وَعَنْ فُضَالَةِ بْنِ عُبَيْدٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: طُوبَى لِمَنْ هُدِيَ إِلَى الْإِسْلَامِ وَكَانَ عَيْشُهُ كَفَافًا وَقَنِعَ. أَخْرَجَهُ التِّرْمِذِيُّ.
Фадала ибн Убәйд (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Исламның тура жолы бұйырған, күнкөрісіне жетерлік несібесі бар және соған қанағат еткен адам қандай бақытты!”»1
Түсіндірме
«Жетерлік» деп аударған «кәфәф» сөзін Ибн әл-Әсир «Ән-Ниһая» еңбегінде: «Қажеттілікті өтеп, артылып қалмайтын нәрсе. Басқаша айтқанда, қажетін өтеуге жететін ең аз мөлшер. Кәфәф мөлшерінде сән-салтанат та, мақтан да жоқ», – деп түсіндіреді.
Хадисте Исламның тура жолы нәсіп болып, өзгеге қол жаймайтындай күнкөрісін қамтамасыз еткен адамға «қандай бақытты!» деп сүйінші айтылған. Өйткені қажеттіліктен артылған дүниенің есебі бар: оның қызығына мастанып, харамға ұрыну және оның ақысын өтей алмау қаупі туады.
- 1Тирмизи, «Зуһд», 35 (басылымға қарай № 2349 немесе № 2350).