Хадис

Бір адам үшін бірнеше кісіге және құл үшін азат адамға қысас жасау

Кутуб ситтә, 11-том, 771-тарау · 4 хадис · № 4959–4962

ҚЫСАС БӨЛІМІ

Хадистер

4959
Кутуб ситтә, № 4959 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Омар (р.а.)

عَنْ ابْنِ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ غُلَامًا قُتِلَ غِيلَةً. فَقَالَ عُمَرُ: لَوِ اشْتَرَكَ فِيهَا أَهْلُ صَنْعَاءَ لَقَتَلْتُهُمْ بِهِ.

Қазақша аудармасы

Ибн Омар (р.а.) былай дейді: «Бір баланы алдап өлтірген екен. Әзірет Омар (р.а.): “Баланы өлтіруге бүкіл Сана жұрты қатысса, сол бір бала үшін бәрін де өлім жазасына кесер едім”, – деді».1

  1. 1Бұхари, «Дият», 21 (№ 6896).
4960
Кутуб ситтә, № 4960 · тараудағы реті: 2

وَفِي رِوَايَةٍ: أَنَّ أَرْبَعَةً قَتَلُوا صَبِيًّا وَذَكَرَ نَحْوَهُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ.

Қазақша аудармасы

Басқа риуаят «Төрт кісі бір баланы өлтірді. Әзірет Омар былай деді…» деп басталып, жоғарыдағы риуаятпен бірдей жалғасады1.

Түсіндірме

Бұл риуаятта жазықсыз адамның өліміне қатысқандардың бәрі жазаға тартылатыны айтылады. Оқиғаның ұзақ баянынан Имам Бұхари үкімге қатысты тұсын ғана алған. Мәселені айқындау үшін оқиғаны толық баяндайық. Бір кісі елден кетіп, қайтып оралмайды. Бұрынғы әйелінен туған Асил атты ұлы қазіргі әйелінің қолында қалады. Күйеуі ұзақ уақыт оралмағасын, әйел көңілдес табады. Екеуі Асилді өздеріне кедергі көріп, өлтірмек болады. Баланы өлтіруге әйел, оның көңілдесі, қызметшісі және тағы бір ер адам қатысады. Олар Асилдің денесін бөлшектеп, қапқа салып, ауыл шетіндегі құдыққа тастайды. Іс көп ұзамай әшкере болып, әйел де, қалған үшеуі де қылмысын мойындайды. Мән-жайды анықтаған Яғла ибн Үмәйя әзірет Омарға хат жазып, оқиғаны хабарлайды. Омар төртеуін де өлім жазасына кесуді бұйырады. Үкімінде: «Алламен ант етейін, баланы өлтіруге бүкіл Сана жұрты қатысса, бәрін де өлім жазасына кесер едім», – дейді.

  1. 1Бұхари, «Дият», 21 (№ 6896). Мәлик, «Муатта», «Уқул», 13 (2-том, 871-б.).
4961
Кутуб ситтә, № 4961 · тараудағы реті: 3

وَعَنْ مَالِكٍ: أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَتَلَ نَفَرًا خَمْسَةً، أَوْ سَبْعَةً بِرَجُلٍ وَاحِدٍ، قَتَلُوهُ غِيلَةً وَقَالَ: لَوْ تَمَالَأَ عَلَيْهِ أَهْلُ صَنْعَاءَ لَقَتَلْتُهُمْ جَمِيعًا.

Қазақша аудармасы

Имам Мәлик былай дейді: «Әзірет Омар (р.а.) бір адам үшін бес не жеті кісіні өлім жазасына кесті. Олар әлгі адамды алдап өлтірген еді. Әзірет Омар үкімінде: “Бір кісіні өлтіруге бүкіл Сана жұрты қатысса, бәрін де өлім жазасына кесер едім”, – деді»1.

Түсіндірме

Бұл риуаяттағы үкім алдыңғы риуаяттағы үкіммен бірдей. Оқиға да Санада болғандықтан, бір оқиғаның екі нұсқасындай көрінуі мүмкін. Алайда алдыңғысында төрт кісі баланы өлтіргені айтылса, мұнда бес не жеті кісі бір ер адамды өлтіргені баяндалады. Ибн Хажар мұны екі бөлек оқиға деп түсіндіреді. Кейінгі оқиғада жеті кісі бір адамның күңімен бірге ішімдік ішіп, әлгі адамды өлтірген. Олар қылмысын мойындаған. Оқиға әзірет Омарға хабарланып, ол жауап хатында жоғарыдағы үкімді берген. Риуаяттардағы осы айырмашылықтарға сүйенген Ибн Хажар әзірет Омардың тұсында мұндай оқиғалар қайталанып, Омардың соларға бірдей үкім бергенін айтады.

