Хадис

Есі ауысқан және мас адамға қатысты қысас

Кутуб ситтә, 11-том, 773-тарау · 4 хадис · № 4965–4968

ҚЫСАС БӨЛІМІ

Хадистер

4965
Кутуб ситтә, № 4965 · тараудағы реті: 1

عَنْ يَحْيَى بْنِ سَعِيدٍ: أَنَّ مَرْوَانَ كَتَبَ إِلَى مُعَاوِيَةَ بْنِ أَبِي سُفْيَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّهُ أُتِيَ إِلَيْهِ بِمَجْنُونٍ قَدْ قَتَلَ رَجُلًا فَكَتَبَ إِلَيْهِ أَنِ اعْقِلْهُ، وَلَا تُقِدْ مِنْهُ، فَإِنَّهُ لَيْسَ عَلَى مَجْنُونٍ قَوَدٌ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай дейді: «Мәруан әзірет Мұғауия ибн Әбу Суфиянға (р.а.) хат жазып, алдына кісі өлтірген есі ауысқан адамды әкелгенін хабарлады. Соған қандай үкім берілетінін сұрады.

Мұғауия: “Оның атынан құн төле, қысас жасама. Өйткені есі ауысқан адамға қысас жасалмайды”, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

Бұл мәселені сұраған Мәруан ибн әл-Хакам Мәдинаның уәлиі еді. Әзірет Мұғауия сол кезде Шамда халифа болып тұрған. Ол Мәруанға «Үш кісіден қалам көтерілген:... есі ауысқан адамнан – есі кіргенге дейін» деген хадиске сүйеніп, есі ауысқан адамға қысас жасауға тыйым салған.

Имам Мәлик мына түсіндірмені қосқан: «Бала мен ересек адам біреуді бірігіп, қасақана өлтірсе, ересек адамға қысас жасалып, балаға құнның жартысын төлеу міндеттеледі. Сол сияқты азат адам мен құл бірігіп, бір құлды өлтірсе, құлға қысас жасалады, ал азат адам өлген құлдың бағасының жартысын төлейді». Зұрқани былай түсіндіреді: «Құлға екеуінің дәрежесі тең болғандықтан қысас жасалады. Азат адамға дәрежелері тең болмағандықтан қысас жасалмайды. Ол өлген құлдың бағасының жартысын, мөлшері құннан асып кетсе де, төлейді».

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Уқул», 3 (2-том, 851-б.).
4966
Кутуб ситтә, № 4966 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ مَالِكٍ: أَنَّهُ بَلَغَهُ أَنَّ مَرْوَانَ كَتَبَ إِلَى مُعَاوِيَةَ: أَنَّهُ أُتِيَ بِسَكْرَانَ قَدْ قَتَلَ رَجُلًا. فَكَتَبَ إِلَيْهِ أَنِ اقْتُلْهُ بِهِ.

Қазақша аудармасы

Имам Мәликке жеткен хабар бойынша, Мәруан әзірет Мұғауияға (р.а.) хат жазып, алдына кісі өлтірген мас адам әкелінгенін хабарлап, қандай үкім берілетінін сұрады. Әзірет Мұғауия: «Оған қысас жаса», – деп жауап берді1.

Түсіндірме

Зұрқани былай дейді: «Мас адам істеген қылмысына жауап береді. Әйтпесе адамдар мас болып, кісі өлтіріп, мүлікті бүлдірген соң есімізді білмедік деп ақталар еді. Мұндайға жол бермеу үшін шариғат мастықты ақтау себебі деп қабылдамаған. Мас адам мен есі ауысқан адамның айырмасы бар. Мас адам өз еркімен ішіп, мас болды. Демек, сол күйге өз қалауымен түсті. Есі ауысқан адамда мұндай қалау жоқ».

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Уқул», 15 (2-том, 872-б.).
4967
Кутуб ситтә, № 4967 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Әли (р.а.)

وَعَنْ عَلِيٍّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ يَهُودِيَّةً كَانَتْ تَشْتِمُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ وَتَقَعُ فِيهِ فَخَنَقَهَا رَجُلٌ حَتَّى مَاتَتْ. فَأَبْطَلَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ دَمَهَا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Әзірет Әли (р.а.) былай дейді: «Бір яһуди әйел Алла елшісіне (с.а.с.) тіл тигізіп, балағаттайтын. Бір кісі оны буындырып өлтірді. Алла елшісі (с.а.с.) әйелдің қаны үшін өтем талап етілмейді деп үкім берді»1.

