Хадис

Кутуб ситтә, № 4804

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
731. № 4802–4804 хадистер
Нөмірі
№ 4804 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 3
4804
Кутуб ситтә, № 4804 · тараудағы реті: 3

وَلِمُسْلِمٍ: الْإِيمَانُ يَمَانٍ، وَالْكُفْرُ قِبَلَ الْمَشْرِقِ، وَالسَّكِينَةُ فِي أَهْلِ الْغَنَمِ وَالْفَخْرُ وَالرِّيَاءُ فِي الْفَدَّادِينَ: أَهْلِ الْخَيْلِ وَالْوَبَرِ.

Қазақша аудармасы

Мүслимнің риуаятында былай делінген: «Иман Йеменде, күпірлік шығыста. Қой баққан жұртқа байсалдылық тән. Ал мақтаншақтық пен көзбояушылық фаддадтарға, яғни жылқы бағып, шатыр тігіп көшіп-қонған жұртқа тән»1.

Түсіндірме

1. Үш риуаят та Әбу Һурайрадан жеткен. Үшеуінің түбі бір, кей нұсқасында қосымша сөздер бар. Бұл хадиске бұған дейін де тоқталғанбыз. Мұнда түсіндіруді қажет ететін бірнеше тұсын ғана қарастырамыз. «Күпірліктің басы шығыста» деген сөз мәжусилерді және олардың күпірлігінің күшті болғанын меңзейді. Ол кезде мәжусилер мен оларға бағынған жұрт Мәдинаның шығысында мекендеген. Артында ежелден келе жатқан империясы, тәртіпті әскері мен қуатты мемлекеті болған соң, олар кеуде керіп, айбар шегетін. Әсіресе біртұтас мемлекеті болмай, ру-тайпа болып күн кешкен арабтарға менсінбей қарайтын. Алла елшісінің (с.а.с.) жолдаған хатын жыртқаны да сол менмендіктен еді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) олардың өздері де быт-шыт болсын деп дұға етті. Ақырында Византиядан кейінгі екінші ірі держава саналған Сасани империясы әзірет Омардың (р.а.) тұсында ыдырады.

2. Хадистегі «фахр», «кибр» және «хуяла» – өзін өзгеден жоғары санап, айналасындағыларды менсінбеу сияқты жағымсыз мінезді білдіретін мағыналас сөздер. «Фаддадин» – «фаддад» сөзінің көпше түрі. Бұл сөзге бірнеше түсінік берілген.

1) Егіншілікке пайдаланылатын өгіз.

2) Хаттабидің түсіндіруінше, егін егуге қолданылатын құрал, яғни соқа.

3) Жер жыртқанда не басқа бір жұмыс үстінде түйеге, сиырға, жылқыға айғайлап, қатты дауыс шығаратын адам. «Фәдид» сөзі «қатты дауыс» дегенді білдіреді.

4) Шөл далада тұратын адамдар. Бұл пікірді айтқандар сөздің «шөл» деген мағынадағы «фәдтәдтен» тарағанын алға тартады. Ибн Хажар мұндай түсініктеменің хадис мәтініне үйлесуі күмәнді екенін айтқан.

5) Мағмар ибн әл-Мусаннаның айтуынша, екі жүзден мыңға дейін түйесі бар адамдар.

6) Бұхаридің басқа бір риуаятында «Қатігездік пен тасжүректік түйелерінің құйрық тұсында тұрып, бар даусымен айғай салатындарға тән» делінген. Мұндағы «фаддадинді» «қатты дауыстап айғай салатындар» деп түсінсек, хадистің мағынасы айқындала түседі. Бұл түсінік өзге риуаяттарда да сөздің қандай мағынада қолданылғанын аңғартады.

Хаттаби былай дейді: «Шөлде тұратындардың мінелуі – дала тіршілігінің қамымен жүріп, дін істеріне уақыт таба алмауынан. Дүние тірлігіне тым көп алаңдау адамның жүрегін қатайтады».

3. «Әһл әл-уәбәр» – шатыр тігіп тұратын жұрт. «Уәбәр» сөзі түйенің жүнін білдіреді. Арабтар шөл мен далада көшіп-қонып жүрген жұртты «әһл әл-уәбәр», ал отырықшы, қалада тұратын жұртты «әһл әл-мадар» деп атаған.

4. «Байсалдылық» деп аударылған «сәкина» сөзі көңіл орнықтылығы, сабыр, салмақтылық пен кішіпейілділік деген мағыналарды білдіреді. Бұл қасиеттің қой баққандарға телінуінің себебі – олардың түйе өсірген жұртқа қарағанда дәулеті мен тұрмыс молшылығы кемірек болған. Дәулет өскен сайын кісінің бойында тәкаппарлық пен менмендік басым түсетіні белгілі. Алла елшісі (с.а.с.) адам баласының осы осалдығына назар аударып, дәулетті кісілерге ескерту айтқан болса керек.

Кейбір шарх иелері Алла елшісінің (с.а.с.) «қой баққандар» дегенде йемендіктерді меңзегенін айтады. Мудар мен Рабиға тайпалары түйе өсірсе, йемендіктер қой баққан. Ибн Мәжа жеткізген бір риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) Үммі Һаниге: «Қой ұста, онда береке бар», – деп кеңес берген.

5. Екінші риуаяттағы «шайтанның мүйізі» тіркесін Хаттаби жұртқа ұнамсыз, жаман нәрселерді бейнелейтін сөз деп түсіндіреді. «Бүлік шайтанның мүйізі шыққан жерде болады» дегені бүліктің жамандық пен күпірлік үстемдік еткен жерден шығатынын білдіреді.

«Қарнуш-шайтан» тіркесі «шайтанның үмбеті», «шайтанға ергендер» немесе «шайтанның күші» деген мағыналарды да білдіреді. Мұның бәрі бір түйінге саяды: бүлік шайтанның ықпалы күшейіп, оған ерушілер көбейген, сөйтіп жамандық үстемдік алған жерден шығады.

  1. 1Мүслим, «Иман», 85 (52e).