Хадис

ҚАСАМА БӨЛІМІ

Кутуб ситтә, 11-том, 783-тарау · 5 хадис · № 4985–4989

ҚАСАМА БӨЛІМІ

Хадистер

«Қасама» сөзі ант беруді білдіреді. Фиқһта қасама – денесінде кісі қолынан қаза тапқанының ізі бар мәйіт табылып, оны кім өлтіргені белгісіз болғанда, сол маңда тұратын елу адамның қылмысқа қатысы жоқтығы жөнінде жеке-жеке ант беруі.

Белгілі бір жерден денесінде соққының не басқа да зорлықтың ізі бар мәйіт табылса, сол жерге дауыс жететін ауылдың немесе шағын қаланың елу ер адамынан ант алынады. Әрқайсысы: «Алланың атымен ант етемін, оны мен өлтірмедім, кім өлтіргенін де білмеймін», – дейді. Егер ант берушінің бірі қылмыскерді білсе: «Алланың атымен ант етемін, оны мен өлтірмедім, пәленшеден басқа бұл іске қатысы бар адамды білмеймін», – дейді. Ант берушілердің саны елуге жетпесе немесе ауыл тұрғындарының өзі елуден аз болса, кейбірі антты қайталап, ант санын елуге жеткізеді.

Келесі хадисте жаһилият дәуірінде болған бір қасама оқиғасы егжей-тегжейлі баяндалады.

4985
Кутуб ситтә, № 4985 · тараудағы реті: 1Риуаят етуші: Ибн Аббас (р.а.)

