Хадис

Кітап иелерінің куәлігі

Кутуб ситтә, 11-том, 759-тарау · 2 хадис · № 4913–4914

ҚАНАҒАТ БӨЛІМІ

Хадистер

4913
Кутуб ситтә, № 4913 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنْ اِبْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: يَا مَعْشَرَ الْمُسْلِمِينَ كَيْفَ تَسْأَلُونَ أَهْلَ الْكِتَابِ، وَكِتَابُكُمْ الَّذِي أُنْزِلَ عَلَى نَبِيِّكُمْ، أَحْدَثُ الْكُتُبِ بِاللَّهِ، تَقْرَءُونَهُ مَحْضًا لَمْ يُشَبْ، وَقَدْ حَدَّثَكُمُ اللَّهُ أَنَّ أَهْلَ الْكِتَابِ بَدَّلُوا كِتَابَ اللَّهِ وَغَيَّرُوهُ، وَكَتَبُوا بِأَيْدِيهِمُ الْكِتَابَ، وَقَالُوا: هُوَ مِنْ عِنْدِ اللَّهِ لِيَشْتَرُوا بِهِ ثَمَنًا قَلِيلًا؟ أَلَا يَنْهَاكُمْ مَا جَاءَكُمْ مِنَ الْعِلْمِ عَنْ مَسْأَلَتِهِمْ؟ لَا وَاللَّهِ مَا رَأَيْنَا مِنْهُمْ رَجُلًا قَطُّ يَسْأَلُكُمْ عَنِ الَّذِي أُنْزِلَ عَلَيْكُمْ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Уа, мұсылмандар! Кітап иелерінен қалайша сұрайсыңдар? Пайғамбарларыңа (с.а.с.) түсірілген кітап – Алладан келген ең соңғы кітап. Оны еш нәрсе араласпаған таза күйінде оқып жүрсіңдер. Алла сендерге кітап иелерінің Алланың кітабын өзгерткенін, өз қолдарымен кітап жазып, болмашы пайда табу үшін: “Бұл – Алланың құзырынан”, – дегенін хабарлады. Сендерге келген ілім олардан сұрауларыңа тосқауыл болмай ма? Жоқ, Алланың атымен ант етемін, олардың бірде-біреуінің сендерге түсірілген кітап туралы сендерден сұрағанын көрмедік»1.

Түсіндірме

1. Ибн Аббас (р.а.) бұл сөзінде мұсылмандардың кітап иелеріне қатысты ұстанымын білдірген. Олардан діни мәселеде жөн сұрамаңдар. Кітаптарының өзгертілгенін Құран хабарлаған. Ал өздерің оқып жүрген Құран – ішіне бөтен сөз араласпаған, өзгеріске ұшырамаған ең соңғы кітап.

Расулалла (с.а.с.) да кітап иелеріне діни мәселеде жүгінуге тыйым салған. Бұхари «Сахихындағы» бір тарауға тақырып етіп Ахмад ибн Ханбал жеткізген мына хадистің бір бөлігін алған: «Бір күні әзірет Омар кітап иелерінен алған бір кітапты Расулаллаға (с.а.с.) әкеліп, бір жерін оқып берді. Расулалла (с.а.с.) ашуланып: “Мен сендерге кітапты еш нәрсе араласпаған таза күйінде жеткіздім. Олардан ештеңе сұрамаңдар. Олар шындықты айтып, сендер оны жалғанға шығарып жүрмеңдер. Не жалған нәрсе айтып, сендер оны растап жүрмеңдер. Жаным қолында болған Алланың атымен ант етемін, егер Мұса (а.с.) қазір тірі болса, маған еруге тиіс болар еді”, – деді».

Бұл хадистің бірнеше нұсқасы жеткен. Хадис шәріпшілері тыйымның Құран мен сүннетте тікелей үкім айтылмаған мәселелерге қатысты екенін айтады. Мұндайда да шариғаттың өзі жеткілікті. Тікелей үкім болмаса, қияс жасап, қолдағы дәлелден үкім шығару арқылы олардан сұрауға мұқтаж болмайсың. Шариғатымыз растаған, бұрынғы үмбеттерге қатысты жайттарды сұрау бұл тыйымға жатпайды. ﴿فَاسْأَلِ الَّذِينَ يَقْرَءُونَ الْكِتَابَ مِنْ قَبْلِكَ﴾ «өзіңнен бұрын иләһи кітап оқып жүргендерден сұра.»2 деген аяттағы әмір кітап иелерінен иман келтіргендерге жүгінуге қатысты, ал тыйым иман келтірмегендерден сұрауға қатысты. Тыйым таухид, Мұхаммедтің (с.а.с.) елшілігі және сол секілді мәселелер жөніндегі сауалдарға қатысты болуы да ықтимал.