Түсіндірме

Хадис Алла елшісіне (с.а.с.) тіл тигізген адамға өлім жазасы беріледі деген пікірге дәлел ретінде келтірілген. Ибн әл-Мүнзир бұл үкімді ғалымдар бірауыздан қолдағанын жеткізеді. Хаттаби: «Егер ол мұсылман болса, оған өлім жазасы берілуі уәжіп дегенге қарсы шыққан ғалымды білмеймін», – деген. Ибн Баттал ғалымдардың бұл мәселеде әртүрлі пікірде болғанын айтып, сөзін былай жалғайды: «Бұл адам яһуди сияқты Ислам елінде тұруға рұқсат алған зымми болса, Ибн әл-Қасымның Мәликтен жеткізуінше, Алла елшісіне тіл тигізген мұсылман емес адамға өлім жазасы беріледі. Тіл тигізген адам мұсылман болса, тәубеге шақырылмастан өлім жазасына кесіледі». Ибн әл-Мүнзир Ләйс, Шафиғи, Ахмад пен Исхақтың яһудилер және басқа діндегілер туралы осыған ұқсас пікірін жеткізген. Әузағи мен Мәликтен мұсылманға қатысты «Бұл – діннен шығудың бір түрі, оған тәубе ету ұсынылады» деген пікір жеткен. Куфалық ғалымдардың пікірінше, тіл тигізген зымми кешіріледі, ал мұсылманның бұл ісі діннен шығу болып саналады.

Қази Ияздың айтуынша, ғалымдар Алла елшісіне (с.а.с.) тіл тигізген зыммидің неліктен жазаланбағанын талқылаған. Кейбірі оның сөзі анық дәлелденбеген дейді, кейбірі мұны жүрегін жібіту мақсатымен түсіндіреді. Ол сөзін былай жалғайды: «Кейбір мәлики ғалымдары: “Алла елшісі өзіне ‘Саған өлім болсын!’ деген яһудилерді өлтірмеді. Өйткені олардың бұл сөзді айтқанына дәлел келтірілмеді, өздері де мойындамады”, – деген». Басқа ғалымдар олардың сөзін ашық балағаттау деп түсінбеген. Бұл пікір бойынша, олар сәлемдескенде сөзді бұрмалап, өлім тілеуді меңзеген. Сондықтан оларға «Саған да» деп жауап беріледі.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Худуд», 2 (№ 4362).
4968
Кутуб ситтә, № 4968 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

وَعَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّ أَعْمَى قَتَلَ أُمَّ وَلَدٍ لَهُ، وَكَانَتْ تَشْتُمُ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. فَأَهْدَرَ النَّبِيُّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ دَمَهَا. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالنَّسَائِي.

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Көзі көрмейтін бір кісі Алла елшісіне (с.а.с.) тіл тигізгені үшін өзінен бала туған күңін өлтірді. Алла елшісі күңнің қаны үшін өтем талап етілмейді деп үкім берді»1.

Түсіндірме

1. Әбу Дәуіт оқиғаны егжей-тегжейлі баяндайды. Көзі көрмейтін кісі Алла елшісіне (с.а.с.) тіл тигізген күңін өлтіреді. Келесі күні бұдан хабардар болған Алла елшісі: «Күңнің қаны – һәдәр», – деген. Яғни өлтірген кісіге қысас жасалмайды, құн төленбейді және тағзир жазасы берілмейді.

2. Хадис түсіндірушілері Алла елшісіне (с.а.с.) көзі көрмейтін кісінің сөзі рас екені уахи арқылы білдірілген болуы мүмкін деп есептеген. Өйткені әдетте мұндай істе кінәлінің сөзімен шектелмей, мән-жай анықталады. 3. Синдидің айтуынша, хадис зымми Алла елшісіне (с.а.с.) тіл тигізіп, жала жапса, қорғалу құқығынан айырылып, оған өлім жазасы берілуі мүмкін деген пікірге дәлел ретінде келтірілген.

Ғалымдар тіл тигізген мұсылманға өлім жазасы берілетінінде келіскен. Ал зыммиге қатысты үкімде әртүрлі пікір айтқан. Бұл мәселе алдыңғы хадистің түсіндірмесінде кеңірек қарастырылды.

• Шафиғи: «Ол қорғалу құқығынан айырылып, өлім жазасына кесіледі», – деген.

• Әбу Ханифа: «Оған өлім жазасы берілмейді. Оның Аллаға серік қосуы бұдан да ауыр күнә», – деген.

• Имам Мәлик: «Тіл тигізген яһуди мен христианға өлім жазасы беріледі, мұсылманға бұл үкім қолданылмайды», – деген.

  1. 1Әбу Дәуіт, «Худуд», 2 (№ 4361). Нәсәи, «Тахрим», 16 (7-том, 107–108-б.).