وَعَنْ سِمَاكِ بْنِ حَرْبٍ عَنْ رَجُلٍ مِنْ قَوْمِهِ عَنْ آخَرَ مِنْهُمْ قَالَ: رَأَيْتُ رَايَةَ رَسُولِ اللَّهِ ﷺ صَفْرَاءَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Симак ибн Харб өз қауымынан бір кісінің, ал ол сол қауымнан тағы бір адамның мына сөзін жеткізгенін айтады: «Алла елшісінің (с.а.с.) байрағын көрдім. Ол сары түсті еді».1
Түсіндірме
Бұл риуаяттарда Алла елшісінің (с.а.с.) байрағы мен жалауы айтылады. Турбушти «раияны» шайқаста жауынгерлер маңына топтасатын адамның қолындағы байрақ деп, ал «лиуаны» қолбасшыдан қалмай жүретін жауынгер ұстаған жалау деп түсіндіреді. Нәуәуи Мүслимге жазған түсіндірмесінде: «Раия – кіші байрақ, лиуа – үлкен байрақ», – дейді. Ибн әл-Араби лиуаны найзаның ұшына оралған мата, раияны найзаға байланып, желбіреп тұратын мата деп түсіндірген. Ахтари екеуін де байрақ деп түсіндіреді. Сондықтан бұл сөздер кейде бірінің орнына бірі қолданыла береді.
Қади Иядтың айтуынша, қара байрақ алыстан айбатты көрінеді әрі күш-қуатты аңғартады. Бір риуаятта матаның «нәмирә» деп аталғаны айтылады. Ол атау ала терілі қабыланның атауына байланысты қойылған.
Риуаяттарда байрақтың түсі әртүрлі аталады. Ибн Хажар мұны Алла елшісінің (с.а.с.) әр кезде әртүрлі байрақ ұстауымен түсіндіреді. Алла елшісінің (с.а.с.) Бәни Сүләймге қызыл, ансарларға сары байрақ бергені айтылады. Тағы бір риуаятта оның байрағына «Лә иләһа иллаллаһ, Мұхаммадур Расулуллаһ» деп жазылғаны, Сағд ибн Мәлик әл-Әздиге берген қара байрағында ай бейнесі болғаны айтылады. Кей ғалымдар ай бейнесінің Ислам нышанына айналуын осы байрақпен байланыстырады.
- 1Әбу Дәуіт, Жиһад 76 (2593).