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Уқул», 13 (2-том, 871-б.).
4962
Кутуб ситтә, № 4962 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Сәмура (р.а.)

وَعَنْ سَمُرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: مَنْ قَتَلَ عَبْدَهُ قَتَلْنَاهُ، وَمَنْ جَدَعَ عَبْدَهُ جَدَعْنَاهُ. أَخْرَجَهُ أَصْحَابُ السُّنَنِ. وَزَادَ النَّسَائِي: وَمَنْ خَصَى عَبْدَهُ خَصَيْنَاهُ.

Қазақша аудармасы

Сәмура (р.а.) риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Кім өз құлын өлтірсе, оны да өлтіреміз. Кім өз құлының дене мүшесін кесіп, мертіктірсе, оған да солай істейміз”, – деді»1.

Нәсәи жеткізген нұсқада мына сөз қосылған: «Кім өз құлын піштірсе, оны да піштіртеміз».2

Түсіндірме

1. Хадисте қожайын мен құлдың бір-біріне қарсы жасаған қылмысына тең жаза қарастырылған. Бұл мәселеде фақиһтар түрлі пікір айтқан. Бірқатары осы хадиске сүйеніп пәтуа берген, ал көпшілігі өзге дәлелдерді де ескеріп, басқа үкім шығарған. Тирмизи хадистен кейін былай дейді: «Табиғиндерден кейбір ілім иелері осы хадиске сай үкім берген. Ибраһим ән-Нәһәи – солардың бірі. Басқалары: “Кісі өліміне де, одан жеңіл қылмысқа да байланысты азат адам мен құлдың арасында қысас жасалмайды”, – деген. Хасан Басри, Ата ибн Рабах, Ахмад пен Исхақ осы пікірде. “Қожайын өз құлын өлтірсе, өзі өлтірілмейді. Ал өзгенің құлын өлтірген азат адам өлім жазасына кесіледі”, – дегендер де бар. Суфиян әс-Сәури осы пікірді ұстанған». Кейбір ғалымдар Ибраһим ән-Нәһәиден өзге ғалымдардың бәрі қожайын өз құлын өлтіргені үшін өлім жазасына кесілмейді деген пікірде болғанын айтады.

Қожайынға өз құлы үшін өлім жазасы берілмейді деген ғалымдар хадисті құл өлтіруден тыятын қатаң ескерту деп түсіндірген. Мәселен, Алла елшісі (с.а.с.): «Кісі ішімдік ішсе, дүре соғыңдар. Қайта ішсе, тағы дүре соғыңдар. Төртінші не бесінші рет ішсе, өлтіріңдер», – деген. Алайда төртінші не бесінші рет ішкен адам өзіне әкелінгенде, оны өлтірмеген. Кейбір ғалымдар хадистегі үкім бұрын құл болып, кейін азаттық алып, бұрынғы қожайынымен теңескен адамға қатысты деп түсіндіреді. Тағы бір пікір бойынша, бұл хадистегі үкім ﴿الْحُرُّ بِالْحُرِّ وَالْعَبْدُ بِالْعَبْدِ﴾ «Азат адамға азат адам, құлға құл» («Бақара» сүресі, 178-аят) деген аятпен күшін жойған.

Әбу Ханифаның шәкірттері: «Азат адам өзгенің құлын өлтірсе, өзі де өлім жазасына кесіледі. Өз құлын өлтірсе, оған өлім жазасы берілмейді», – деген.

Имам Шафиғи мен Имам Мәлик құлды өлтірген азат адамға, ол өзгенің құлы болса да, өлім жазасы тағайындалмайды деп есептеген.

Ибраһим ән-Нәһәи мен Суфиян әс-Сәуридің пікірінше, азат адам өз құлын өлтірсе де, өлім жазасына кесіледі.

2. Хадистегі «жәдғ» сөзін «дене мүшесін кесіп, мертіктіру» деп аудардық. Сөздің негізгі мағынасы – мұрын кесу. Ол құлақ, ерін секілді басқа мүшелерді кесу мағынасында да қолданылады.

Түсіндірмелерде «Құлдың дене мүшесін кескен азат адамның дене мүшесі кесілмейді» делінеді. Осыған сүйенген ғалымдар хадисті қатаң ескерту деп түсіндірген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Дият», 7 (№ 4515–4518). Тирмизи, «Дият», 18 (№ 1414). Нәсәи, «Қасама», 9 (8-том, 21-б., № 4738).
  2. 2Нәсәи, «Қасама», № 4754. Әбу Дәуіт, «Дият», 7 (№ 4516).