Хадис

МУДАРАБА БӨЛІМІ

Кутуб ситтә, 11-том, 784-тарау · 2 хадис · № 4990–4991

МУДАРАБА БӨЛІМІ

Хадистер

«Тәйсирде» «Қираз» деп аталған бұл бөлімге «Мудараба» деген атау бердік. «Қираз» сөзі тілімізде кең тарамаған. Екеуінің мағынасы бір. Хижаз ғалымдары «қираз» десе, Ирак ғалымдары «мудараба» деген.

Зурқанидің түсіндіруінше, Ирак ғалымдары «мудараба» сөзін ﴿وَإِذَا ضَرَبْتُمْ فِي الْأَرْضِ﴾ «Сапарға шыққанда...»1 және ﴿وَآخَرُونَ يَضْرِبُونَ فِي الْأَرْضِ يَبْتَغُونَ مِنْ فَضْلِ اللَّهِ﴾ «...кейбіреулеріңнің Алланың шексіз шарапатынан несібе іздеп, жер-әлемді шарлайтынын...»2 деген аяттардан алған. Хадисте لَوْ جَعَلْتُهُ قِرَاضًا тіркесінің келуі «қираз» сөзінің Хижазда қолданылғанын көрсетеді.

Мудараба, яғни қираз – жаһилият дәуірінде қалыптасқан сауда серіктестігінің бір түрі. Ислам оны сол қалпында қабылдады. Алла елшісі (с.а.с.) пайғамбарлық міндет жүктелмей тұрып-ақ, әзірет Хадишамен (р.а.) мудараба келісімін жасаған. Дият сияқты, мудараба жөнінде де көптеген адамнан риуаят жеткен. Оның шариғатқа сай екеніне күмән жоқ.

Қысқаша айтқанда, мудараба – бір тарап капитал салып, екінші тарап еңбегімен үлес қосатын сауда серіктестігі. Бұл серіктестікте капиталды жұмсап, кәсіп жүргізетін тарап «мудариб» деп аталады.

Ибн Абдулбәрр: «Мударабаның іс жүзінде қолданылған сүннет екеніне ғалымдар бірауыздан келіскен», – дейді. Сондай-ақ ол әзірет Омар, Абдулла ибн Омар, әзірет Айша және Ибн Мәсғуд сияқты ірі сахабалардың: «Жетімдердің мал-мүлкін саудаға салыңдар, әйтпесе зекетке жұмсала-жұмсала таусылады», – дегенін және олардың жетімдердің мал-мүлкін мудараба жолымен саудаға салғанын жазады.

4990
Кутуб ситтә, № 4990 · тараудағы реті: 1

عَنْ زَيْدِ بْنِ أَسْلَمَ عَنْ أَبِيهِ قَالَ: خَرَجَ عَبْدُ اللَّهِ وَعُبَيْدُ اللَّهِ ابْنَا عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمْ فِي جَيْشٍ إِلَى الْعِرَاقِ. فَلَمَّا قَفَلَا مَرَّا عَلَى أَبِي مُوسَى الْأَشْعَرِيِّ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ وَهُوَ أَمِيرُ الْبَصْرَةِ فَرَحَّبَ بِهِمَا وَسَهَّلَ. ثُمَّ قَالَ: لَوْ أَقْدِرُ لَكُمَا عَلَى أَمْرٍ أَنْفَعُكُمَا بِهِ لَفَعَلْتُ. ثُمَّ قَالَ: بَلَى، هَهُنَا مَالٌ مِنْ مَالِ اللَّهِ أُرِيدُ أَنْ أَبْعَثَ بِهِ إِلَى أَمِيرِ الْمُؤْمِنِينَ فَأُسْلِفُكُمَاهُ، فَتَبْتَاعَانِ بِهِ مِنْ مَتَاعِ الْعِرَاقِ ثُمَّ تَبِيعَانِهِ بِالْمَدِينَةِ، فَتُؤَدِّيَانِ رَأْسَ الْمَالِ إِلَى أَمِيرِ الْمُؤْمِنِينَ وَيَكُونُ لَكُمَا الرِّبْحُ. فَقَالَا: وَدِدْنَا، فَفَعَلَ. وَكَتَبَ إِلَى عُمَرَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنْ يَأْخُذَ مِنْهُمَا الْمَالَ. فَلَمَّا قَدِمَا بَاعَا فَأَرْبَحَا فَلَمَّا دَفَعَا ذَلِكَ إِلَى عُمَرَ، قَالَ: أَكُلُّ الْجَيْشِ أَسْلَفَهُ مِثْلَ مَا أَسْلَفَكُمَا؟ قَالَا: لَا. فَقَالَ عُمَرُ: ابْنَا أَمِيرِ الْمُؤْمِنِينَ، فَأَسْلَفَكُمَا! أَدِّيَا الْمَالَ وَرِبْحَهُ. فَأَمَّا عَبْدُ اللَّهِ فَسَكَتَ، وَأَمَّا عُبَيْدُ اللَّهِ فَقَالَ: مَا يَنْبَغِي لَكَ يَا أَمِيرَ الْمُؤْمِنِينَ هَذَا؛ أَرَأَيْتَ لَوْ نَقَصَ الْمَالُ أَوْ هَلَكَ لَضَمِنَّاهُ. فَقَالَ: أَدِّيَا الْمَالَ وَرِبْحَهُ فَسَكَتَ عَبْدُ اللَّهِ. فَرَاجَعَهُ عُبَيْدُ اللَّهِ فَقَالَ رَجُلٌ مِنْ جُلَسَائِهِ: يَا أَمِيرَ الْمُؤْمِنِينَ؛ لَوْ جَعَلْتُهُ قِرَاضًا؟ فَقَالَ عُمَرُ: قَدْ جَعَلْتُهُ قِرَاضًا. فَأَخَذَ رَأْسَ الْمَالِ وَنِصْفَ رِبْحِهِ. وَأَخَذَ عَبْدُ اللَّهِ وَعُبَيْدُ اللَّهِ نِصْفَ رِبْحِ الْمَالِ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Зәйд ибн Әсләм (р.а.) әкесінен мына риуаятты жеткізеді: «Омар ибн әл-Хаттабтың екі ұлы Абдулла мен Убәйдулла (р.а.) Иракқа бет алған әскермен бірге жолға шықты. Қайтарда Басраның әмірі Әбу Мұса әл-Ашғариге (р.а.) соқты. Әбу Мұса екеуін жылы қарсы алып: “Екеуіңе пайдасы тиетін бір іс қолымнан келсе, соны істер едім”, – деді. Сәлден соң: “Иә, бар екен. Мына жерде Алланың мал-мүлкінен мүміндердің әміршісіне жібермек болған қаражат бар. Оны екеуіңе қарызға берейін. Оған Ирактан тауар алып, Мәдинада сатыңдар. Бастапқы соманы мүміндердің әміршісіне тапсырыңдар да, пайдасын өздерің алыңдар”, – деді. Абдулла мен Убәйдулла: “Құп”, – деді. Әбу Мұса солай істеді де, Омарға екеуінен қаражатты қабыл алуын өтініп хат жазды.