2. Хадистің бір нұсқасы кітап иелерінің куәлігіне қатысты. Ғалымдар оны кітап иелерінің куәлігі қабыл етілмейтініне дәлел ретінде келтірген.

Мұсылман еместердің куәлігін қабылдау мәселесінде үш түрлі пікір айтылған.

1) Ғалымдардың көпшілігі олардың куәлігі ешбір жағдайда қабыл етілмейді деп есептеген.

2) Кейбір табиғиндер мұсылмандарға қарсы берілмеген куәлікті қабылдаған. Куфа ғалымдары: «Олардың бір-бірі туралы куәлігі қабыл етіледі», – деген. Бұл – Ахмад ибн Ханбалдан жеткен екі пікірдің бірі. Оның кей шәкірттері бұл пікірді қабыл алмаған. Ахмад сапар жағдайын бөлек қарастырып: «Сапарда кітап иелерінің куәлігі жарамды», – деген. Хасан әл-Басри, Ибн Әбу Ләйла, Ләйс және Исхақ: «Бір дін өкілінің екінші дін өкілі туралы куәлігі қабыл етілмейді. Ал діндестерінің бір-бірі туралы куәлігі қабыл етіледі. Өйткені аятта: ﴿وَمِنَ الَّذِينَ قَالُوا إِنَّا نَصَارَىٰ أَخَذْنَا مِيثَاقَهُمْ فَنَسُوا حَظًّا مِمَّا ذُكِّرُوا بِهِ فَأَغْرَيْنَا بَيْنَهُمُ الْعَدَاوَةَ وَالْبَغْضَاءَ إِلَىٰ يَوْمِ الْقِيَامَةِ﴾ “Һәм ‘біз христианбыз’ дейтіндерден де берік уәде алған едік. Алайда олар да өздеріне айтылған уағыз-насихаттың маңызды бөлігін елемей сол күйі ұмыт қалдырды. Міне, сондықтан Біз олардың арасына қиямет күніне дейін жалғасатын дұшпандық пен өшпенділік сезімін салдық.”3 делінген», – деген.

Ғалымдардың көпшілігі, ең алдымен, ﴿وَاسْتَشْهِدُوا شَهِيدَيْنِ مِنْ رِجَالِكُمْ ۖ فَإِنْ لَمْ يَكُونَا رَجُلَيْنِ فَرَجُلٌ وَامْرَأَتَانِ مِمَّنْ تَرْضَوْنَ مِنَ الشُّهَدَاءِ أَنْ تَضِلَّ إِحْدَاهُمَا فَتُذَكِّرَ إِحْدَاهُمَا الْأُخْرَىٰ﴾ «Әрі араларыңнан екі ер адамды куәға тартыңдар. Егер екі ер адам табылмаса, онда өздерің разы болатын бір ер адам мен біреуі ұмытса, екіншісі оның есіне салады деген үмітпен екі әйелді куәға тартыңдар.»4 деген аятқа, сондай-ақ өзге аяттар мен хадистерге сүйенеді.

3. Хадисте кітап иелерінің өз кітаптарын өзгерткені туралы мына аят меңзелген: ﴿فَوَيْلٌ لِلَّذِينَ يَكْتُبُونَ الْكِتَابَ بِأَيْدِيهِمْ ثُمَّ يَقُولُونَ هَٰذَا مِنْ عِنْدِ اللَّهِ لِيَشْتَرُوا بِهِ ثَمَنًا قَلِيلًا ۖ فَوَيْلٌ لَهُمْ مِمَّا كَتَبَتْ أَيْدِيهِمْ وَوَيْلٌ لَهُمْ مِمَّا يَكْسِبُونَ﴾ «Өз қолдарымен кітап жазып, сонымен азғантай пайдаға қол жеткізу үшін: “Бұл – Алладан келген”, – деп жүргендер сорласын! Өз қолдарымен жазған нәрселері үшін сорласын! Сөйтіп тапқандарының кесірінен сорласын!»5.

