген делінеді. Француз тілінде оларды Gog et Magog деп атайды. Көне өсиеттегі «Езекиел кітабының» 38–39-тарауларында да олар сөз болады. Жаңа өсиеттегі «Жоханның аяны» кітабының 20-тарауының 7–8-аяттарында былай делінеді: «Мың жыл толғанда, шайтан зынданынан босатылады. Ол жердің төрт бұрышындағы халықтарды, Гог пен Магогты, адастырып, соғысқа жинау үшін шығады. Олардың саны теңіз құмындай».
Яжүж бен Мәжүж туралы Бәдиүззаман мынадай түсіндірме береді: «Қияметтің белгілерінен саналатын Яжүж бен Мәжүж және бөгет жайында бір рисаламда кеңірек жаздым. Соған сілтеме жасай отырып, мұнда қысқаша мынаны айтамын. Бұрын маньчжур, моңғол деген атпен жұртты аласапыранға салып, Қытай қорғанының тұрғызылуына себеп болған тайпалар қияметке жақын тағы да адамзат өркениетін бүлікке салатыны риуаяттарда айтылады. Кейбір дінсіздер “Сонша дүрбелең салған әрі алда тағы салатын тайпалар қазір қайда?” деп сұрайды. Оған жауабымыз мынадай: шегіртке сияқты апат бір маусымда қаптап кетеді. Маусым өзгергенде, елді бүлдірген сол қалың топтың қасиеттері аз ғана дараның бойында сақталады. Уақыты келгенде, Алланың әмірімен сол аздың өзінен бұрынғы бүлік қайта өршиді. Олардың тектік сабақтастығы әлсірегенімен, үзілмейді. Мезгілі келгенде қайта бой көрсетеді. Сол сияқты бір кезде дүниені аласапыранға салған тайпалар да, Алланың рұқсатымен уақыты келгенде, адамзат өркениетін тағы дүрліктіреді. Бұл жолы оларды қозғалысқа келтіретін себептер өзге сипатта көрінеді. Ғайыпты бір Алла біледі».
Бұл тақырып Зұлқарнайнның бөгеті жайындағы келесі хадистің түсіндірмесінде жалғасады.