Хадис

Кутуб ситтә, № 4870

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
748. Қайыр сұрау
Нөмірі
№ 4870 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 8
4870
Кутуб ситтә, № 4870 · тараудағы реті: 8Риуаят етуші: Ибн Мәсғуд (р.а.)

وَعَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ سَأَلَ النَّاسَ وَلَهُ مَا يُغْنِيهِ جَاءَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَمَسْأَلَتُهُ فِي وَجْهِهِ خُمُوشٌ أَوْ خُدُوشٌ أَوْ كُدُوحٌ. قِيلَ: وَمَا يُغْنِيهِ؟ قَالَ: خَمْسُونَ دِرْهَمًا أَوْ قِيمَتُهَا مِنْ الذَّهَبِ. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Мәсғуд (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: “Кім қажетіне жетер дүниесі бола тұра жұрттан сұраса, қиямет күні сол сұрағаны жүзіндегі тырналған, сызылған немесе жараланған із болып көрінеді”. Одан: “Қажетіне жететін мөлшер қандай?” – деп сұрады. Ол: “Елу дирхам немесе соның құнына тең алтын”, – деді».1

Түсіндірме

1. Хадисте қажетінен артық дүние сұраған жанның қиямет күні жүзінде жара іздері болатыны айтылады. Жара ізін білдіретін «хумуш», «худуш», «кудух» сөздері мәндес. Бір мағынаны айқындау үшін үш сөз қатар қолданылған. Кейбір ғалымдар оларды бөлек түсіндірген: қажетінен аздап артық сұрағанның жүзі тырналғандай, одан көбірек сұрағанның жүзі тілінгендей, ал тым көп сұрағанның жүзі ойылып түскендей жараланады.

2. Хадисте байлық мөлшері сөз болғанымен, имам Мәлик пен Шафиғи: «Байлықтың бәріне бірдей өлшемі жоқ. Ол адамның халіне байланысты», – деген. Шафиғи: «Еңбек ете алатын адамның бір дирхамы болса да, бай саналады. Ал еңбекке шамасы жетпейтін, бала-шағасы көп адамның мың дирхамы болса да, кедей саналады», – дейді. Сәури, Ибн әл-Мубәрак, Ахмад пен Исхақ осы хадиске сүйеніп, елу дирхамы бар адамды бай санаған әрі оған садақа алу харам деген. Әбу Ханифа мен оның шәкірттері садақа алуға тыйым салынатын мөлшерді екі жүз дирхам деп көрсеткен. Осынша мүлкі бар адамға зекет беру парыз.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Зекет», 23 (№ 1626). Тирмизи, «Зекет», 22 (№ 650). Нәсәи, «Зекет», 87 (5/97). Ибн Мәжа, «Зекет», 26 (№ 1840).