عَنْ ابْنِ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: إِنَّ أَوَّلَ قَسَامَةٍ كَانَتْ فِي الْجَاهِلِيَّةِ لَفِينَا بَنِي هَاشِمٍ. كَانَ رَجُلٌ مِنْ بَنِي هَاشِمٍ اسْتَأْجَرَهُ رَجُلٌ مِنْ قُرَيْشٍ مِنْ فَخِذٍ أُخْرَى، فَانْطَلَقَ مَعَهُ فِي إِبِلِهِ. فَمَرَّ بِهِ رَجُلٌ مِنْ بَنِي هَاشِمٍ، وَقَدِ انْقَطَعَتْ عُرْوَةُ جَوَالِقِهِ. فَقَالَ: أَغِثْنِي بِعِقَالٍ أَشَدُّ بِهِ عُرْوَةَ جَوَالِقِي، لَا تَنْفِرُ الْإِبِلُ. فَأَعْطَاهُ عِقَالًا فَشَدَّ بِهِ عُرْوَةَ جَوَالِقِهِ. فَلَمَّا نَزَلُوا عُقِلَتْ الْإِبِلُ إِلَّا بَعِيرًا وَاحِدًا فَقَالَ الَّذِي اسْتَأْجَرَهُ: مَا بَالُ هَذَا الْبَعِيرِ لَمْ يُعْقَلْ مِنْ بَيْنِ الْإِبِلِ؟ فَقَالَ: لَيْسَ لَهُ عِقَالٌ. فَقَالَ: أَيْنَ عَقَالُهُ؟ وَحَذَفَهُ بِعَصَا كَانَ فِيهَا أَجَلُهُ فَمَرَّ بِهِ رَجُلٌ مِنْ أَهْلِ الْيَمَنِ. فَقَالَ: أَتَشْهَدُ الْمَوْسِمَ؟ قَالَ: مَا أَشْهَدُ، وَرُبَّمَا شَهِدْتُهُ. قَالَ: فَهَلْ أَنْتَ مُبَلِّغٌ عَنِّي رِسَالَةً مَرَّةً مِنَ الدَّهْرِ؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: إِذَا شَهِدْتَ الْمَوْسِمَ فَنَادِ: يَا آلَ قُرَيْشٍ؟ فَإِذَا أَجَابُوكَ؛ فَنَادِ: يَا آلَ بَنِي هَاشِمٍ، فَإِذَا أَجَابُوكَ. فَاسْأَلْ عَنْ أَبِي طَالِبٍ، فَأَخْبِرْهُ أَنَّ فُلَانًا قَتَلَنِي فِي عِقَالٍ، وَمَاتَ الْمُسْتَأْجَرُ. فَلَمَّا قَدِمَ الَّذِي اسْتَأْجَرَهُ أَتَاهُ أَبُو طَالِبٍ. فَقَالَ: مَا فَعَلَ صَاحِبُنَا؟ قَالَ: مَرِضَ فَأَحْسَنْتُ الْقِيَامَ عَلَيْهِ، وَوَلِيتُ دَفْنَهُ. قَالَ: قَدْ كَانَ أَهْلَ ذَلِكَ مِنْكَ فَمَكَثَ حِينًا ثُمَّ إِنَّ الرَّجُلَ الَّذِي أَوْصَى إِلَيْهِ وَافَى الْمَوْسِمَ. فَقَالَ يَا آلَ قُرَيْشٍ. قَالُوا: هَذِهِ قُرَيْشٌ. يَا آلَ بَنِي هَاشِمٍ. قَالُوا: هَذِهِ بَنُو هَاشِمٍ. قَالَ أَيْنَ أَبُو طَالِبٍ؟ قَالُوا: هَذَا أَبُو طَالِبٍ. قَالَ: أَمَرَنِي فُلَانٌ أَنْ أُبَلِّغَكَ رِسَالَةً أَنَّ فُلَانًا قَتَلَهُ فِي عِقَالٍ فَأَتَاهُ أَبُو طَالِبٍ. فَقَالَ: اخْتَرْ مِنَّا إِحْدَى ثَلَاثٍ. إِنْ شِئْتَ أَنْ تُؤَدِّيَ مِائَةَ مِنَ الْإِبِلِ فَإِنَّكَ قَتَلْتَ صَاحِبَنَا وَإِنْ شِئْتَ حُلِّفَ خَمْسُونَ مِنْ قَوْمِكَ أَنَّكَ لَمْ تَقْتُلْهُ. فَإِنْ أَبَيْتَ قَتَلْنَاكَ بِهِ. فَأَتَى قَوْمَهُ فَأَخْبَرَهُمْ. فَقَالُوا نَحْلِفُ فَأَتَتْ اِمْرَأَةٌ مِنْ بَنِي هَاشِمٍ كَانَتْ تَحْتَ رَجُلٍ مِنْهُمْ، قَدْ وَلَدَتْ مِنْهُ. قَالَتْ: يَا أَبَا طَالِبٍ أُحِبُّ أَنْ تُجِيزَ ابْنِي هَذَا بِرَجُلٍ مِنَ الْخَمْسِينَ وَلَا تَصْبِرَ يَمِينَهُ حَيْثُ تُصْبَرُ الْأَيْمَانُ فَفَعَلَ فَأَتَاهُ رَجُلٌ مِنْهُمْ. فَقَالَ: يَا أَبَا طَالِبٍ أَرَدْتَ خَمْسِينَ رَجُلًا أَنْ يَحْلُفُوا مَكَانَ مِائَةٍ مِنَ الْإِبِلِ يُصِيبُ كُلُّ وَاحِدٍ مِنْهُمْ بَعِيرَانِ، هَذَانِ بَعِيرَانِ، فَاقْبَلْهُمَا مِنِّي وَلَا تَصْبِرْ يَمِينِي حَيْثُ تُصْبَرُ الْأَيْمَانُ فَقَبِلَهُمَا. فَجَاءَ ثَمَانِيَةٌ وَأَرْبَعُونَ فَحَلَفُوا. قَالَ ابْنُ عَبَّاسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ: فَوَالَّذِي نَفْسِي بِيَدِهِ مَا حَالَ الْحَوْلُ وَمِنَ الثَّمَانِيَةِ وَالْأَرْبَعِينَ عَيْنٌ تَطْرُفُ. أَخْرَجَهُ الْبُخَارِيُّ وَالنَّسَائِيُّ..

