وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «إِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ خَلَقَ خَلْقَهُ فِي ظُلْمَةٍ، فَأَلْقَى عَلَيْهِمْ مِنْ نُورِهِ، فَمَنْ أَصَابَهُ مِنْ ذَلِكَ النُّورِ اهْتَدَى، وَمَنْ أَخْطَأَهُ ضَلَّ، فَلِذَلِكَ أَقُولُ: جَفَّ الْقَلَمُ عَلَى عِلْمِ اللَّهِ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Алла жаратылыстарын қараңғылықта жаратты. Содан соң олардың үстіне Өз нұрынан шашты. Сол нұр кімге тисе, ол тура жол тапты, ал кімге тимесе, ол адасты. Сондықтан ‘Қалам Алла тағаланың іліміне сай жазып, сиясы кепкен’ деймін”, – деді»1.
Түсіндірме
1. Хадистегі қараңғылықта жаратылғандар – жындар мен адамдар. Өйткені періштелердің нұрдан жаратылғаны айтылған.
2. Жындар мен адамдардың қараңғылықта жаратылуы дегеніміз – жамандыққа итермелейтін нәпсі мен адастыратын құмарлықтарға бейім болуы.
3. Иләһи нұр дарыған адам жәннатқа апарар жолды табады. Сол нұрдан үлес алмаған адам ақиқат жолынан адасады.
4. Хадистің соңындағы «Қалам Алла тағаланың іліміне сай жазып, сиясы кепкен» деген сөз Алланың әуел бастан біліп, үкім еткен ісі өзгермейтінін білдіреді. Бұл сөзді «иман, мойынсұну, күпірлік пен күнәға қатысты әуелде жазылған нәрсе өзгермейді, сондықтан қаламның сиясы кепкен деймін» деп те түсіндірген.
- 1Тирмизи, «Иман» (2642).