وَعَنْ عَبْدِ اللَّهِ بْنِ عُبَيْدِ اللَّهِ بْنِ أَبِي مُلَيْكَةَ: أَنَّ بَنِي صُهَيْبٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: ادَّعَوْا عِنْدَ مَرْوَانَ بَيْتَيْنِ وَحُجْرَةً، أَعْطَاهَا رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ صُهَيْبًا رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ. فَقَالَ مَرْوَانُ: مَنْ يَشْهَدُ لَكُمْ بِذَلِكَ؟ فَقَالُوا: ابْنُ عُمَرَ. فَدَعَاهُ فَشَهِدَ أَنَّ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَعْطَى صُهَيْبًا بَيْتَيْنِ وَحُجْرَةً. فَقَضَى مَرْوَانُ بِشَهَادَتِهِ لَهُمْ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.
Абдулла ибн Убәйдулла ибн Әбу Муләйка былай жеткізеді: «Суһайбтың (р.а.) ұлдары Мәруанға барып, екі үй мен бір бөлме өздеріне тиесілі екенін айтты. Оларды әкелері Суһайбқа Расулалланың (с.а.с.) бергенін алға тартты. Мәруан: “Бұған кім куәлік етеді?” – деп сұрады. Олар: “Ибн Омар”, – деді. Мәруан Ибн Омарды шақыртты. Ол Расулалланың (с.а.с.) Суһайбқа (р.а.) екі үй мен бір бөлме бергенін растады. Мәруан оның куәлігіне сүйеніп, Суһайбтың ұлдарының пайдасына үкім шығарды»1.
Түсіндірме
Бұл – даудың бір ғана куәгердің сөзімен шешілгеніне мысал. Кейінгі ғалымдардың кейбірі «Талапкерлерге ант та бергізілген болар» деп жорамалдаған. Риуаятта мұны растайтын дерек жоқ. Осы риуаятқа сүйенген бірқатар ғалым «Куәгердің шын сөйлегеніне негіз болса, жалғыз куәгер де жеткілікті» деген. Сәләф ғалымы Шурайх та осылай үкім шығарған.
Әбу Дәуіт «Сүнәнінде» «Қазы куәгердің шыншыл екенін білсе, жалғыз куәгермен үкім шығара алады» деген тарау ашып, Расулалла (с.а.с.) куәлігін екі кісінің куәлігіне теңеген Хузәйма ибн Сәбиттің оқиғасын келтіреді. Ғалымдар бұл Пайғамбарға (с.а.с.) ғана тән жағдай болғанына бірауыздан келіскен. Ибн әт-Тин риуаятты былай түсіндірген: «Мәруан бұл мүлікті лайық деп тапқан кісілерге Алланың малынан сыйға берген болуы мүмкін. Оны Алла елшісі (с.а.с.) берген болса, Мәруан сол сыйды табыстаған. Ал ол бермеген болса, Мәруан мүлікті өзі сыйға тартқан». Ибн әт-Тиннің пікірінше, жалғыз куәгердің сөзімен дау шешілмейді. Сондықтан ол риуаятты осылай жорыған әрі оқиға кісілер арасындағы дауға емес, фәй мүлкіне қатысты екенін айтқан. Омар ибн Шәйбаның «Ахбар әл-Мәдинада» жазуынша, Суһайбтың үйі Үммі Сәламаға тиесілі болған. Ол үйді Суһайбқа сыйға тартқан. Мұны Расулалланың (с.а.с.) бұйрығымен істеуі де мүмкін. Үйдің шын иесі Расулалла (с.а.с.) болып, ол Үммі Сәламаның атымен аталған және Суһайбқа сыйға берілген болуы да ықтимал. Бұл дауда сөз болған үйден бөлек үй болуы да мүмкін.
- 1Бұхари, Һиба 30.