عَنْ اِبْنِ الزُّبَيْرِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: خَاصَمَ رَجُلٌ مِنَ الْأَنْصَارِ الزُّبَيْرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فِي شِرَاجِ الْحَرَّةِ الَّتِي يَسْقُونَ بِهَا النَّخْلَ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ لِلزُّبَيْرِ: اسْقِ يَا زُبَيْرُ. ثُمَّ أَرْسِلِ الْمَاءَ إِلَى جَارِكَ. فَغَضِبَ الْأَنْصَارِيُّ، وَقَالَ: أَنْ كَانَ ابْنَ عَمَّتِكَ؟ فَتَلَوَّنَ وَجْهُهُ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ ثُمَّ قَالَ: يَا زُبَيْرُ اسْقِ ثُمَّ اِحْبِسِ الْمَاءَ حَتَّى يَرْجِعَ إِلَى الْجَدْرِ: فَقَالَ الزُّبَيْرُ: وَاللَّهِ إِنِّي أَحْسِبُ هَذِهِ الْآيَةَ نَزَلَتْ فِي ذَلِكَ: فَلَا وَرَبِّكَ لَا يُؤْمِنُونَ حَتَّى يُحَكِّمُوكَ فِيمَا شَجَرَ بَيْنَهُمْ الْآيَةَ. أَخْرَجَهُ الْخَمْسَةُ.
Ибн Зубәйір (р.а.) былай жеткізеді: «Ансарлық бір кісі құрма ағаштары суарылатын Харра арығына байланысты Зубәйірмен (р.а.) дауласып, екеуі Расулаллаға (с.а.с.) жүгінді. Расулалла (с.а.с.) Зубәйірге: “Уа, Зубәйір, әуелі сен суар, содан кейін суды көршіңе жібер”, – деді. Ансарлық кісі ашуланып: “Ол әкеңнің қарындасынан туғандықтан ба?” – деді. Сонда Расулалланың (с.а.с.) өңі өзгерді. Ол: “Уа, Зубәйір, әуелі сен суар, содан соң су бөгетке жеткенше ұстап тұр”, – деді. Зубәйір: “Алланың атымен ант етемін, мына аят осы оқиғаға байланысты түсті деп ойлаймын: ﴿فَلَا وَرَبِّكَ لَا يُؤْمِنُونَ حَتَّىٰ يُحَكِّمُوكَ فِيمَا شَجَرَ بَيْنَهُمْ ثُمَّ لَا يَجِدُوا فِي أَنْفُسِهِمْ حَرَجًا مِمَّا قَضَيْتَ وَيُسَلِّمُوا تَسْلِيمًا﴾ ‘Жо-жоқ, Раббыңның атымен ант етейін! Олар өз араларында туындаған дау-дамайды сенің билігіңе жүгініп, әрі шығарған үкіміңе іштей де болса наразылық танытпастан толық бойсұнбайынша, иман келтірген болып саналмайды.’1”, – деді».2
Түсіндірме
1. Хадисте аты аталмаған ансарлық кісіні бір дерек Сағлаба ибн Хатиб, тағы бір дерек Сәбит ибн Қайс ибн Шәммас деп көрсетеді. Алғашқысы ықтималырақ. Қарсы сөйлегеніне қарап оны мұнафық санағандар да болған. Алайда бұл сөз қасақана айтылмаған, оны екіжүзділікке балауға негіз жоқ деген түсіндірме бар. Хатиб ибн Әбу Бәлтаға, Мистах пен Хамна да бір кезде орынсыз сөз айтқанымен, екіжүзділікпен айыпталмаған.
2. Расулалла (с.а.с.) алғашқы шешімінде Зубәйірге дау бітіммен тынуы үшін өз үлесін түгел пайдаланбай, суды ертерек жіберуді ұсынды. Ансарлық кісі оның мәнін түсінбей, қарсы сөйлеген соң, екінші шешімінде Зубәйірге суару құқығын толық пайдалануды бұйырды.
