Хадис

Кутуб ситтә, № 4922

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
762. Кісі өлтіруге тыйым салу
Нөмірі
№ 4922 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
4922
Кутуб ситтә, № 4922 · тараудағы реті: 1

عَنْ سَعِيدِ بْنِ عَمْرِو بْنِ سَعِيدِ بْنِ الْعَاصِ عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَنْ يَزَالَ الْمُؤْمِنُ فِي فُسْحَةٍ مِنْ دِينِهِ مَا لَمْ يُصِبْ دَمًا حَرَامًا. قَالَ وَقَالَ ابْنُ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: إِنَّ مِنْ وَرْطَاتِ الْأُمُورِ الَّتِي لَا مَخْرَجَ لِمَنْ أَوْقَعَ نَفْسَهُ فِيهَا سَفْكَ الدَّمِ الْحَرَامِ بِغَيْرِ حِلِّهِ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Сағид ибн Амр ибн Сағид ибн әл-Ас Ибн Омардан (р.а.) былай жеткізеді: «Расулалла (с.а.с.): “Мүмін нақақ қан төкпегенше, дінінде кеңшілік болады”, – деді».

Сағид ибн Амр: «Ибн Омар (р.а.): “Нақақ қан төгу – адам басын сұқса, одан шығар жол таба алмайтын ауыр істердің бірі”, – деді»1, – деп жеткізеді.

Түсіндірме

Бұл хадис нақақ қан төгудің қаншалық ауыр күнә екенін білдіреді. Расулалла (с.а.с.) мүмін нақақ қан төкпейінше, дінінде кеңшілік бар екенін айтқан. Мұндағы «кеңшілік» тәубе еткен адамның кешірімнен үміт ете алатынын білдіреді. Нақақ қан төккен адам осы кеңшіліктен айырылады.

Бұхари бұл хадистің алдында мына риуаятты келтірген: «Ибн Мәсғуд (р.а.) былай жеткізеді: “Бір кісі: ‘Уа, Алла елшісі! Алла алдында ең ауыр күнә қайсы?’ – деп сұрады. Расулалла (с.а.с.): ‘Өзіңді жаратқан Аллаға серік қосуың’, – деді. Кісі: ‘Одан кейін қайсы?’ – деді. Расулалла (с.а.с.): ‘Ризығыңа ортақ болады деп қорқып, өз балаңды өлтіруің’, – деді. Кісі тағы: ‘Одан кейін қайсы?’ – деп сұрады. Расулалла (с.а.с.): ‘Көршіңнің әйелімен зина жасауың’, – деді”».2 Ұлық Алла осы сөзді растаған мына аяттарды түсірді: ﴿وَالَّذِينَ لَا يَدْعُونَ مَعَ اللَّهِ إِلَٰهًا آخَرَ وَلَا يَقْتُلُونَ النَّفْسَ الَّتِي حَرَّمَ اللَّهُ إِلَّا بِالْحَقِّ وَلَا يَزْنُونَ ۚ وَمَنْ يَفْعَلْ ذَٰلِكَ يَلْقَ أَثَامًا ۞ يُضَاعَفْ لَهُ الْعَذَابُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ وَيَخْلُدْ فِيهِ مُهَانًا﴾ «Олар Алламен қатар, басқаны құдай тұтып жалбарынбайды. Алла нақақтан-нақақ өлтіруде харам қылған тірі жанды өлтірмейді, зина жасамайды. Кімде-кім осыларды істесе, күнәсінің жазасын тартады. Қиямет күні оның азабы еселене түседі және ол сол азаптың ішінде мәңгі-бақи қор болып қалады.»3.

Хадистегі «уаратат» (وَرَطَاتٌ) – «уарта» (وَرْطَةٌ) сөзінің көпше түрі. «Уарта» опатқа ұшырататын, құтылар жолы жоқ істі білдіреді. Бастапқы мағынасы – шығар жолы жоқ терең жер. Хадисте бұл сөз «шығар жолы жоқ» деп нақтыланған. Нақақ кісі өлтірген адамның бұл күнәсіне тәубесі қабыл болмайды деген пікір кең тараған. Ибн Аббас (р.а.) осындай бір кісіге: «Бір кесе салқын су іш. Енді жәннатқа кіре алмайсың», – деген.

Тирмизи Абдулла ибн Омардан (р.а.): «Алла алдында бүкіл дүниенің жойылуы бір мұсылманның нақақ өлтірілуінен жеңілірек», – деген хадис жеткізген. Осы мағынаны қуаттайтын хадистер көп. Олардың кейбірі төменде келтіріледі.

Бір аятта былай делінген: ﴿مَنْ قَتَلَ نَفْسًا بِغَيْرِ نَفْسٍ أَوْ فَسَادٍ فِي الْأَرْضِ فَكَأَنَّمَا قَتَلَ النَّاسَ جَمِيعًا وَمَنْ أَحْيَاهَا فَكَأَنَّمَا أَحْيَا النَّاسَ جَمِيعًا﴾ «Кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады. Әрі кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады.»4.

Бұл аяттан адам қанының, әсіресе мүмін қанының Алла алдында қаншалық қадірлі екенін, ал нақақ кісі өлтірудің қандай ауыр күнә екенін ұғамыз. Осы жөнінде Ибн әл-Араби: «Жануарды себепсіз өлтіруге тыйым салынғаны және оған қатысты ескерту айтылғаны мәлім. Ендеше адамның жанын қиюдың жайы не болмақ? Әсіресе ол мұсылман болса ше? Тақуа, ізгі адам болса ше?» – деген.

«Кісі өлтірген адамның тәубесі қабыл бола ма?» деген мәселеде ислам ғалымдары әртүрлі пікір айтқан. Ибн Аббас (р.а.) секілді кей ғалымдар тәубесі қабыл болмайды деген. Ал әһлі сүннет уәл-жамағат ғалымдарының көпшілігі: «Кісі өлтірген адамның ісі Аллаға қалады, қаласа, кешіреді», – деген. Олар мына риуаятқа сүйенген: жоғарыда келтірілген «Фұрқан» сүресіндегі аяттарға қарап, сахабалар кісі өлтірген адам тозаққа түседі, оның тәубесі қабыл болмайды деген тұста ﴿إِنَّ اللَّهَ لَا يَغْفِرُ أَنْ يُشْرَكَ بِهِ وَيَغْفِرُ مَا دُونَ ذَٰلِكَ لِمَنْ يَشَاءُ﴾ «Алла өзіне серік қосқанды әсте кешірмейді. Ал одан өзге күнәларды істеген құлдарынан қалағанын кешіреді.»5 деген аят түскен. Бұл пікірді қуаттайтын басқа риуаяттар да бар. Солардың бірі – жоғарыда баяндалған тоқсан тоғыз адамды өлтірген соң, тәубе етудің жолын іздеген Исраил ұрпағынан шыққан кісінің кешірілуі туралы оқиға.

  1. 1Бұхари, Дият 1 (6862, 6863).
  2. 2Бұхари, Дият 1 (6861).
  3. 3«Фұрқан» сүресі, 68–69-аяттар.
  4. 4«Мәида» сүресі, 32-аяттың үзіндісі.
  5. 5«Ниса» сүресі, 48-аяттың үзіндісі.