وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «تَحَاجَّ آدَمُ وَمُوسَى عَلَيْهِمَا السَّلَامُ. فَقَالَ لَهُ مُوسَى: أَنْتَ الَّذِي أَخْرَجْتَ النَّاسَ مِنَ الْجَنَّةِ بِذَنْبِكَ وَأَشْقَيْتَهُمْ. فَقَالَ آدَمُ لِمُوسَى: أَنْتَ الَّذِي اصْطَفَاكَ اللَّهُ بِرِسَالَتِهِ وَبِكَلَامِهِ، أَتَلُومُنِي عَلَى أَمْرٍ كَتَبَهُ اللَّهُ عَلَيَّ قَبْلَ أَنْ يَخْلُقَنِي؟» قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «فَحَجَّ آدَمُ مُوسَى». أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ إِلَّا النَّسَائِيَّ.
Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Адам мен Мұса (а.с.) пікір таластырды. Мұса: “Күнәңнің кесірінен адамдарды жәннаттан шығарып, бақытсыз еткен сенсің”, – деді. Адам оған: “Алла елшілік міндетіне таңдап, Өзі тілдескен адам сенсің. Мені жаратпастан бұрын Алла маған жазған іс үшін мені кінәлайсың ба?” – деді. Осылайша Адамның дәлелі Мұсаның дәлелінен басым түсті».1
Түсіндірме
1. Осы пікірталастың қай жерде және қашан болғаны туралы әртүрлі пікір бар.
• Кей ғалымдардың айтуынша, оқиға ақыретте болады. Оның болатыны анық болғандықтан, өткен шақпен жеткізілген.
• Кей ғалымдар бұл оқиға осы дүниеде, Мұсаның (а.с.) дәуірінде болды дейді. Мұса Адамды көруді тілегенде, Алла Адамды тірілтіп, екеуін кездестірген.
• Кей ғалымдар екі пайғамбар Мұса дүниеден өткеннен кейін бәрзақ әлемінде кездескен болуы мүмкін деп болжаған.
2. Бұл риуаятта Адамның тағдыры жаратылмай тұрып жазылғаны айтылады. Басқа нұсқада «Адам жаратылардан қырық жыл бұрын» делінген. Ибн әт-Тин бұған Құрандағы ﴿إِنِّي جَاعِلٌ فِي الْأَرْضِ خَلِيفَةً﴾ «Мен жер бетінде халифа жаратамын!»2 деген сөзді дәлел еткен. Ибн әл-Жәузи былай дейді: «Алланың әуелден бар ілімі барлық жаратылысты олар әлі жаратылмай тұрып қамтыған. Бірақ Ол бұларды әртүрлі уақытта жазған. “Сахих Мүслимде”: “Алла жаратылыстардың тағдырын көктер мен жерді жаратудан елу мың жыл бұрын жазды”, – делінген. Сондықтан Адамға қатысты істің ол жаратылардан қырық жыл бұрын жазылуы әбден мүмкін. Тіпті бір риуаятта Адамның Мұсадан: “Істеген ісімнің Тәуратта мен жаратылудан қанша жыл бұрын жазылғанын көрдің?” – деп сұрағаны, Мұсаның: “Қырық жыл бұрын”, – деп жауап бергені айтылады». Нәуәуидің пікірінше, бұл жерде тағдырдың өзі туралы сөз болып тұрған жоқ. Өйткені тағдыр әуелден бар, ал хадисте оның Ләухул-махфузға, Тәуратқа немесе тақталарға жазылуы меңзелген.
3. Хадистен шығарылған кейбір үкімдер
• Қади Иядтың айтуынша, бұл хадис Адам шығарылған жәннат тақуаларға уәде етілген мәңгілік жәннат деген әһлі сүннет пікірін қуаттайды. Мұғтазиланың кей ғалымдары ол жәннат жер бетінде болған деп санайды.
• Пікірталаста өз уәжін дәлелдеп, қарсы тараптың қателескен жерін көрсетуге болады.
• Ақиқатты анықтау үшін адам өзінен үлкен кісімен де дәлел келтіре отырып пікір алмаса алады.
• Хадис тағдырдың бар екенін және құлдардың істері жаратылатынын қуаттайды.
• Әдетте құпталмайтын кей қылықтарға адам ашуланған не қайғырған сәтте кешіріммен қарауға болады. Әсіресе ашуы тез келетін кісіге көбірек кеңдік танытылады.
Мұса (а.с.) кінә таққанда, Адам (а.с.) байыпты қалпын сақтаған. Ол Мұсаға сұрақ қою арқылы оның айтқанындағы ағаттықты аңғартып, естен шығарған жайтты есіне салған.