عَنْ ثَعْلَبَةَ بْنِ زَهْدَمٍ الْيَرْبُوعِيِّ قَالَ: جَاءَ نَاسٌ مِنَ الْأَنْصَارِ فَقَالُوا: يَا رَسُولَ اللَّهِ هَؤُلَاءِ بَنُو ثَعْلَبَةَ بْنِ يَرْبُوعٍ قَتَلُوا فُلَانًا فِي الْجَاهِلِيَّةِ. فَقَالَ وَهَتَفَ بِصَوْتِهِ: أَلَا لَا تَجْنِي نَفْسٌ عَلَى أُخْرَى. أَخْرَجَهُ النَّسَائِي.
Сағлаба ибн Зәһдәм әл-Ярбуғи (р.а.) былай дейді: «Ансарлардан бір топ кісі келіп: “Уа, Алла елшісі! Мыналар – Бәни Сағлаба ибн Ярбуғ тайпасынан. Олар жаһилият дәуірінде пәленшені өлтірген”, – деді. Алла елшісі (с.а.с.) дауысын көтеріп: “Бір адам екінші адамның қылмысына жауап бермейді”, – деді»1.
Түсіндірме
Бұл хадис жаһилият дәуіріндегі ескі түсініктің күшін жойғанын көрсетеді. Ансарлардың бір тобы Бәни Сағлаба ибн Ярбуғ тайпасының бір адамы жасаған қылмысты бүкіл тайпаға таңып, «Пәленшені осылар өлтірді» деп шағымданған. Сол кездегі әдет бойынша, тайпадағы бір адамның қылмысына бүкіл ру жауапты саналатын. Қылмыс та жәбір көрген адамның өзіне не отбасына ғана емес, бүкіл руына жасалған деп есептелетін. Сондықтан кек алу үшін қылмыскердің өзін іздемей, оның руынан кез келген бір адамды өлтіру жеткілікті саналатын.
Ислам әр адамның өз ісіне жауап беруін және заңның үстемдігін негіз етіп, осы ескі тәртіпті «Әнғам» сүресінің 164-аятымен жойды. Аятта ﴿وَلَا تَزِرُ وَازِرَةٌ وِزْرَ أُخْرَىٰ﴾ «Біреудің күнәсін басқа біреу арқаламайды!» делінген. Бұл – Ислам енгізген елеулі өзгерістердің бірі. Содан бері адам руының бір мүшесі ретінде ғана бағаланбайды, Алла мен шариғат алдында өз ісіне жеке жауап беретін тұлға саналады.
- 1Нәсәи, «Қасама», 39 (8-том, 53-б., № 4833).