عَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: بَعَثَنِي رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ إِلَى الْيَمَنِ قَاضِيًا، فَقُلْتُ: «يَا رَسُولَ اللَّهِ، تُرْسِلُنِي وَأَنَا حَدِيثُ السِّنِّ لَا عِلْمَ لِي بِالْقَضَاءِ؟» فَقَالَ: إِنَّ اللَّهَ سَيُهْدِي قَلْبَكَ وَيُثَبِّتُ لِسَانَكَ فَإِذَا جَلَسَ بَيْنَ يَدَيْكَ الْخَصْمَانِ فَلَا تَقْضِيَنَّ حَتَّى تَسْمَعَ كَلَامَ الْآخَرِ كَمَا سَمِعْتَ كَلَامَ الْأَوَّلِ، فَإِنَّهُ أَحْرَى أَنْ يَتَبَيَّنَ لَكَ الْقَضَاءُ. قَالَ: فَمَا زِلْتُ قَاضِيًا وَمَا شَكَكْتُ فِي قَضَاءٍ بَعْدُ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ.
Әли (р.а.) айтады: «Алла елшісі (с.а.с.) мені Йеменге қазы етіп жіберді. Мен: “Уа, Алла елшісі! Мені жібергелі тұрсыз. Мен жаспын, үкім шығарудың жөнін білмеймін”, – дедім. Ол: “Алла жүрегіңе тура жол көрсетіп, тіліңе туралық береді. Алдыңа дауласқан екі кісі келіп отырса, біріншісін қалай тыңдасаң, екіншісін де солай тыңдамайынша үкім берме. Сонда қалай үкім ету керегін анығырақ білесің”, – деді. Содан бері қазылық етіп келемін. Бірде-бір үкіміме күмәнданған емеспін».1
Түсіндірме
1. Бұл хадисте Алла елшісі (с.а.с.) қазыға талапкерді де, жауапкерді де тыңдауды үйретеді.
2. Хаттабидің айтуынша, хадис тараптардың бірі жоқта үкім берілмейтініне дәлел. Алла елшісі (с.а.с.) дауласқан екі жақ та қазы алдына келіп, сөзі тыңдалмайынша үкім бермеу керегін айтқан.
Шәукани қазы екі тараптың да дәлелін тыңдамай үкім шығарса, үкімі орындалмайтынын, істі қайта қарау немесе басқа қазыға жүгіну керегін айтқан. Ибн Әбу Ләйла мен Әбу Ханифа да тараптардың бірі қатыспаған кезде үкім шығаруға болмайды деген. Дәлелдер анықталған соң жауапкер қашып не жасырынып қалса, қазы оны үш рет шақыртады. Келмесе, қатысып отырған тараптың пайдасына үкім шығарылады. Ибн Баттал, Мәлик, Шафиғи, Ләйс, Әбу Убәйд секілді ғалымдар қатыспаған тарап жөнінде үкім беруге болады деген. Ахмад ибн Ханбал да бұған рұқсат берген.
3. Ибн Мәжа нұсқасында Әли былай дейді: «Алла елшісі (с.а.с.) мені Йеменге жіберді. Мен: “Уа, Алла елшісі! Өзім жаспын, олардың арасында қалай үкім беремін? Үкімнің жөнін білмеймін ғой”, – дедім. Ол кеудемнен ақырын ұрып: “Уа, Алла! Оның жүрегіне тура жол көрсетіп, тіліне туралық бер!” – деп дұға етті. Содан кейін екі кісінің арасында үкім бергенде күмәнданған емеспін».
Әли Құран мен сүннетті жақсы білетін. «Үкімнің жөнін білмеймін» деуі қазылық тәжірибесінің аздығын білдіреді.
- 1Әбу Дәуіт, «Ақдия», 6 (№ 3582). Тирмизи, «Ахкам», 5 (№ 1331). Ибн Мәжа, «Ахкам», 1 (№ 2310).