وَعَنْ حَرَامِ بْنِ سَعْدِ بْنِ مُحَيِّصَةَ: أَنَّ نَاقَةً لِلْبَرَاءِ بْنِ عَازِبٍ دَخَلَتْ حَائِطًا لِرَجُلٍ مِنَ الْأَنْصَارِ فَأَفْسَدَتْ فِيهِ، فَقَضَى رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَنَّ عَلَى أَهْلِ الْأَمْوَالِ حِفْظَهَا بِالنَّهَارِ، وَعَلَى أَهْلِ الْمَوَاشِي حِفْظَهَا بِاللَّيْلِ. أَخْرَجَهُ مَالِكُ وَأَبُو دَاوُدَ.
Харам ибн Сағд ибн Мухайса былай жеткізеді: «Бәра ибн Азибтің (р.а.) інгені ансарлық бір кісінің бағына кіріп, зиян келтірді. Сонда Расулалла (с.а.с.) бақ иелері өз бақтарын күндіз, ал мал иелері малын түнде қарауға тиіс деп үкім шығарды»1.
Түсіндірме
Бағауи «Шарх әс-сүннәда» осы хадиске сүйенген ғалымдардың пікірін былай келтіреді. Мал күндіз біреудің мүлкіне зиян келтірсе, оның иесі шығынды өтемейді. Өйткені мүлік иесі мүлкін күндіз өзі қарауға тиіс. Мал түнде зиян келтірсе, иесі шығынды өтейді. Әдет бойынша, мүлік иесі мүлкін күндіз, мал иесі малын түнде қарайды. Бұл әдетті бұзған адам сақтау міндетін атқармаған саналады. Бұл үкім мал иесінің малмен бірге болмаған кезіне қатысты. Ол малдың қасында болса, малға мініп келе ме, оны жетектеп жүр ме, отыр ма, түрегеп тұр ма – бәрібір, шығынды өтейді. Мал зиянды аузымен келтірсе де, алдыңғы не артқы аяғымен келтірсе де, үкім өзгермейді.
Имам Мәлик пен Шафиғи осылай үкім берген. Ал Әбу Ханифаның шәкірттері: «Мал иесі малдың жанында болмаса, мал күндіз зиян келтірсе де, түнде зиян келтірсе де, иесі шығынды өтемейді», – деген.
- 1Муатта, Ақдия 37 (2/747–748); Әбу Дәуіт, Буйуғ 92 (3569, 3570); Ибн Мәжа, Ахкам 13 (2332).