Қазақша аудармасы

Ибн Аббас (р.а.) былай дейді: «Жаһилият дәуіріндегі алғашқы қасама біздің Бәни Хашим әулетінің ішінде болған еді. Құрайыштың басқа бір тармағынан шыққан Хидаш ибн Абдулла ибн Әбу Қайс әл-Амири Бәни Хашимнан Амр ибн Алқама ибн Мутталиб ибн Абдманафты ақыға жалдады. Амр Хидашпен бірге түйелерін айдап жолға шықты. Жолай Бәни Хашимнан бір кісі жолықты. Оның тері қаптарының бауы үзіліп қалған екен. “Жәрдемдесші. Түйелерім үрікпесін, мына қаптарды байлап алатын бау берші”, – деді. Амр оған бау берді. Әлгі кісі сонымен қаптарын байлады. Аялдағандарында біреуінен басқа түйенің бәрі байланды. Амрды жалдаған кісі: “Мына түйе неге байланбаған?” – деп сұрады. “Байлайтын бауы жоқ”, – деді Амр. “Бауы қайда?” – деп, Хидаш оған таяғын лақтырып қалды. Амрдың ажалы сол таяқтан болды. Жаралы күйде жатқанда, оған йемендік бір кісі жолықты. Амр: “Қажылық маусымында Меккеде боласың ба?” – деп сұрады. Ол: “Кейде боламын, кейде болмаймын”, – деді. “Маған бір хабар жеткізіп бере аласың ба?” – деді жаралы кісі. “Иә, жеткіземін”, – деді ол. Сонда Амр: “Қажылық маусымында барсаң, жұртқа ‘Уа, құрайыштықтар!’ деп дауыста. Олар ‘Айта бер!’ десе, ‘Уа, Хашим ұрпақтары!’ де. Олар да ‘Айта бер!’ дегенде, Әбу Талибті сұра. Оған мені пәленшенің бір бауға бола өлтіргенін жеткіз”, – деді.

Осыны айтып, жалшы көз жұмды. Оны жалдаған кісі Меккеге оралғанда, Әбу Талиб оған келіп:

– Бауырымызға не болды? – деп сұрады.

– Науқастанып қалды. Барынша күтім жасадым. Қайтыс болған соң, жерлеуін де өзім атқардым, – деді ол. Әбу Талиб:

– Ол сенің мұндай қамқорлығыңа лайық еді, – деді.

Арада біраз уақыт өтті. Марқұмның аманатын алған йемендік қажылық маусымында Меккеге келіп:

– Уа, құрайыштықтар! – деп дауыстады.

– Міне, құрайыштықтар бізбіз! – деді жиналғандар.

– Уа, Хашим ұрпақтары!

– Міне, Хашим ұрпақтары бізбіз!

– Әбу Талиб қайда? – деп сұрады йемендік.

– Міне, Әбу Талиб! – деді олар. Сонда йемендік:

– Маған пәленше сізге бір хабар жеткізуді аманат етті. Оны пәленше бір бауға бола өлтіріпті, – деді. Әбу Талиб әлгі адамға барып:

– Үш жолдың бірін таңда. Біздің адамымызды өлтіргенің үшін жүз түйе төле. Қаласаң, өз қауымыңнан елу адам сенің оны өлтірмегеніңе ант берсін. Бұған да көнбесең, сені оның орнына өлтіреміз, – деді. Әлгі адам өз қауымына барып, болған жайды айтты.

– Ант берейік! – деді олар. Сол қауымның бір кісісіне тұрмысқа шығып, одан бала сүйген Бәни Хашимнан бір әйел келіп:

– Уа, Әбу Талиб! Мына ұлымды елу адамның бірінің орнына санауыңды, бірақ өзгелер ант беретін жерде оған ант бергізбеуіңді сұраймын, – деді. Әбу Талиб әйелдің өтінішін орындады. Артынша сол қауымнан тағы бір кісі келіп:

– Уа, Әбу Талиб! Жүз түйенің орнына елу адамға ант бергізбек болдың. Сонда әр адамға екі түйеден тиеді. Мына екі түйені менен қабыл ал да, өзгелер ант беретін жерде маған ант бергізбе, – деді. Әбу Талиб екі түйені қабыл алды. Сөйтіп, қырық сегіз адам келіп ант берді».