  1. 1Бұхари, Итисам 25, Шаһадат 29, Тәухид 42.
  2. 2«Юнус» сүресі, 94-аяттың үзіндісі.
  3. 3«Мәида» сүресі, 14-аяттың үзіндісі.
  4. 4«Бақара» сүресі, 282-аяттың үзіндісі.
  5. 5«Бақара» сүресі, 79-аят.
4914
Кутуб ситтә, № 4914 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ الشَّعْبِيِّ: أَنَّ رَجُلًا مِنَ الْمُسْلِمِينَ حَضَرَتْهُ الْوَفَاةُ بِدَقُوقَاءَ. وَلَمْ يَجِدْ أَحَدًا مِنَ الْمُسْلِمِينَ يُشْهِدُهُ عَلَى وَصِيَّتِهِ. فَأَشْهَدَ رَجُلَيْنِ مِنْ أَهْلِ الْكِتَابِ عَلَى وَصِيَّتِهِ. فَقَدِمَا الْكُوفَةَ. فَأَتَيَا أَبَا مُوسَى الْأَشْعَرِيَّ فَأَخْبَرَاهُ، وَقَدِمَا بِتَرَكَتِهِ وَوَصِيَّتِهِ. فَقَالَ أَبُو مُوسَى: هَذَا أَمْرٌ لَمْ يَكُنْ بَعْدَ الَّذِي كَانَ عَلَى عَهْدِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: فَأَحْلَفَهُمَا بَعْدَ الْعَصْرِ بِاللَّهِ، إِنَّهُمَا مَا خَانَا، وَلَا كَذَبَا، وَلَا بَدَّلَا، وَلَا كَتَمَا، وَلَا غَيَّرَا، وَإِنَّهَا لَوَصِيَّةُ الرَّجُلِ وَتَرِكَتُهُ. فَأَمْضَى شَهَادَتَهُمَا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Шағби былай жеткізеді: «Дақуқа жерінде бір мұсылманның ажалы таянды. Өсиетіне куә болатын мұсылман табылмаған соң, кітап иелерінен екі кісіні куә етті. Екеуі марқұмның дүние-мүлкі мен өсиетін алып, Куфаға келді. Әбу Мұса әл-Ашғариге болған жайды баяндады. Әбу Мұса (р.а.): “Мұндай оқиға Расулалланың (с.а.с.) заманынан бері болмаған еді”, – деді. Екінті намазынан кейін ол екеуіне қиянат жасамағандарына, өтірік айтпағандарына, өсиетті алмастырмағандарына, ештеңені жасырмағандарына әрі өзгертпегендеріне, әкелгендері сол кісінің өсиеті мен дүние-мүлкі екеніне Алланың атымен ант еткізді. Содан кейін олардың куәлігін қабыл алып, соған сай үкім шығарды»1.

Түсіндірме

1. Дақуқа – Бағдат пен Әрбил арасындағы мекен.

2. Әбу Мұса әл-Ашғари Расулалла (с.а.с.) заманындағы әс-Сәһми оқиғасын меңзеген. Ол содан бері осыған ұқсас оқиға болмағанын айтқан. Дақуқада қайтыс болған мұсылманның өсиетіне екі христианның куәлік етуі сол оқиғаға ұқсайды.

3. Әбу Мұса әл-Ашғаридің екінтіден кейін ант еткізуін ғалымдар антты тағлиз тәртібімен, арнайы уақыт белгілеп өткізуге болатынына дәлел санаған.

4. Хаттаби: «Бұл хадис мұсылманның өсиетіне, әсіресе сапар үстінде, зиммилердің куәлігін қабылдауға болатынын көрсетеді», – дейді. Шурайх, Ибраһим ән-Нәһәи және Әузағи да осыған ұқсас пікір ұстанған. Ахмад ибн Ханбал: «Зиммилердің куәлігі осындай зәру жағдайда ғана қабыл етіледі», – деген.

• Имам Шафиғи: «Зиммилердің куәлігі мұсылман туралы да, мұсылман емес кісі туралы да қабыл етілмейді», – деген. Имам Мәлик те осы пікірде.

• Ахмад ибн Ханбал: «Кітап иелерінің бір-бірі туралы куәлігі де қабыл етілмейді», – деген.

• Рай иелері: «Олар бір-бірі туралы куәлік ете алады. Күпірдің бәрі бір қауым саналады», – деген.

• Шағби, Ибн Әбу Ләйла және Исхақ ибн Раһуя: «Яһудидің яһуди туралы куәлігі қабыл етіледі. Христиан мен мәжуси туралы куәлік ете алмайды, өйткені олардың діні бөлек. Бір дін өкілі басқа дін өкілі туралы куәлік ете алмайды», – деген. Осы пікірді ұстанған Зуһри: «Бұл үкім олардың бір-біріне өшпенділігіне байланысты. Алла тағала ол өшпенділік туралы Құранда хабарлаған», – дейді.

  1. 1Әбу Дәуіт, Ақдия 19 (3605).