Хадис

Кәпірді өлтірген мұсылманға қысас жасау

Кутуб ситтә, 11-том, 772-тарау · 2 хадис · № 4963–4964

ҚЫСАС БӨЛІМІ

Хадистер

4963
Кутуб ситтә, № 4963 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Әбу Жухайфа (р.а.)

وَعَنْ أَبِي جُحَيْفَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قُلْتُ لِعَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: يَا أَمِيرَ الْمُؤْمِنِينَ. هَلْ عِنْدَكُمْ مِنْ سَوْدَاءَ فِي بَيْضَاءَ لَيْسَ فِي كِتَابِ اللَّهِ؟ قَالَ: لَا، وَالَّذِي فَلَقَ الْحَبَّةَ وَبَرَأَ النَّسَمَةَ مَا عَلِمْتُهُ إِلَّا فَهْمًا يُعْطِيهِ اللَّهُ رَجُلًا فِي الْقُرْآنِ، وَمَا فِي هَذِهِ الصَّحِيفَةِ. قُلْتُ: وَمَا فِي هَذِهِ الصَّحِيفَةِ؟ قَالَ: الْعَقْلُ وَفِكَاكُ الْأَسِيرِ، وَأَنْ لَا يُقْتَلَ مُسْلِمٌ بِكَافِرٍ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالتِّرْمِذِيُّ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Әбу Жуһайфа (р.а.) былай дейді: «Әзірет Әлиден (р.а.): “Уа, мүміндердің әміршісі! Қолдарыңызда Құранда жоқ жазба бар ма?” – деп сұрадым. Ол: “Жоқ. Дәнді жарып, адамды жаратқан Алланың атымен ант етемін. Құранды түсіну үшін Алланың адамға берген зердесі және мына парақтағы жазу ғана бар”, – деді. “Ол парақта не жазылған?” – деп сұрадым. Ол: “Құнға қатысты үкімдер, тұтқындарды азат ету және кәпірді өлтіргені үшін мұсылманның өлтірілмейтіні”, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

1. Әл-Қазидың айтуынша, бұл сұрақ әзірет Әлиге шииттердің бір мәлімдемесіне байланысты қойылған. Олар Алла елшісі (с.а.с.) Әһлі бәйтке, әсіресе әзірет Әлиге, басқаларға айтпаған уахиды жеке үйреткен деп есептеген.

Осы пікір тарағандықтан, әзірет Әлиге Әбу Жуһайфа Уәһб ибн Абдулла әл-Амириден бөлек Қайс ибн Убад пен әл-Әштәр ән-Нәһәи де осы сұрақты қойған. Құраннан бөлек арнайы уахи мәтіні болмағанын әзірет Әлидің өз аузынан естігенін басқа кісілер де жеткізген. Мәселен, Тарық ибн Шиһаб: «Әзірет Әлидің мінберде тұрып: “Алламен ант етейін, қолымызда сендерге оқып беретін Алланың кітабы мен мына парақтан өзге жазба жоқ”, – дегенін естідім», – дейді.

2. Риуаят жолдарына қарай әзірет Әлидің жауабы және парақтың мазмұны әртүрлі берілген. Нәсәидің бір нұсқасы төменде келеді. Бұхари мен Мүслимнің бір риуаятында «Мәдина – қасиетті аймақ» деген үкім бар. Мүслимнің бір риуаятында «Алла Өзінен басқаның атын атап мал бауыздаған адамды лағынеттеді» делінген. Ахмад ибн Ханбалдың нұсқасында садақаны бөлу тәртібі аталады. Ибн Хажар бұлардың бәрі сол парақта болғанын, әр жеткізуші есінде қалғанын риуаят еткенін айтып, нұсқалардың арасында қайшылық жоқ екенін көрсеткен.

3. Хадистегі «сахифа» сөзі «жазуы бар парақ» дегенді білдіреді.

4. «Ғақл» бұл жерде «құн» мағынасында қолданылған. Құнға берілген түйелерді өлтірілген адамның ауласында арқанмен байлап қойғандықтан, құн да «ғақл» аталған.

«Ғақл» сөзінің бұл қолданыстағы түпкі мағынасы – арқан. Ибн Мәжаның риуаятында оның орнына «дият» сөзі келген. Демек, парақта құнның түрі, мөлшері, төлеу тәртібі сияқты үкімдер жазылған болса керек.

5. Хадисте кәпірді өлтірген мұсылманға қысас жасалмайтыны айтылған. Бұл мәселеде фақиһтар әртүрлі пікір білдірген. Ибн Хажар мына пікірлерді келтіреді.

• Имам Шафиғи, Имам Мәлик пен Ахмад ибн Ханбал бастаған ғалымдардың көпшілігі осы хадиске сүйеніп, кәпірді өлтіргені үшін мұсылманға өлім жазасы кесілмейді деген. Алайда Имам Мәлик қарақшылар мен соларға ұқсас адамдар туралы «Қастандықпен өлтірген кісі, өлген адам зымми болса да, өлім жазасына кесіледі» деген.

• Ханафи ғалымдарының пікірінше, мұсылман зыммиді жазықсыз өлтірсе, оған қысас жасалады. Уақытша амандық кепілдігі берілген адам үшін бұл жаза қолданылмайды.

