عَنْ أَبِي أُمَيَّةَ الشَّعْبَانِيِّ قَالَ: قُلْتُ يَا أَبَا ثَعْلَبَةَ كَيْفَ تَقُولُ فِي هَذِهِ الْآيَةِ: يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا عَلَيْكُمْ أَنْفُسَكُمْ. فَقَالَ: أَمَا وَاللَّهِ لَقَدْ سَأَلْتَ عَنْهَا خَبِيرًا. سَأَلْتُ عَنْهَا رَسُولَ اللَّهِ ﷺ. فَقَالَ: بَلِ ائْتَمِرُوا بِالْمَعْرُوفِ، وَانْتَهُوا عَنِ الْمُنْكَرِ، حَتَّى إِذَا رَأَيْتُمْ شُحًّا مُطَاعًا، وَهَوًى مُتَّبِعًا، وَدُنْيَا مُؤْثَرَةً، وَإِعْجَابَ كُلِّ ذِي رَأْيٍ بِرَأْيِهِ، فَعَلَيْكَ بِنَفْسِكَ، وَدَعْ عَنْكَ أَمْرَ الْعَوَّامِّ. فَإِنَّ مِنْ وَرَائِكُمْ أَيَّامًا الصَّبْرُ فِيهِنَّ كَالْقَبْضِ عَلَى الْجَمْرِ، لِلْعَامِلِ فِيهِنَّ مِثْلُ أَجْرِ خَمْسِينَ رَجُلًا يَعْمَلُونَ مِثْلَ عَمَلِكُمْ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әбу Умәйя әш-Шағбани айтады: «Әбу Сағлабаға: “Уа, Әбу Сағлаба, осы аят жайында не дер едің: ﴿يَٰٓأَيُّهَا ٱلَّذِينَ ءَامَنُوا۟ عَلَيْكُمْ أَنفُسَكُمْ لَا يَضُرُّكُم مَّن ضَلَّ إِذَا ٱهْتَدَيْتُمْ﴾ ‘Уа, мүміндер! Алдымен өздеріңе қарап, өздерің түзеліңдер! Өздерің тура жолда болсаңдар, адасқандар сендерге кесірін тигізе алмайды’1?” – дедім. Ол: “Алланың атымен ант етемін, бұл туралы білетін адамнан сұрадың. Мен де Алла елшісінен (с.а.с.) осыны сұрадым. Ол: ‘Қайта бір-біріңді жақсылыққа шақырыңдар, жамандықтан тыйылыңдар. Сараңдыққа бойсұнып, нәпсінің жетегінде кеткенін, дүниенің артық саналғанын, әркімнің өз пікіріне сүйсінгенін көрсең, өзіңе қара, көпшіліктің ісін қоя тұр. Алдарыңда сабыр ететін күндер бар. Ол күндері сабыр ету – алақанда шоқ ұстағандай. Сол кезде сендер істегендей амал еткен адамға елу адамның сауабы беріледі’, – деді”, – деп жауап берді».2
Түсіндірме
Аяттың сыртқы мағынасы адамға өз ісімен шұғылдануды бұйырғандай көрінеді. Басқа аяттар мен хадистер жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюға үндейтіндіктен, осы аят жайында сұрақ туған. Алла елшісі (с.а.с.) бұған «Жақсылықты ұстаныңдар» деп жауап берген. Мағруф – жақсы деп танылған, шариғат рұқсат етіп, істеуге үндеген іс. Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю да соған жатады. Мүмін осы міндетін жалғастыра береді. Алайда қоғамда кей белгілер байқалып, насихаттың пайдасынан зияны басым болса, оны тоқтата тұрған жөн. Хадисте сол белгілер аталады: сараңдыққа бойсұну, нәпсінің соңынан еріп, шариғат әмірлерін тәрк ету, дүниені діннен жоғары қою, пікір иелерінің Құранға, сүннетке, үмбет ижмағына және сахабалар сөзіне жүгінбей, өз пікіріне сүйсініп, сонымен амал етуі.
Мұнда сыртқы дұшпанның үстемдігі емес, мұсылман қоғамында дінге қайшы құндылықтардың үстем болып, ішкі алауыздықтың шегіне жетуі сөз болады. Осындай күйге түскен адамдарға жақсылықты бұйыру пайда бермей, зиянды үдетуі мүмкін. Сондықтан Алла елшісі (с.а.с.) сондай ортадан шеттеп, өзіңді сақтауды ұсынған. Себебі алда сабыр сыналатын ауыр күндер бар.