Бұл хадисті түсіндіруде хадис шәріпшілері мен фақиһтар әртүрлі пікір айтқан. Бір түсіндірмеге сай, алдыңғы хадисте айтылғандай, екі тарап та айғақ келтіре алмаса, екеуіне де ант ету ұсынылады. Екеуі де өз сөзінің растығына ант еткісі келсе, алдымен кімнің ант ететіні жеребемен анықталады. Бұл хадис қазының кімді бірінші ант еткізуді өз қалауымен шешпеуі керектігін көрсетеді.
Екінші түсіндірме бойынша, екі тарап қолдарында жоқ мүлікке таласып, ешқайсысы айғақ келтіре алмаса, араларында жеребе тартылады. Жеребе кімге түссе, сол ант етіп, мүлікті алады. Осы пікірді қуаттайтын риуаятты Әбу Дәуіт пен Нәсәи келтірген. Оны Әбу Рафиғ Әбу Һурайрадан жеткізген: «Екі кісі бір мүлікке таласты. Екеуінде де айғақ жоқ еді. Расулалла (с.а.с.): “Дауласқан кісілер разы болса да, разы болмаса да, кімнің ант ететінін анықтау үшін жеребе тартыңдар”, – деді».
Риуаятты осы мағынада түсінген Хаттаби былай дейді: «“Истихам” сөзі бұл жерде жеребе тартуды білдіреді. Расулалла (с.а.с.) мына мағынаны меңзеген: “Дауласқан екі тарап жеребе тартсын. Жеребе кімге түссе, сол ант етіп, талап еткен мүлкін алсын”». Хаттаби әзірет Әлидің бір түйеге таласқан екі кісінің дауын осыған ұқсас жолмен шешкенін айтады.
Кирмани Әбу Дәуіт жеткізген хадисті былай түсіндірген: «Дауласқан екі тараптың мүлікті иеленуге негізі бірдей болғанда, жеребе тартылады. Мәселен, мүлік екеуінің де қолында болып, екеуі де оны түгел иеленгісі және ант етіп алғысы келсе, жеребе тартылады. Жеребе кімге түссе, сол ант етіп, мүлікті алады».
«Шарх әл-Мишкатта» осы хадис былай түсіндірілген: «Екі кісі үшінші біреудің қолындағы мүлікке таласады. Екеуінде де айғақ жоқ немесе екеуі де айғақ келтірген. Мүлік қолында тұрған адам: “Бұл мүліктің кімдікі екенін білмеймін”, – десе, дауласқан екі кісі жеребе тартады. Жеребе кімге түссе, сол ант етіп, мүлікті алады. Әзірет Әли де осылай үкім шығарған».
Шафиғидың пікірінше, мұндай жағдайда мүлік үшінші кісінің қолында қалады.
Әбу Ханифаның пікірінше, мүлік дауласқан екі кісіге тең бөлінеді.
Ибн әл-Мәлик былай деген: «Ахмад, сондай-ақ Шафиғи да соңғы пікірлерінің бірінде әзірет Әли секілді үкім шығарған. Әбу Ханифа бір пікірінде “Екі тарапқа да ант еткізіп, мүлікті тең бөліп береді” десе, тағы бір пікірінде “Мүлік үшінші кісінің қолында қалады” деген».
Бәйхақи бұл мәселені былай түсіндірген: «Қазы екі тарапқа ант еткізбек болса, кімнің бірінші ант ететінін анықтау үшін жеребе тартады. Әуелі біреуі, содан соң екіншісі ант етеді. Біріншісі ант еткеннен кейін екіншісі ант етуден бас тартса, мүлік түгелдей біріншісіне беріледі. Екеуі де ант етсе, ант етпей тұрғандағыдай, мүлік екеуіне тең бөлінеді».