وَعَنْ أَبِي فِرَاسٍ، أَنَّ عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: رَأَيْتُ رَسُولَ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يُقِصُّ مِنْ نَفْسِهِ. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.
Әбу Фирас әзірет Омардың (р.а.) мына сөзін жеткізеді: «Алла елшісінің (с.а.с.) басқа біреуге өзінен қысас алуға мүмкіндік бергенін көрдім»1.
Түсіндірме
Алла елшісі (с.а.с.) әділеттің маңызын көрсету үшін өзінен қысас алуға рұқсат берген. Әзірет Омар Алла елшісінің ара-тұра: «Кімнің менде ақысы болса, келіп алсын. Кімді жазықсыз ұрған болсам, ол да келіп мені ұрсын», – деген мағынада сөз айтқанын жеткізеді. Осы орайда Әбу Дәуіт Әбу Сағид әл-Худриден мына риуаятты келтіреді: «Алла елшісі (с.а.с.) жұртқа үлес таратып жатты. Бір адам алға шығып, үстінен үңілді. Алла елшісі қолындағы құрма бұтағымен оны нұқып, кейін шегіндірмек болды. Бұтақ әлгі кісінің бетіне тиіп, қанатып жіберді. Сонда Алла елшісі: “Кел, менен қысасыңды ал!” – деді. Әлгі кісі: “Сізді кешірдім, уа, Алла елшісі”, – деп жауап берді».2
Әзірет Әбу Бәкір мен әзірет Омардың да жұртқа өздерінен қысас алуға мүмкіндік бергені туралы риуаяттар бар.