Хадис

Кутуб ситтә, № 4879

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
749. Берілген сыйды қабылдау
Нөмірі
№ 4879 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
4879
Кутуб ситтә, № 4879 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا أَنَّ عُمَرَ قَالَ: كَانَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُعْطِينِي الْعَطَاءَ، فَأَقُولُ: أَعْطِهِ مَنْ هُوَ أَفْقَرُ إِلَيْهِ مِنِّي، فَيَقُولُ: خُذْهُ، وَمَا جَاءَكَ مِنْ هَذَا الْمَالِ وَأَنْتَ غَيْرُ مُشْرِفٍ وَلَا سَائِلٍ فَخُذْهُ فَتَمَوَّلْهُ، فَإِنْ شِئْتَ فَكُلْهُ، وَإِنْ شِئْتَ فَتَصَدَّقْ بِهِ، وَمَا لَا فَلَا تُتْبِعْهُ نَفْسَكَ. قَالَ سَالِمٌ: فَلِأَجْلِ ذَلِكَ كَانَ عَبْدُ اللَّهِ لَا يَسْأَلُ أَحَدًا شَيْئًا وَلَا يَرُدُّ شَيْئًا أُعْطِيَهُ. أَخْرَجَهُ الشَّيْخَانِ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) әкесі Омар ибн әл-Хаттабтың (р.а.) мына сөзін жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) маған ара-тұра сый беретін. Мен: “Уа, Алла елшісі, мұны менен де мұқтаж адамға берсеңіз!” – дейтінмін. Ол: “Ал. Осы дүниеден өзің сұрамай, дәметпей тұрғаныңда бір нәрсе келсе, оны қабыл алып, өз мүлкің ет. Қаласаң, өзің пайдалан, қаласаң, садақа бер. Ал бұлай келмеген дүниеге көңіліңді байлама”, – деді».

Ибн Омардан осы хадисті жеткізген Сәлим: «Осыған орай Абдулла ешкімнен ештеңе сұрамайтын, ал сұрамай берілген нәрседен бас тартпайтын», – дейді.1

Түсіндірме

1. Хадис мүміннің өзіне берілген сыйды қабылдауына өлшем белгілейді. Бұхари нұсқасында мәселені аша түсетін деректер бар. Омардың қызметкерлерінің бірі Абдулла ибн әс-Сағди Омар халифа болған кезде оған келеді. Омар: «Мемлекет ісін мойныңа алып атқарғаныңмен, соған берілген ақыны алмайды екенсің. Осы рас па?» – деп сұрайды. «Иә», – деген жауапты естіген соң: «Ондағы мақсатың не?» – дейді. Абдулла: «Аттарым мен қызметшілерім бар. Тұрмысым жеткілікті. Өзіме тиесілі ақының мұсылмандарға садақа болғанын қалаймын», – дейді. Омар оған: «Олай істеме. Алла елшісінің (с.а.с.) тұсында мен де сен сияқты ойлағанмын. Ол мені қызметке тағайындап, ақы бергенде: “Мұны менен мұқтаж адамға беріңіз”, – дейтінмін. Бірде тағы мүлік берді. Сол сөзімді қайталадым. Сонда ол: “Мұны ал да, өз мүлкің ет. Содан кейін садақа бер. Бұл дүние сұрамаған, дәметпеген кезіңде келсе, ал. Бұлай келмеген дүниеге көңіліңді байлама”, – деді», – деп жауап береді.

Осы мәселе жайлы басқа риуаяттарда Омардың Абдулла ибн әс-Сағдиге мың динар жібергені, Абдулланың «мұқтаж емеспін» деп ақшаны қайтарғаны және содан кейін Омардың әлгі өсиетті айтқаны баяндалады.

Ибн Баттал Алла елшісі (с.а.с.) Омарға мұндайда ең көркем ұстанымды үйреткенін айтады: «Біреу сый ұсынғанда “оны менен мұқтаж адамға бер” деу – жақсы іс. Сыйды қабылдап алып, кейін мұқтаж жанға садақа ету арқылы екі игілікке кенеледі. Сый иесінің көңілі қалмайды, Алла жолында садақа да беріледі. Сауабы да молырақ болады».

2. Нәуәуидің айтуынша, хадис сұрауға тыйым салады. Ғалымдар зәрулік тумаған жағдайда қайыр сұрауға болмайтынына келіскен. Ал дүние жинау үшін сұрау жайында пікірлері әртүрлі. Оның харам екеніне дәлел басым. Кейбір ғалымдар үш шарт орындалса, рұқсат деген:

• Адам өзін кемсітіп, қадірін түсірмеуі керек.

• Қадалып, қайта-қайта сұрамауы керек.

• Сұраған адамын ыңғайсыз жағдайға қалдырмауы керек.

Осы шарттардың бірі орындалмаса, сұрау харам.

3. «Ол дүниеге көңіліңді байлама» дегенді ғалымдар: «Дүние өздігінен келмесе, сұрап, талап етпе», – деп түсіндірген.

4. Нәуәуи хадистен Омардың әдептілігі мен дүниеге қызықпағанын аңғарады. Бұл қасиеттер Абдулла ибн әс-Сағдиге де тән.

  1. 1Бұхари, «Ахкам», 17, «Зекет», 51. Мүслим, «Зекет», 110 (№ 1045). Нәсәи, «Зекет», 94 (5/105).