Хадис

Кутуб ситтә, № 4656

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
705. Әртүрлі амалдардың артықшылығы. Кейбір намаздардың артықшылығы
Нөмірі
№ 4656 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 20
4656
Кутуб ситтә, № 4656 · тараудағы реті: 20Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: «أَرَادَ بَنُو سَلِمَةَ أَنْ يَتَحَوَّلُوا إِلَى قُرْبِ الْمَسْجِدِ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ ﷺ: أَتَحْتَسِبُونَ آثَارَكُمْ؟ فَأَقَامُوا». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) былай дейді: «Бәну Сәлима руы мешітке жақын жерге көшіп келгісі келді. Алла елшісі (с.а.с.) оларға: “Басқан қадамдарыңнан сауап күтпейсіңдер ме?” – деді. Содан олар өз қоныстарында қалды».1

Түсіндірме

«الِاحْتِسَابُ» ادِّخَارُ الْأَجْرِ عِنْدَ اللَّهِ بِفِعْلِ الْخَيْرِ. وَ«الْآثَارُ» آثَارُ مَشْيِهِمْ.

1. Ибн Хажар келтірген әртүрлі нұсқада ансарлардың Бәну Сәлима деген үлкен руы мешітке жақын қоныстанғысы келгені айтылады. Үйлері мешіттен бір мильдей қашық болғандықтан, намазға барып-келудің қиындығынан құтылмақ болған. Алла елшісі Мәдинадағы үйлердің бос қалып, қаңырап қалмауын ойлап, бұған рұқсат бермеген. Әйтпесе шеткі аудандардағы жұрт та үйлерін тастап, орталыққа қарай ойысып, бірқатар жер қаңырап қалар еді. Мұның алдын алу үшін Алла елшісі (с.а.с.) мешітке қарай қанша көп қадам басылса, сонша сауап жазылатынын еске салған.

Хадистегі «асар» («іздер») сөзімен мешітке қарай басқан қадамдар меңзелген. Бұхари хадисті «Ихтисаб әл-асар» («Басқан қадамнан сауап күту») деген тақырыппен берген. Сөйтіп, «Ясин» сүресінің 12-аятындағы ﴿وَنَكْتُبُ مَا قَدَّمُوا۟ وَءَاثَٰرَهُمْ﴾ «Біз адамдардың дүниеде өз қолымен істеп, ақиретке жолдаған сауаптары мен күнәларын және арттарында қалған жақсылықтары мен жамандықтарын түгелдей жазып алудамыз»2 деген сөздер Бәну Сәлима оқиғасына байланысты түскен деген пікірін білдірген.

2. Хадис игі амал ықыласпен жасалса, сол іске қарай басқан әр қадам үшін сауап жазылатынын көрсетеді. Басқа бір мүдде көзделмесе, мешітке жақын тұру мұстахаб екені де осы хадистен аңғарылады. Алла елшісі Бәну Сәлиманың ниетін теріске шығарған жоқ, өзге бір мүддені алға тартты. Мешітке барып-қайтқанда басқан әр қадамы алыс тұрудың қиындығын өтейді, тіпті жақын тұрудың артықшылығынан асып түсуі де мүмкін. Ғалымдар «Мешітке жақын тұру абзал ма, әлде алыс тұру ма?» деген мәселеде түрлі пікір айтқан. Табари екеуін тең санаған.

  1. 1Бұхари, Фазаилул-Мәдина 11, Азан 33.
  2. 2«Ясин» сүресі, 12-аят.