Хадистегі جَدْرٌ сөзі суды бөгеттің түбіне жеткенше ұстап тұруды меңзейді. Оны құрма ағаштарының арасын бөліп, суды бөгейтін жал деп те түсіндірген. Бұл жағдайда әр шұңқырға су жалдың деңгейіне жеткенше жіберіледі. Оқиғаға үйлесетін тағы бір түсіндірме бойынша, бұл – әр құрма ағашының түбіне қазылған суару шұңқыры. Пайғамбар (с.а.с.) шұңқырлар әбден толғанша суды ұстап тұруды бұйырған. Басқа түсіндірмелер де бар. Бәрінің түйіні бір: су басына жақын кісі әуелі өз қажетіне жеткенше суды пайдалана алады.
3. Аяттың түсу себебі жайында ғалымдардың пікірі әртүрлі. Бұл риуаятта Зубәйір аят өзіне қатысты түскен болуы мүмкін екенін айтады. Оны осы оқиғаға байланысты деп анық айтқан риуаяттар да бар. Мұжаһид пен Шағбидің пікірінше, бұл аят алдыңғы аяттың түсуіне себеп болған кісіге қатысты. Алдыңғы аятта былай делінеді: ﴿أَلَمْ تَرَ إِلَى الَّذِينَ يَزْعُمُونَ أَنَّهُمْ آمَنُوا بِمَا أُنْزِلَ إِلَيْكَ وَمَا أُنْزِلَ مِنْ قَبْلِكَ يُرِيدُونَ أَنْ يَتَحَاكَمُوا إِلَى الطَّاغُوتِ وَقَدْ أُمِرُوا أَنْ يَكْفُرُوا بِهِ وَيُرِيدُ الشَّيْطَانُ أَنْ يُضِلَّهُمْ ضَلَالًا بَعِيدًا﴾ «Саған түскен һәм өзіңнен бұрын түскен иләһи кітаптарға сенеміз деп көлгірситіндерді көрдің бе?! Міне, солар араларындағы дау-дамайды шешу үшін тағұтқа жүгінгісі келеді. Әйтсе де оларға оны мойындамау бұйырылған еді. Ал шайтан болса, оларды әбден азғырып, хақ жолдан біржолата тайдырғысы келеді.»3.
Бұл аяттың түсуіне бір мұнафық пен бір яһудидің арасындағы дау себеп болған. Яһуди Расулалланың (с.а.с.) пара алмай, әділ шешім шығаратынына сеніп, дауды соған апаруды ұсынған. Мұнафық яһуди төрешісінің пара алатынын біліп, соған жүгінгісі келген. Кей риуаяттарда сол кездегі төреші Кағб ибн әл-Әшраф немесе ол кезде әлі мұсылман болмаған Әбу Бәрза әл-Әсләми еді делінеді. Мұнафық: «Кағб ибн әл-Әшрафқа барайық», – десе де, яһудидің сөзі өтіп, екеуі Расулаллаға (с.а.с.) келді. Алла елшісі (с.а.с.) яһудидің пайдасына үкім шығарды. Мұнафық оған көнбей: «Енді Омарға барайық», – деді. Екеуі Омарға болған жайды баяндады. Омар: «Күте тұрыңдар, үкімімді айтайын», – деп ішке кірді. Қылышын алып шығып: «Расулалланың үкіміне разы болмаған кісіге айтар үкімім осы», – деп, әлгі кісіні өлтірді. Осы оқиға Омар ибн әл-Хаттабтың әл-Фаруқ аталуына және сөз болып отырған аяттың түсуіне себеп болған делінеді.
Кей хадис шәріпшілері екі оқиғаның бір уақытта болуы мүмкін екенін, сондықтан риуаяттар бір-біріне қайшы келмейтінін айтқан. Зубәйірмен дауласқан ансарлықтың аты Қайс болғаны туралы да риуаят бар.