عَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبٍ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا تَجُوزُ شَهَادَةُ خَائِنٍ وَلَا خَائِنَةٍ، وَلَا زَانٍ وَلَا زَانِيَةٍ، وَلَا ذِي غِمْرٍ عَلَى أَخِيهِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ. وَلِلتِّرْمِذِيِّ عَنْ عَائِشَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهَا: لَا تَجُوزُ شَهَادَةُ خَائِنٍ وَلَا خَائِنَةٍ وَلَا مَجْلُودٍ حَدًّا وَلَا مَجْلُودَةٍ، وَلَا ذِي غِمْرٍ لِأَخِيهِ، وَلَا مُجَرَّبِ شَهَادَةٍ وَلَا الْقَانِعِ أَهْلَ الْبَيْتِ لَهُمْ، وَلَا ظَنِينٍ فِي وَلَاءٍ وَلَا قَرَابَةٍ.
Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан мына хадисті жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Аманатқа қиянат жасаған ер мен әйелдің, зина жасаған ер мен әйелдің және бауырына кек сақтаған адамның куәлігі қабыл етілмейді”, – деді»1.
Тирмизи әзірет Айшадан (р.а.) жеткізген нұсқада: «Аманатқа қиянат жасаған ер мен әйелдің, белгіленген жаза ретінде дүре соғылған ер мен әйелдің, бауырына кек сақтаған кісінің, бұрын жалған куәлік еткені анықталған кісінің, үй ішінде қызмет етіп, сол үй иелерінің пайдасына сөйлеген кісінің және өзін азат еткен кісі не туыстары туралы сөзі күмән туғызған кісінің куәлігі қабыл етілмейді», – делінген2.
Түсіндірме
1. Исламда куәлік ету үшін адам әділ болуға тиіс. Бұл қасиеті жоқ кісінің куәлігі қабыл етілмейді. Хадисте сондай адамдардың кімдер екені аталған:
• «Аманатқа қиянат жасаған» деген сөз әуелі жұрттың аманатына қиянат жасауымен танылған кісіге қатысты. Әл-Қади сөзді кеңірек ұғып, Алланың аманатына қиянат жасаған адамды да осы қатарға қосуға болатынын айтқан.
• Зина жасағандар.
• Шариғатта белгіленген жаза ретінде дүре соғылғандар. Бұл, ең әуелі, біреуге «зина жасады» деп жала жапқандарға қатысты деп түсіндірілген. Әбу Ханифа да осы пікірде: «Зина жасады деп жала жауып, дүре соғылған адамның куәлігі тәубе етсе де қабыл етілмейді», – деген.
Әл-Қади: «Басқа жазалардан дүренің бөлек аталуына қылмыстың ауырлығы себеп. Дүре жазасына некеде болмаған зинақор, зина жасады деп жала жапқан адам және шарап ішкен кісі де тартылады», – дейді.
Әбу Ханифа дүре соғылған адамның куәлігі тәубе етсе де қабыл етілмейді деген. Көпшілік ғалымдар тәубе еткен кісінің куәлігі қабыл етіледі деген пікірді басым санаған.
• Бауырына кек сақтағандар.
• Бұрын жалған куәлік еткенімен танылғандар.
• Үй ішіне ақыға не басқа жолмен қызмет ететіндер. Мұндай кісі өзіне пайдасы тиіп жүрген адамдарға қатысты бейтарап бола алмайды деп есептеледі. Сондықтан оның куәлігі қабыл етілмейді. Әкенің ұлының пайдасына, ұлдың әкесінің пайдасына берген куәлігі де жарамсыз. Қарыз беруші «Төлемге қабілетсіз борышкерімнің басқа біреуден алашағы бар» деп куәлік етсе, оның да куәлігі қабыл етілмейді.
• Өзін азат еткен кісі немесе туысы туралы жалған айтуымен танылғандар. «Мені пәленше азат еткен» деп, ол сөзінің жалған екені анықталса, мұндай кісі пасық саналып, куәлігі қабыл етілмейді. Туыстық жайында өтірік айту да осыған жатады.