Ибн Аббас (р.а.): «Жаным қолында болған Алланың атымен ант етемін, бір жыл өтпей жатып, сол қырық сегіз адамның бірде-бірі тірі қалмады»1, – деді.

Түсіндірме

1. Бұл хадисте жаһилият дәуіріндегі қасамаға мысал келтірілген. Кісі өлтірді деген айыпты растайтын айғақ болмағанда, оны жоққа шығару немесе дәлелдеу үшін қолданылатын осы айрықша анттың тәртібі бөлім басында айтылды.

2. Ант Қағбаның Қара тас орналасқан бұрышы мен Мақам Ибраһимнің арасында берілген. Хадис осы қасиетті жерде жалған ант бергендердің көп ұзамай қасіретке ұшырағанын баяндайды.

Ибн Хажар осыған ұқсас тағы бір оқиғаны келтіреді: «Бір топ адам Қағбаның жанында жалған ант берді. Содан кейін кетіп, бір жартастың түбіне отырды. Жартас үстеріне құлады».

Басқа бір риуаятта: «Жаһилият жұрты Харам аумағында қылмыс жасаса, жазасын көп ұзамай тартатын», – делінген.

Тағы бір риуаятта: «Жаһилият дәуірінде бір күң Қағбаны паналады. Қожайыны келіп, оны сүйреп алып шықты. Күңнің қолы шолақ болып қалды», – делінген.

Жаһилият дәуірінде Харам аумағында жапа шеккен адамның өзіне зұлымдық жасаған жанға қарсы дұғасы тез қабыл болғаны туралы әзірет Омар былай дейді: «Жаһилият дәуіріндегі адамдар ақыретте қайта тірілетінін білмеді. Алла тағала оларды зұлымдықтан тыю үшін жазасын осылайша тез берді. Ислам келгеннен кейін қысас қиямет күніне қалдырылды».

Таустан жеткен бір риуаятта: «Харам аумағында істелген жамандықтың жазасы дереу берілетін заман жақын», – делінген. Мұны қиямет жақындағанда ілім жер бетінен алынып, адамдар шариғат үкімдерін ұмытып, бұрынғы күйіне оралады деген ишара деп түсінген.

  1. 1Бұхари, Манақибул-ансар 26 (3845). Нәсәи, Қасама 1 (8/2–4, № 4706).
4986
Кутуб ситтә, № 4986 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ أَبِي سَلَمَةَ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ، وَسُلَيْمَانَ بْنِ يَسَارٍ عَنْ رَجُلٍ مِنْ أَصْحَابِ رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَنَّ النَّبِيَّ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ أَقَرَّ الْقَسَامَةَ عَلَى مَا كَانَتْ عَلَيْهِ فِي الْجَاهِلِيَّةِ وَقَضَى بِهَا بَيْنَ نَاسٍ مِنَ الْأَنْصَارِ فِي قَتِيلٍ ادَّعَوْهُ عَلَى يَهُودِ خَيْبَرَ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әбу Сәләмә ибн Абдуррахман мен Сүлеймен ибн Ясар Алла елшісінің (с.а.с.) бір сахабасынан мына сөзді жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) қасаманы жаһилият дәуірінде қолданылған қалпында бекітті. Ансарлардың бір тобы кісі өліміне байланысты Хайбар яһудилерін айыптағанда, ол қасама тәртібімен төрелік етті»1.

Түсіндірме

Хадис жаһилият дәуіріндегі қасаманың Исламда өзгеріссіз сақталғанын және Алла елшісінің (с.а.с.) кісі өліміне қатысты дауды осы тәртіппен шешкенін көрсетеді. Ансарлардың бір сахабасы Жүбб әл-Яһуд деген жерде өлі күйінде табылды. Ансарлар оны яһудилер өлтірді деп санап, олардан дият талап етті. Яһудилер айыпты жоққа шығарғанда, Алла елшісі қасамаға жүгінуге үкім берді.

  1. 1Мүслим, Қасама 8 (1670). Нәсәи, Қасама 2 (8/5, № 4708).
4987
Кутуб ситтә, № 4987 · тараудағы реті: 3Риуаят етуші: Сәһл ибн Әбу Хасма (р.а.)

