وَعَنِ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «صِنْفَانِ مِنْ أُمَّتِي لَيْسَ لَهُمَا فِي الْإِسْلَامِ نَصِيبٌ: الْمُرْجِئَةُ وَالْقَدَرِيَّةُ». أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Ибн Аббас (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Үмбетімнің ішінде исламнан үлесі жоқ екі топ бар: мүржия мен қадария»1, – дейді.
Түсіндірме
Мүржия – адасқан ағымдардың бірі. Олардың негізгі ұстанымы мынадай: «Күпірлік кезінде мойынсұнудың пайдасы болмағаны сияқты, иман барда күнәнің зияны жоқ». Күпірлік жағдайында мойынсұнудың пайдасы жоқ дегені рас. Ал иман барда күнәнің зияны жоқ деу харамды халал санауға, өзін мүмін атаған адамның түрлі күнә істеуіне жол ашады. Бұл пікір қадарияның ұстанымына қарама-қарсы. Қадария: «Үлкен күнә жасаған адам тәубе етпей қайтыс болса, тозақта мәңгі қалады», – дейді. Мүржия болса: «Күнәсі қанша ауыр болса да, иманы бар кісіге зиян келмейді», – дейді.
Бұл ағымдар бір-біріне қарама-қарсы шекке шыққан. Әһлі сүннет орта жол ұстанған.
2. Бұл ағымның «мүржия» аталуының себебі жөнінде ғалымдар бірнеше пікір айтқан.
• Кей ғалымдардың айтуынша, бұл топ әзірет Осман (р.а.) қаза тапқан тұста пайда болған. Мәдинада мұсылмандар екі топқа бөлінген.
1. Бір топ әзірет Османды жазықсыз өлтірілді деп, оның кегін алуға ұмтылды.
2. Екінші топ әзірет Әлиді халифалыққа лайық деп, оны қолдады.
Екі тараппен де байланысын үзбеген үшінші топ ешқайсысын жақтамай, үкімді Аллаға қалдырған. «Кейінге қалдыру» деген мағынадағы «иржа» сөзіне байланысты олар «мүржия» аталған.
• Кей пікір бойынша, олар әзірет Әлиді бірінші халифа санамай, төртінші халифа санағандықтан осылай аталған. Бұл түсіндірмеде мүржия – шииттердің қарсыласы.
• Басқа түсіндірмеге сай, олар үлкен күнә жасаған адамның үкімін қияметке қалдырғандықтан мүржия аталған. Олардың түсінігінде сондай адамның жәннаттық не тозақтық екені осы дүниеде айтылмайды. Үкім ақыретке қалдырылады.
• Кей түсіндірмеде «мүржия» атауын «үміт беру» мағынасындағы «иржа» сөзімен байланыстырады. Олар үлкен күнәнің мүмінге зияны жоқ деп, күнә жасаған адамдарды жәннаттан үміт үзбеуге шақырған.
• Тағы бір түсіндірме бойынша, олар амалдың орнын иманнан кейін қойғаны үшін мүржия аталған. Мұнда «иржа» сөзі «кейінге қалдыру» мағынасында қолданылады.
Мүржияның осы ұстанымдары Құран мен сүннетті негізге алған әһлі сүннет уәл-жамағаттың ұстанымына қайшы.
- 1Тирмизи, «Қадар» (2149).