• Шағби мен ән-Нәһәидің пікірінше, христиан не яһудиді өлтірген мұсылманға қысас жасалады, ал мәжусиді өлтіргені үшін өлім жазасы кесілмейді.

Тақырыпты созбау үшін бұл мәселедегі өзге пікірлер мен дәлелдерге тоқталмаймыз.

  1. 1Бұхари, «Дият», 31, «Илім», 39, «Жиһад», 171. Тирмизи, «Дият», 16 (№ 1412). Нәсәи, «Қасама», 12 (8-том, 23-б.).
4964
Кутуб ситтә, № 4964 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ قَيْسِ بْنِ عُبَادٍ قَالَ: انْطَلَقْتُ أَنَا وَالْأَشْتَرُ النَّخَعِيُّ إِلَى عَلِيِّ بْنِ أَبِي طَالِبٍ. فَقُلْنَا لَهُ: هَلْ عَهَدَ إِلَيْكَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ شَيْئًا لَمْ يَعْهَدْهُ إِلَى النَّاسِ عَامَّةً؟ قَالَ: لَا، إِلَّا مَا فِي هَذَا. فَأَخْرَجَ كِتَابًا مِنْ قِرَابِ سَيْفِهِ. قَالَ: فَإِذَا فِيهِ: الْمُؤْمِنُونَ تَتَكَافَأُ دِمَاؤُهُمْ، وَهُمْ يَدٌ عَلَى مَنْ سِوَاهُمْ، وَيَسْعَى بِذِمَّتِهِمْ أَدْنَاهُمْ. أَلَا لَا يُقْتَلُ مُؤْمِنٌ بِكَافِرٍ، وَلَا ذُو عَهْدٍ فِي عَهْدِهِ. مَنْ أَحْدَثَ حَدَثًا فَعَلَى نَفْسِهِ، وَمَنْ أَحْدَثَ حَدَثًا أَوْ آوَى مُحْدِثًا فَعَلَيْهِ لَعْنَةُ اللَّهِ وَالْمَلَائِكَةِ وَالنَّاسِ أَجْمَعِينَ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Қайс ибн Убад (р.а.) былай дейді: «Әл-Әштәр ән-Нәһәи екеуміз әзірет Әлиге (р.а.) барып: “Алла елшісі (с.а.с.) сізге жұртқа айтпаған бір өсиетті жеке тапсырды ма?” – деп сұрадық. Ол: “Жоқ, мына парақтағы жазу ғана бар”, – деді де, қылышының қынабынан бір парақ шығарды. Онда былай жазылыпты: “Мүміндердің қаны тең. Олар өзгелерге қарсы бір қолдай ұйысады. Олардың дәрежесі ең төменінің берген амандық кепілдігі де бәріне жүреді. Біліп қойыңдар: кәпірді өлтіргені үшін мүмін өлтірілмейді. Келісім иесі де келісімнің мерзімі ішінде өлтірілмейді. Кім қылмыс жасаса, жауапкершілігі өз мойнында. Кім қылмыс жасаса немесе қылмыскерді паналатса, оған Алланың, періштелердің және бүкіл адамдардың лағынеті жаусын”».1

Түсіндірме

1. Хадистегі «Мұсылмандардың қаны тең» деген үкімге сәйкес, беделді мен беделсіздің, бай мен кедейдің, әйел мен ердің, текті мен қарапайым адамның, үлкен мен кішінің, араб пен араб еместің, ғалым мен білімсіздің арасында айырма жоқ. Кім кімді өлтірсе де, қысас бірдей жасалады. Кінәлінің орнына басқа кісі өлтірілмейді.

2. «Мұсылмандар бір қолдай» деген сөз олардың бір-біріне қолдау көрсететінін, басқа діндегілердің алдында бірін-бірі жалғыз қалдырмайтынын білдіреді.

3. «Дәрежесі ең төменінің берген амандық кепілдігі де бәріне жүреді» деген сөз кез келген мұсылман мұсылман еместің амандығына кепіл бола алатынын білдіреді. Сол сәттен бастап оның жанына, малына, ар-намысына қол сұғуға болмайды. Бұл кепілдікті қоғамда беделі жоқ немесе құлдықтағы мұсылман берсе де, ол күшінде қалады.

4. «Келісім иесі өлтірілмейді» деген сөз алдыңғы үкіммен сабақтастырылса, былай түсініледі: «Соғысушы кәпірді өлтіргені үшін мүмінге де, келісім иесіне де, оның келісімі күшінде тұрған кезде, өлім жазасы кесілмейді».

5. Кісі жасаған қылмысы мен күнәсіне өзі жауап береді. Өзгенің қылмысы үшін ешкім жазаланбайды. Бұл қағида адамның өз басына немесе мүлкіне қатысты жазаға жүреді. Абайсызда істелген қылмысқа байланысты кейбір ақшалай міндеттер ақилаға жүктелуі мүмкін.

6. Алла елшісінің (с.а.с.) қылмыскерді паналатқан адамға лағынет айтуына түсіндірушілер назар аударған. Олардың айтуынша, сөз қылмыскерді жәбір көрген жақтан қорғап, қысастың орындалуына бөгет болған адам жайында.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Дият», 11 (№ 4530). Нәсәи, «Қасама», 8 (8-том, 19-б.).