وَعَنْ سَهْلِ بْنِ أَبِي حَثْمَةَ قَالَ: انْطَلَقَ عَبْدُ اللَّهِ بْنُ سَهْلٍ وَمُحَيِّصَةُ بْنُ مَسْعُودٍ إِلَى خَيْبَرَ، وَهِيَ يَوْمَئِذٍ صُلْحٌ فَتَفَرَّقَا، فَأَتَى مُحَيِّصَةُ إِلَى عَبْدِ اللَّهِ بْنِ سَهْلٍ وَهُوَ يَتَشَحَّطُ فِي دَمِهِ قَتِيلًا فَدَفَنَهُ. ثُمَّ قَدِمَ الْمَدِينَةَ. فَانْطَلَقَ عَبْدُ الرَّحْمَنِ بْنُ سَهْلٍ وَمُحَيِّصَةُ وَحُوَيِّصَةُ ابْنَا مَسْعُودٍ إِلَى رَسُولِ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ. فَذَهَبَ عَبْدُ الرَّحْمَنِ يَتَكَلَّمُ. فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: كَبِّرْ كَبِّرْ، وَهُوَ أَحْدَثُ الْقَوْمِ فَسَكَتَ فَتَكَلَّمَا. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَتَحْلِفُونَ خَمْسِينَ يَمِينًا فَتَسْتَحِقُّونَ دَمَ صَاحِبِكُمْ؟ قَالُوا: كَيْفَ نَحْلِفُ، وَلَمْ نَشْهَدْ وَلَمْ نَرَ؟ قَالَ: فَتُبْرِئُكُمْ يَهُودُ بِخَمْسِينَ يَمِينًا. قَالُوا: كَيْفَ نَأْخُذُ أَيْمَانَ قَوْمٍ كُفَّارٍ؟ فَعَقَلَهُ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ مِنْ عِنْدِهِ. أَخْرَجَهُ السِّتَّةُ.

Қазақша аудармасы

Сәһл ибн Әбу Хасмә былай дейді: «Абдулла ибн Сәһл мен Мухайиса ибн Мәсғуд Хайбарға барды. Ол кезде Хайбармен бітім жасалған еді. Екеуі өз шаруаларымен екі жаққа кетті.

Мухайиса Абдулла ибн Сәһлді қанға бөгіп, мерт болған күйінде тапты. Мухайиса серігін сол жерде жерлеп, Мәдинаға оралды. Мәсғудтың ұлдары Мухайиса мен Хуайиса және Абдуррахман ибн Сәһл Алла елшісіне (с.а.с.) барды. Жасы ең кіші Абдуррахман сөз бастай бергенде, Алла елшісі (с.а.с.): “Сөзді үлкенге бер, сөзді үлкенге бер!” – деді. Абдуррахман үндемей қалды да, қалғандары мән-жайды баяндады. Алла елшісі (с.а.с.): “Елу рет ант беріп, серіктеріңнің диятына ие болғыларың келе ме?” – деп сұрады. Олар: “Оқиғаның куәсі болмадық, өз көзімізбен көрмедік. Қалай ант береміз?” – деді. Алла елшісі: “Яһудилер елу рет ант беріп, өздерін ақтасын ба?” – деді. Олар: “Мұсылман емес жұрттың антына қалай сенеміз?” – деді. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) марқұмның диятын өз есебінен төледі»1.

  1. 1Бұхари, Дият 22, Сулх 7, Жизия 12 (3173), Әдәб 89, Ахкам 38. Мүслим, Қасама 1 (1669). Мәлик, «Муатта», Қасама 1 (2/877–878). Әбу Дәуіт, Дият 8, 9 (4520, 4521, 4532). Тирмизи, Дият 23 (1422). Нәсәи, Қасама 3 (8/5–12).
4988
Кутуб ситтә, № 4988 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

