عَنْ ابْنِ مَسْعُودٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَعَفُّ النَّاسِ قِتْلَةً أَهْلُ الْإِيمَانِ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.
Ибн Мәсғуд (р.а.) риуаят етеді: «Алла елшісі (с.а.с.): “Жан алуға тура келгенде, адамдардың ең ұстамдысы – иман иелері”, – деді»1.
Түсіндірме
Хадисте адамға да, хайуанға да қатысты жан алуға тура келгенде, мейірім мен жанашырлық танытып, шектен шықпайтындар иман иелері екені айтылады. Құран мен сүннетте Алланың жаратылысына қалай қарау керектігі белгіленген. Мүміндер сол шектен аспайды, тыйым салынған әрекеттерге бармайды. Мәселен, дене мүшелерін кесіп, мертіктіруге, тірі жанды нысана етуге, отқа жағып өлтіруге, қинауға тыйым салынған. Бұл қағидаларды бүкіл адамзат ортақ құндылық санаса да, оларды толығымен ұстанатындар – иман иелері. Олар дүниедегінің бәрін Алланың жаратуы деп таниды, әр жаратылыстың адам алдындағы ақысы барын, әсіресе адам мен хайуанның ақысы басым екенін түсінеді. Сондықтан оларға мейіріммен, жанашырлықпен қарайды. Ал кәпірдің жаратылысқа құрметпен қарауына негіз болатын мұндай көзқарасы болмағандықтан, ол дүниеге тонап алатын олжадай қарайды. Хадис көзқарастағы осы айырманы білдіреді.
- 1Әбу Дәуіт, «Жиһад», 120 (№ 2666). Ибн Мәжа, «Дият», 30 (№ 2681–2682).