Хадис

Кутуб ситтә, № 710

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
72. «Хаж» сүресі
Нөмірі
№ 710 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
710
Кутуб ситтә, № 710 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا فِي قَوْلِهِ تَعَالَى: ﴿وَمِنَ النَّاسِ مَنْ يَعْبُدُ اللَّهَ عَلَى حَرْفٍ﴾، قَالَ: «كَانَ الرَّجُلُ يَقْدَمُ الْمَدِينَةَ، فَإِنْ وَلَدَتِ امْرَأَتُهُ غُلَامًا وَنُتِجَتْ خَيْلُهُ قَالَ: هَذَا دِينٌ صَالِحٌ. وَإِنْ لَمْ تَلِدِ امْرَأَتُهُ وَلَمْ تُنْتَجْ خَيْلُهُ قَالَ: هَذَا دِينُ سُوءٍ». أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) «Адамдар арасында Аллаға сүлесоқ құлшылық ететіндер бар. Мұндай адам жақсылыққа кенелсе, жаны жай тауып, мәз болады. Ал қандай да бір сынаққа тап болса, бірден жалтарып кетеді. Сөйтіп, дүниеде де, ақыретте де бар жақсылықтан қағылып зиян шегеді. Міне, оңбай зиян шегу деген – осы»1 деген аяттың түсу себебін былай түсіндірді: «Кейбір кісілер Мәдинаға келетін. Әйелі ұл туып, биелері құлындаса: “Бұл – жақсы дін”, – дейтін. Ал әйелі босанбай, биелері құлындамаса: “Бұл – жаман дін”, – дейтін».2

Түсіндірме

Бұл аятта дүние пайдасын көздеп исламды қабылдағандар туралы айтылады. Хадис түсіндірушілерінің пікірінше, ондай мінез көбіне бәдәуилердің арасынан байқалған. Бірнеше аятта бәдәуилердің кейбірі исламның түпкі мақсатын түсіне қоймайтыны, иман келтірдік десе де, жүректеріне иман орнықпағаны және күпірлікке жақын тұрғаны баяндалған.3

Осы хадистің басқа нұсқаларында Мәдинаға келген бәдәуилердің нені көздегені және үміттері ақталмағанда не дегені анығырақ айтылады:

– «Бір кісі Мәдинаға һижрет етіп келіп, осы көштен кейін денсаулығы түзелер ме екен деп байқайтын...»

– «Кей кісі Мәдинаға келіп, молшылыққа кенелсе, жаңбыр жауып, ұл сүйсе, көңілі жай тауып: “Осы діннен жақсылық көрдім”, “Бұл қандай жақсы дін!” немесе “Бұл – нағыз жақсы дін”, – деп, сол дінді ұстанатын».

– «Ал құрғақшылыққа, ашаршылыққа ұшыраса немесе бала туымы азайған жылға тап болса: “Бұл дінде қайыр жоқ”, – дейтін».

– «Мәдинада басы ауырса, әйелі қыз туса немесе алатын садақасы кешіксе, шайтан оған: “Аллаға ант етейін, бұл діннен жамандықтан өзге ештеңе көрмедің. Бұл – нағыз бүлік”, – дейтін».

– «Бәдәуи ауырып, садақадан қағылып, мұқтаждық көрсе: “Аллаға ант етейін, бұл – мен іздеген дін емес. Күн өткен сайын денсаулығым да, тұрмысым да нашарлап барады”, – дейтін».

Аяттың түсу себебі жайлы әртүрлі риуаяттар бір ойға тоғысады. Кей бәдәуилер исламды өз пайдасымен өлшеген. Нығметке кенелсе, дінді жақсы деп білген. Басына қиындық түссе, теріс айналған. Ал шынайы иман № 708 хадисте айтылған Хаббаб ибн әл-Әратттың үлгісіндей, отқа салса да сабыр сақтап, төзе білуді қажет етеді.

  1. 1«Хаж» сүресі, 11-аят.
  2. 2Бұхари, «Тәпсір», «Хаж», 2 (4742).
  3. 3«Тәубе» сүресі, 98-аят. «Фатх» сүресі, 11-аят. «Хужурат» сүресі, 14-аят.