وَعَنْ أُمِّ حَبِيبَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: «قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: مَا مِنْ عَبْدٍ مُسْلِمٍ يُصَلِّي لِلَّهِ كُلَّ يَوْمٍ ثِنْتَيْ عَشْرَةَ رَكْعَةً مِنْ غَيْرِ الْفَرِيضَةِ إِلَّا بَنَى اللَّهُ لَهُ بَيْتًا فِي الْجَنَّةِ. قَالَتْ: فَمَا تَرَكْتُهَا مُنْذُ سَمِعْتُهَا مِنْ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ». أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا الْبُخَارِيَّ.
Үммі Хабибаның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Мұсылман құл күн сайын парыз намаздарынан бөлек Алла үшін он екі рәкат намаз оқыса, Алла оған жәннатта үй тұрғызады», – деді.
Үммі Хабиба: «Бұл сөзді Алла елшісінен (с.а.с.) естігеннен бері сол намаздарды үзбей оқып келемін», – дейді.1
Түсіндірме
Мұнда парыздармен бірге оқылатын он екі рәкат нәпіл намаз айтылған. Бұлар «рәуатиб» деп аталады. Тирмизи мен Нәсәидің риуаяттары мына сөзбен аяқталады: «Олар – бесіннің алдында төрт, одан кейін екі, ақшамнан кейін екі, құптаннан кейін екі және таң намазының алдында екі рәкат».
عَنْ أُمِّ حَبِيبَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا قَالَتْ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: «مَنْ صَلَّى فِي يَوْمٍ وَلَيْلَةٍ ثِنْتَيْ عَشْرَةَ رَكْعَةً بُنِيَ لَهُ بَيْتٌ فِي الْجَنَّةِ: أَرْبَعًا قَبْلَ الظُّهْرِ، وَرَكْعَتَيْنِ بَعْدَهَا، وَرَكْعَتَيْنِ بَعْدَ الْمَغْرِبِ، وَرَكْعَتَيْنِ بَعْدَ الْعِشَاءِ، وَرَكْعَتَيْنِ قَبْلَ صَلَاةِ الْفَجْرِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Үммі Хабибаның (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Кім бір тәулікте он екі рәкат намаз оқыса, оған жәннатта үй тұрғызылады. Олар – бесіннің алдында төрт, одан кейін екі, ақшамнан кейін екі, құптаннан кейін екі және таң намазының алдында екі рәкат», – деген.
Рәуатиб намаздары туралы әртүрлі риуаяттар жеткен. Әбу Ханифа өз үкімін басқа риуаяттарға сүйеніп берген. Бұл мәселелер кітабымыздың намаз тарауында жеткілікті баяндалғандықтан, мұнда риуаяттардың бірқатарына ғана назар аударамыз. Табаранидің «Әл-Муғжәм әл-кәбиріндегі» риуаятта екінтінің парызынан бұрын екі, құптаннан кейін екі рәкат оқылатыны айтылған. Әбу Дәуіт пен «Сахихайндағы» бір риуаятта екінтіден бұрын екі рәкат оқылатыны баяндалған. Әбу Дәуіт пен Тирмизидің бір риуаятында екінтіден бұрын төрт рәкат, басқа бір риуаятында бесіннен бұрын төрт және одан кейін төрт рәкат нәпіл намаз оқуға кеңес берілген. Бұхаридің бір риуаятында ақшамнан бұрын нәпіл намаз оқу ұсынылған.
Басқа бір риуаятта Алла елшісінің азан мен қамат арасында нәпіл намаз оқуға кеңес бергені айтылады.
عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ مُغَفَّلٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ النَّبِيُّ ﷺ: «بَيْنَ كُلِّ أَذَانَيْنِ صَلَاةٌ، بَيْنَ كُلِّ أَذَانَيْنِ صَلَاةٌ». ثُمَّ قَالَ فِي الثَّالِثَةِ: «لِمَنْ شَاءَ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Абдулла ибн Мұғаффалдың (р.а.) жеткізуінше, Алла елшісі (с.а.с.): «Әр азан мен қаматтың арасында намаз бар. Әр азан мен қаматтың арасында намаз бар», – деді. Сосын үшінші рет айтқанда: «Қалаған адам үшін», – деп қосты.
Нәуәуидің айтуынша, ақшам намазынан бұрын нәпіл оқу жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Бірқатары оны құптаған. Рәуатиб сүннеттерінің әртүрлі рәкат санымен жетуі бұл мәселеде еркіндік барын көрсетеді. Қалаған адам көбірек оқиды, қалаған адам азымен шектеледі. Ең аз мөлшерін оқыған адам да сүннетті орындайды. Оны кемеліне жеткізгісі келген кісі көбірек оқиды.
- 1Мүслим, Мусафирин 103 (728); Әбу Дәуіт, Салат 290 (1250); Тирмизи, Салат 306 (415); Нәсәи, Қиямул-Ләйл 66, (3, 261).