عَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: خَرَجَ عَلَيْنَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَفِي يَدِهِ كِتَابَانِ، فَقَالَ: «أَتَدْرُونَ مَا هَذَانِ الْكِتَابَانِ؟» فَقُلْنَا: لَا يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِلَّا أَنْ تُخْبِرَنَا. فَقَالَ لِلَّذِي فِي يَدِهِ الْيُمْنَى: «هَذَا كِتَابٌ مِنْ رَبِّ الْعَالَمِينَ، فِيهِ أَسْمَاءُ أَهْلِ الْجَنَّةِ وَأَسْمَاءُ آبَائِهِمْ وَقَبَائِلِهِمْ، ثُمَّ أُجْمِلَ عَلَى آخِرِهِمْ، فَلَا يُزَادُ فِيهِمْ وَلَا يُنْقَصُ مِنْهُمْ أَبَدًا». ثُمَّ قَالَ لِلَّذِي فِي شِمَالِهِ: «هَذَا كِتَابٌ مِنْ رَبِّ الْعَالَمِينَ، فِيهِ أَسْمَاءُ أَهْلِ النَّارِ وَأَسْمَاءُ آبَائِهِمْ وَقَبَائِلِهِمْ، ثُمَّ أُجْمِلَ عَلَى آخِرِهِمْ، فَلَا يُزَادُ فِيهِمْ وَلَا يُنْقَصُ مِنْهُمْ أَبَدًا». فَقَالَ أَصْحَابُهُ: فَفِيمَ الْعَمَلُ يَا رَسُولَ اللَّهِ، إِنْ كَانَ أَمْرٌ قَدْ فُرِغَ مِنْهُ؟ فَقَالَ: «سَدِّدُوا وَقَارِبُوا، فَإِنَّ صَاحِبَ الْجَنَّةِ يُخْتَمُ لَهُ بِعَمَلِ أَهْلِ الْجَنَّةِ وَإِنْ عَمِلَ أَيَّ عَمَلٍ، وَإِنَّ صَاحِبَ النَّارِ يُخْتَمُ لَهُ بِعَمَلِ أَهْلِ النَّارِ وَإِنْ عَمِلَ أَيَّ عَمَلٍ». ثُمَّ قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِيَدَيْهِ فَنَبَذَهُمَا، ثُمَّ قَالَ: «فَرَغَ رَبُّكُمْ مِنَ الْعِبَادِ، فَرِيقٌ فِي الْجَنَّةِ وَفَرِيقٌ فِي السَّعِيرِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) қолына екі кітап ұстап, алдымызға шықты да: “Мына екі кітаптың не екенін білесіңдер ме?” – деп сұрады. Біз: “Жоқ, уа, Алла елшісі! Өзіңіз айтпасаңыз, білмейміз”, – дедік. Сонда оң қолындағы кітапты көрсетіп: “Бұл – әлемдердің Раббысынан келген кітап. Онда жәннат тұрғындарының, олардың әкелері мен тайпаларының аттары жазылған. Ақырғысына дейін түгел тіркелген. Бұл тізімге ешқашан ешкім қосылмайды, одан ешкім шығарылмайды”, – деді. Сосын сол қолындағы кітапты көрсетіп: “Бұл – әлемдердің Раббысынан келген кітап. Онда тозақ тұрғындарының, олардың әкелері мен тайпаларының аттары жазылған. Ақырғысына дейін түгел тіркелген. Бұл тізімге ешқашан ешкім қосылмайды, одан ешкім шығарылмайды”, – деді. Сахабалар: “Уа, Алла елшісі! Іс әлдеқашан шешіліп қойса, амал етудің мәні не?” – деп сұрады. Ол: “Туралықты көздеңдер, оған барынша жақындаңдар. Жәннаттық адамның бұрын қандай іс істегеніне қарамастан, соңғы амалы жәннаттықтардың амалы болады. Тозақтық адамның да бұрын қандай іс істегеніне қарамастан, соңғы амалы тозақтықтардың амалы болады”, – деді. Содан кейін Алла елшісі (с.а.с.) қолымен ишара жасап, екі кітапты тастады да: “Раббыларың құлдарына қатысты үкімді белгілеп қойған: бір топ жәннатта, бір топ жалындаған тозақта болады”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Хадисте Алла тағаланың бәрін әуел бастан білетіні баяндалады. Ол адамдардың не істейтінін біледі. Ізгі амал жасап, жәннатқа кіретіндерді бір кітапқа, жаман амал жасап, тозаққа кіретіндерді екінші кітапқа жазған. Алланың осы ілімін ешкім өзгерте алмайды.
Осыны естіген сахабалар көптің көкейіндегі сауалды Алла елшісіне қойды: «Бәрі әуел бастан жазылып, оны өзгерту мүмкін болмаса, тер төгіп, амал етудің не қажеті бар?» Пайғамбар (с.а.с.) оларға өздеріне беймәлім тағдырға сүйеніп әрекет етпей, мойындарына жүктелген міндеттерін орындауды бұйырды. Алла оларды әміріне бойсұнып, амал еткен-етпегеніне қарай есепке тартады. Сондықтан бұйырылған істі кемітпей де, асырмай да орындауға ұмтылу керек. Жәннаттықтар мен тозақтықтар өмірінің соңында тағдырына сай амал етеді. Үкім соңғы амалға қарай беріледі.
2. Кей ғалымдар Пайғамбардың қолындағы екі кітапты кәдімгі кітап деп түсіндірсе, кейбірі бұл сөз астарлы мағынада айтылған деп біледі.
- 1Тирмизи, «Қадар», 8-тарау (2141).