عَنْ سَعِيدِ بْنِ الْمُسَيَّبِ قَالَ: كَانَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ يَقُولُ: الدِّيَةُ عَلَى الْعَاقِلَةِ وَهُمْ يَرِثُونَهَا، وَلَا تَرِثُ الْمَرْأَةُ مِنْ دِيَةِ زَوْجِهَا. فَقَالَ لَهُ الضَّحَّاكُ بْنُ سُفْيَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: إِنَّ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ كَتَبَ إِلَيَّ أَنْ أُوَرِّثَ امْرَأَةَ أَشْيَمَ الضَّبَابِيِّ مِنْ دِيَةِ زَوْجِهَا، وَكَانَتْ مِنْ قَوْمٍ آخَرِينَ. فَرَجَعَ عُمَرُ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.
Сағид ибн әл-Мұсайяб былай деген: «Омар (р.а.): “Диятты ақила төлейді және диятты солар мұраға алады. Әйел күйеуінің диятына мұрагер болмайды”, – дейтін. Даххак ибн Суфиян (р.а.) оған: “Алла елшісі (с.а.с.) маған Әшйәм әд-Дибабидің әйелін күйеуінің диятына мұрагер етуді хатпен тапсырған. Ол әйел басқа қауымнан еді”, – деді. Сонда Омар бұрынғы пікірінен қайтты».1
Түсіндірме
1. «Әл-Мажмағта» ақилаға мынадай анықтама берілген: «Бір адамның байқаусызда өлтіріп қойған кісісінің диятына үлес қосатын әке жағынан туыс адамдары мен асабасы». Омар Насухи Билменнің түсіндіруінше, Ислам құқығында ақила – адамның тіркелген диуан тобы, әке жағынан туыстары мен руы, қазына немесе оны азат еткен қамқоршысы. Бұл адамдар бір-біріне қарайласады. Олардың бірі байқаусызда не қасақанаға ұқсас түрде кісі өлтірсе, ақила тиісті диятты немесе ғурраны белгіленген тәртіппен төлеуге міндетті. Ақила тәртібі диуан мен ру жүйесі орныққан араб және өзге мұсылман халықтарында қолданылған. Мұндай ұйымы жоқ мұсылман халықтарында диятты кінәлі адамның өзі төлеген.2
2. Осы риуаят бойынша, Омар өлтірілген адамның диятынан оны төлеуге міндетті адамдардың өздері үлес алады деп шешкен. Әйел күйеуінің ақиласына жатпағандықтан, Омар оны дияттан үлес алатындардың қатарына қоспаған. Алла елшісінің тұсында бәдәуилер арасында қызмет атқарған Даххак ибн Суфиян мұны естігенде қарсы пікір айтып, Пайғамбардың осы мәселеде өзіне жазған нұсқауын еске салған.
3. Хадисте өлтірілген кісі үшін дият төленетіні және оның өзге мүлкі секілді мирасқа жататыны айтылған. Әлиден (р.а.) туған бауырлар мен ерлі-зайыптылар дияттан мұра алмайды деген пікір де жеткен.