وَعَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ نَزَلَتْ بِهِ فَاقَةٌ فَأَنْزَلَهَا بِالنَّاسِ لَمْ تُسَدَّ فَاقَتُهُ، وَمَنْ نَزَلَتْ بِهِ فَاقَةٌ فَأَنْزَلَهَا بِاللَّهِ فَيُوشِكُ اللَّهُ لَهُ بِرِزْقٍ عَاجِلٍ أَوْ آجِلٍ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ وَصَحَّحَهُ.
Ибн Мәсғудтан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай деді: «Кім басына түскен кедейлікті жұртқа шағып, содан пана іздесе, кедейлігі сейілмейді. Ал кім кедейлікке ұшырап, мұңын Аллаға шақса, Алла оған ерте ме, кеш пе, несібесін жеткізеді».1
Түсіндірме
Хадисте Алла елшісі (с.а.с.) таршылық пен мұқтаждыққа ұшыраған адамға жұртқа шағымданбай, Аллаға жүгінуді өсиет етеді. Тиби мұнда кедейліктен құтылудың негізгі жолы деп жұрттан қайыр сұрауды білген адам меңзелгенін айтады.
Әбу Дәуіт келтірген нұсқада: «Кім кедейлігін Аллаға шақса, Алланың оған жақын ажалмен немесе жуық арада байлық беруімен жәрдем етуі мүмкін», – делінген. Түсіндірмешілер «жақын ажал» дегенді дәулетті туыстарының бірі қайтыс болып, әлгі адамға мұра қалуымен байланыстырған.
- 1Тирмизи, «Зуһд», 18 (басылымға қарай № 2326 немесе № 2327). Әбу Дәуіт, «Зекет», 28 (№ 1645).