وَعَنْ عَمْرِو بْنِ شُعَيْبِ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ: أَنَّ ابْنَ مُحَيِّصَةَ الْأَصْغَرَ أَصْبَحَ قَتِيلًا عَلَى أَبْوَابِ خَيْبَرَ. فَقَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَقِمْ شَاهِدَيْنِ عَلَى مَنْ قَتَلَهُ أَدْفَعْهُ إِلَيْكُمْ بِرُمَّتِهِ. قَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ؛ وَمِنْ أَيْنَ أُصِيبُ شَاهِدَيْنِ؟ وَإِنَّمَا أَصْبَحَ قَتِيلًا عَلَى أَبْوَابِهِمْ. قَالَ: فَتَحْلِفُ خَمْسِينَ قَسَامَةً. فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ وَكَيْفَ أَحْلِفُ عَلَى مَا لَا أَعْلَمُ؟ فَقَالَ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: فَنَسْتَحْلِفُ مِنْهُمْ خَمْسِينَ قَسَامَةً. فَقَالَ: يَا رَسُولَ اللَّهِ كَيْفَ نَسْتَحْلِفُهُمْ وَهُمُ الْيَهُودُ؟ فَقَسَمَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ دِيَتَهُ عَلَيْهِمْ وَأَعَانَهُمْ بِنِصْفِهَا. أَخْرَجَهُ النَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шұғайыб әкесінен, әкесі атасынан (р.а.) мына риуаятты жеткізеді: «Мухайисаның кіші ұлы Хайбар қақпасының алдынан өлі табылды. Алла елшісі (с.а.с.) Мухайисаға:

– Оны кім өлтіргенін білетін екі куәгер әкел. Сонда кінәліні байлаулы күйінде сендерге тапсырамын, – деді. Мухайиса:

– Уа, Алла елшісі, екі куәгерді қайдан табамыз? Ол солардың қақпасының алдында өлтірілген ғой, – деді.

– Олай болса, елу рет қасама антын бер, – деді Алла елшісі. Мухайиса:

– Уа, Алла елшісі, өзім білмейтін нәрсеге қалай ант беремін? – деді.

– Онда олардан елу қасама антын талап етеміз.

– Уа, Алла елшісі, олар яһуди ғой. Олардан қалай ант аламыз? – деді Мухайиса. Сонда Алла елшісі (с.а.с.) диятты яһудилерге жүктеп, оның жартысын өтеуге өзі көмектесті»1.

Түсіндірме

1. Жоғарыдағы екі хадис бір оқиғаға қатысты. Сондықтан екеуіне ортақ түсіндірме беріп, мәнін ашуды қажет ететін бірнеше тұсқа тоқталамыз:

• «Руммә» – жіп. Хадисте бұл сөз қысасқа не өлім жазасына әкетілетін адамның қашып кетпеуі үшін оны байлаған жіпті білдіреді. Жаһилият дәуірінде бір кісі түйесін мойнындағы жібімен бірге сатпақ болады. Сатып алушы: «Түйені жібімен бер!» – дейді. Сатушы да: «Жібімен бердім!» – деп жауап қатады. Осылайша «жібімен бірге» деген بِرُمَّتِهِ тіркесі «түгел, тұтастай» деген мағынада қолданылатын тұрақты тіркеске айналған.

• Хадис қасама жасау үшін жәбірленуші тараптың оны талап етуі керектігін көрсетеді. Ғалымдар өзге шарттармен қатар қаза тапқанның адам болуын айтады. Жануарға қатысты қасама жасалмайды. Қаза тапқан адам мұсылман ба, зимми ме, азат па, құл ма, бала ма, әйел ме – бәріне бірдей қасама қолданылады. Қасамаға айып тағылған адам кінәсін мойындамаған кезде жүгінеді.

• Мәйіт жеке кісіге немесе белгілі бір ауылға не мекенге тиесілі жерден емес, жұртқа ортақ жерден табылса, қасама жасалмайды. Дият жәбірленуші тарапқа мемлекет қазынасынан төленеді.

• Қасаманың шариғатқа сай екеніне талас жоқ. Оны қолдану тәртібінде кейбір айырмашылықтар бар. Бұл мәселе фиқһ кітаптарында кеңінен тарқатылады.

