Хадис

Кутуб ситтә, № 4965

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
773. Есі ауысқан және мас адамға қатысты қысас
Нөмірі
№ 4965 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 1
4965
Кутуб ситтә, № 4965 · тараудағы реті: 1

عَنْ يَحْيَى بْنِ سَعِيدٍ: أَنَّ مَرْوَانَ كَتَبَ إِلَى مُعَاوِيَةَ بْنِ أَبِي سُفْيَانَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: أَنَّهُ أُتِيَ إِلَيْهِ بِمَجْنُونٍ قَدْ قَتَلَ رَجُلًا فَكَتَبَ إِلَيْهِ أَنِ اعْقِلْهُ، وَلَا تُقِدْ مِنْهُ، فَإِنَّهُ لَيْسَ عَلَى مَجْنُونٍ قَوَدٌ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Яхия ибн Сағид былай дейді: «Мәруан әзірет Мұғауия ибн Әбу Суфиянға (р.а.) хат жазып, алдына кісі өлтірген есі ауысқан адамды әкелгенін хабарлады. Соған қандай үкім берілетінін сұрады.

Мұғауия: “Оның атынан құн төле, қысас жасама. Өйткені есі ауысқан адамға қысас жасалмайды”, – деп жауап берді»1.

Түсіндірме

Бұл мәселені сұраған Мәруан ибн әл-Хакам Мәдинаның уәлиі еді. Әзірет Мұғауия сол кезде Шамда халифа болып тұрған. Ол Мәруанға «Үш кісіден қалам көтерілген:... есі ауысқан адамнан – есі кіргенге дейін» деген хадиске сүйеніп, есі ауысқан адамға қысас жасауға тыйым салған.

Имам Мәлик мына түсіндірмені қосқан: «Бала мен ересек адам біреуді бірігіп, қасақана өлтірсе, ересек адамға қысас жасалып, балаға құнның жартысын төлеу міндеттеледі. Сол сияқты азат адам мен құл бірігіп, бір құлды өлтірсе, құлға қысас жасалады, ал азат адам өлген құлдың бағасының жартысын төлейді». Зұрқани былай түсіндіреді: «Құлға екеуінің дәрежесі тең болғандықтан қысас жасалады. Азат адамға дәрежелері тең болмағандықтан қысас жасалмайды. Ол өлген құлдың бағасының жартысын, мөлшері құннан асып кетсе де, төлейді».

  1. 1Мәлик, «Муатта», «Уқул», 3 (2-том, 851-б.).