وَعَنْ سُوَيْدِ بْنِ غَفْلَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ عَلِيٌّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: إِذَا حَدَّثْتُكُمْ عَنْ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ حَدِيثًا، فَوَاللَّهِ أَنْ أُخِرَّ مِنَ السَّمَاءِ أَحَبُّ إِلَيَّ مِنْ أَنْ أَقُولَ عَلَيْهِ مَا لَمْ يَقُلْ، وَإِذَا حَدَّثْتُكُمْ فِيمَا بَيْنِي وَبَيْنَكُمْ فَإِنَّ الْحَرْبَ خُدْعَةٌ، وَإِنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: سَيَخْرُجُ قَوْمٌ فِي آخِرِ الزَّمَانِ حُدَثَاءُ الْأَسْنَانِ سُفَهَاءُ الْأَحْلَامِ، يَقُولُونَ مِنْ خَيْرِ قَوْلِ الْبَرِيَّةِ، يَقْرَأُونَ الْقُرآنَ، لَا يُجَاوِزُ إِيمَانُهُمْ حَنَاجِرَهُمْ، يَمْرُقُونَ مِنَ الدِّينِ كَمَا يَمْرُقُ السَّهْمُ مِنْ الرَّمِيَّةِ، فَأَيْنَمَا لَقِيتُمُوهُمْ فَاقْتُلُوهُمْ فَإِنَّ فِي قَتْلِهِمْ أَجْرًا لِمَنْ قَتَلَهُمْ عِنْدَ اللَّهِ يَوْمَ الْقِيَامَةِ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ إِلَّا التِّرْمِذِيَّ.
Суәйд ибн Ғафла былай жеткізген: «Әли (р.а.) былай деді: “Мен сендерге Алла елшісінен (с.а.с.) хадис жеткізсем, Аллаға ант етемін, ол айтпаған сөзді айтқаннан гөрі көктен құлағанды артық көремін. Ал арамыздағы іске келсек, соғыс – айла. Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін естідім: ‘Ақыр заманда жасы кіші, ақылы таяз бір топ шығады. Олар жаратылғандардың ең қайырлысының сөзін айтады, Құран оқиды. Алайда имандары кеңірдектерінен әрі өтпейді. Жебе аңды тесіп өткендей, олар діннен шығады. Қай жерде жолықтырсаңдар да, оларды өлтіріңдер. Өйткені қиямет күні оларды өлтіргенге Алла сый береді’”»1.
Түсіндірме
1. Бұрынғы ғалымдар «жасы кіші, ақылы таяз» деген сипатпен харижилер меңзелгенін айтқан. «Тәйсирде» де бұл хадис харижилер бүлігіне арналған бөлімде берілген. Алла елшісінің (с.а.с.) хадистері де Құран секілді әр дәуірге қатысты болғандықтан, әр буын оларды өз заманының оқиғаларына қатысты пайымдай алады. Бүліктің сипаты туралы бөлімде біз де жасырын, екіжүзді күштер жөн білмеген жастарды Исламның атын жамылған ұрандармен алдап, өз пайдасына жаратуы мүмкін екеніне назар аударғанбыз.
2. Кейбір ғалымдар خَيْرِ قَوْلِ الْبَرِيَّةِ тіркесін قَوْلِ خَيْرِ الْبَرِيَّةِ түрінде оқу керек деген. Сонда «жаратылғандардың ең қайырлысының сөзі» деген мағына шығады. Мұнда Құран мен хадис меңзелген.
3. Құран оқыса да, иманының кеңірдегінен әрі өтпеуі олардың Құранның мәнін түсінбей, үкімін өмірде ұстанбай, жұртты алдау үшін ұранға айналдырғанын білдіреді. Жебе аңды тесіп, ештеңе жұқтырмай арғы жағынан шыққандай, олар да Исламнан үлес алмай, діннен шығады. Ибн әл-Әсир «Ән-Ниһаяда» бұл теңеуді жебеге аңның етінен ештеңе ілінбей өтетінімен түсіндіреді.
4. Әбу Дәуіттегі бір нұсқада Алла елшісі (с.а.с.): «Олар мұсылмандарды өлтіреді, пұтқа табынушыларға тиіспейді. Егер соларға жолықсам, Алламен ант етемін, оларды Ад қауымы құрығандай құртар едім», – деген. Шархта олар мұсылмандарды үлкен күнә жасағаны үшін кәпір санағаны айтылады. «Ад қауымы құрығандай» деген сөз түп-тұқияны қалмай құруды білдіреді. Ад қауымы түгел опат болған.
Бұрынғы ғалымдар бұл хадисті харижилерге қатысты қолданып, олар үлкен күнә жасаған кісіні кәпір санаған деген. Бүгінде осындай әрекетке барған топтарға дәл осы сипаттарды телу міндетті емес. Қазіргі Ислам әлемі кең, әр өңірде мұсылмандарға кесірі тиетін топтардың алға тартар желеуі де әртүрлі болуы мүмкін. Алла елшісі (с.а.с.) олардың ақыры Ад қауымының ақырындай болатынын хабарлаған. Шарх иесі: «Ад қауымы адам қолынан өлген жоқ. Атом бомбасынан кейінгі дауылды еске салатын желден түгел қырылды», – дейді.
- 1Бұхари, «Фазаил әл-Құран», 36 (5057), «Манақиб», 25 (3611), «Иститаба», 6 (6930). Мүслим, «Зекет», 154 (1066a). Әбу Дәуіт, «Сүннет», 31 (4767). Нәсәи, «Тахрим», 26 (4102).