Риуаяттарда қасама антын кім беретіні жөнінде айырмашылық бар. Имам Шафиғи мен Имам Мәлик бастаған ғалымдардың көпшілігі антты марқұмның мұрагерлері береді деп есептейді. Олардың пікірінше, мұрагерлер елу рет ант берсе, өз талабын қою құқығына ие болады.

Қасама бойынша қысас алмай, диятпен шектелу керек деген ғалымдар алдымен жауапкер тарапқа ант беруді ұсынады. Жауапкер ант бермесе, талапкер тарапқа ант бергізіледі.

• Имам Ағзам, Куфа ғалымдарының көбі және Суфиян әс-Сәуридің пікірінше, мәйіт бір ауылдан не елді мекеннен табылып, денесінде кісі қолынан өлгенінің ізі болса, қасама жасалады. Имам Мәлик, Имам Шафиғи, Имам Ахмад, Дәуіт әз-Заһири, Ләйс және бірқатар басқа ғалымдардың пікірінше, мәйіттің белгілі бір ру тұратын жерден, ауылдан не мешіттен табылуының өзі қасамаға жеткілікті негіз бола алмайды. Өйткені қылмысты басқа біреу жасап, сол жердің тұрғындарына жала жабу үшін мәйітті сонда тастаған болуы мүмкін.

Хадистен шығатын түйіндер

• Бұл хадис қасама жасалғанда қысас алынбай, тек дият төленеді деген пікірге дәлел.

• Дәрежелері тең болғанда, сөз жасы үлкенге беріледі.

• Қасама – шариғат мойындаған жол.

• Мұсылман емес адамның да, пасық адамның да анты есепке алынады.

• Адамның өзі қатыспаса да, оған қатысты үкім шығаруға болады. Қан дауына қатысты істе жауапкердің қатысуы шарт емес.

• Мұсылман мен мұсылман еместің арасындағы дау Ислам заңына сай шешіледі.

• Шындыққа жанасуы басым болжамға сүйеніп ант беруге болады.

• Қасама қолданылмаса, дият бәйтулмалдан, яғни мемлекет қазынасынан төленеді.

  1. 1Нәсәи, Қасама 4 (8/12, № 4720).
4989
Кутуб ситтә, № 4989 · тараудағы реті: 5Риуаят етуші: Амр ибн Шұғайыб әкесі арқылы атасынан

وَعَنْهُ أَيْضًا عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ قَالَ: قَتَلَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ بِالْقَسَامَةِ رَجُلًا مِنْ بَنِي نَصْرِ بْنِ مَالِكٍ بِبَحْرَةِ الرُّغَاءِ عَلَى شَطِّ لِيَّةِ الْبَحْرَةِ، قَالَ: الْقَاتِلُ وَالْمَقْتُولُ مِنْهُمْ. أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ.

Қазақша аудармасы

Амр ибн Шұғайыб әкесінен, әкесі атасынан мына риуаятты жеткізеді: «Алла елшісі (с.а.с.) Лиятул-Бахра өңірінің шетіндегі Бахратур-Руға мекенінде Бәни Наср ибн Мәлик тайпасынан бір адамға қасама тәртібімен қысас қолдандырды. Ол: “Өлтірген де, өлген де өз арасынан шыққан”, – деді»1.

Түсіндірме

1. Хадис Алла елшісінің (с.а.с.) қасама тәртібімен қысас қолдануға да жол бергенін көрсетеді. Түсіндірмешілер риуаят нұсқаларының бір-біріне қайшы тұстары барын және мәтіндегі кей сөздердің орындары ауысқанын атап өткен. «Тәйсир» авторы Әбу Дәуіттің «Сүнәнда» осы айырмашылықтарды көрсеткен ескертпесін келтірмеген. Бұл хадис іліміне қатысты егжей-тегжей болғандықтан, оған біз де тоқталмаймыз.

2. Зурқанидің «Муаттаға» жазған түсіндірмесіне қарағанда, Омар ибн Абдулазиз бен Абдулла ибн Зубәйір (р.а.) осы хадиске сүйеніп амал еткен.

  1. 1Әбу Дәуіт, Дият 8 (4522).