Олар Мәдинаға жеткен соң тауарды сатып, пайда тапты. Қаражатты Омарға тапсырғанда, ол: “Әбу Мұса бүкіл әскерге сендерге бергендей қарыз берді ме?” – деп сұрады. Екеуі: “Жоқ”, – деді. Омар: “Мүміндердің әміршісінің ұлдары болған соң берген екен ғой. Қаражатты да, пайдасын да тапсырыңдар!” – деді. Абдулла үнсіз қалды. Убәйдулла: “Уа, мүміндердің әміршісі, бұлай етпегеніңіз жөн. Қаражат кемісе немесе түгел жоғалса, оның орнын өзіміз толтыратын едік қой”, – деді. Омар: “Тапсырыңдар!” – деді тағы. Абдулла тағы да үнсіз қалды, Убәйдулла алдыңғы сөзін қайталады. Сонда Омардың мәжілісінде отырған бір кісі: “Уа, мүміндердің әміршісі, мұны мудараба деп қабылдасаңыз қайтеді?” – деді. Омар: “Мудараба болсын”, – деп, бастапқы қаражат пен пайданың жартысын алды. Абдулла мен Убәйдулла пайданың қалған жартысын алды»1.

  1. 1Мәлик, «Муатта», Қираз 1 (2/687–688).
4991
Кутуб ситтә, № 4991 · тараудағы реті: 2

وَعَنْ الْعَلَاءِ بْنِ عَبْدِ الرَّحْمَنِ عَنْ أَبِيهِ عَنْ جَدِّهِ: أَنَّ عُثْمَانَ بْنَ عَفَّانَ أَعْطَاهُ مَالًا قِرَاضًا يَعْمَلُ فِيهِ عَلَى أَنَّ الرِّبْحَ بَيْنَهُمَا. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ.

Қазақша аудармасы

Ала ибн Абдуррахман әкесі арқылы атасы Яқуб әл-Мәдәниден мына хабарды жеткізеді: «Осман ибн Аффан Яқубқа мудараба тәртібімен кәсіп жүргізуге қаражат берді. Түскен пайданы екеуі бөлісетін болды»1.

Түсіндірме

1. Бұл риуаяттар сахабалар дәуірінде бір тарап қаражат салып, екінші тарап сол қаражатпен кәсіп жүргізетін мудараба серіктестігінің болғанын көрсетеді. Бұл жөнінде аят та, Алла елшісіне (с.а.с.) телінген мәрфуғ риуаят та келмегендіктен, Имам Мәлик сол дәуірде мудараба қолданылғанын осы деректермен көрсетуді көздесе керек.

2. Әзірет Омар (р.а.) Әбу Мұсаның халифаның ұлдарына айрықша жағдай жасағанын құптамай, мемлекет қаражатын пайдаланып тапқан пайданы да қазынаға қосуды жөн көрді. Убәйдулла қаражатты қарызға алғандарын, шығын болса оның орнын өздері толтыратынын, сондықтан пайдаға да өздері құқылы екенін айтты. Зурқани Убәйдулланың әкесімен осылайша пікір алмасуынан әдепсіздік көрмейді. Бұл әңгіме Омардың әке ретіндегі де, ел басшысы ретіндегі де қадіріне нұқсан келтірмеген. «Нақты насс болмаған жерде әркім өз дәлелін айтып, пікір таластыра алады», – дейді ол.

3. Бұл мәселенің шешімін ұсынған кісі Абдуррахман ибн Ауф (р.а.) делінеді. Одан пәтуа сұралмаса да, ол өз пікірін айтты, ұсынысы қабылданды. Оның мудараба жолын ұсынуы және әзірет Омардың оны құптауы бұл тәсілдің сол кезде белгілі болғанын көрсетеді.

• Кейбір ғалымдар мұны Исламдағы алғашқы мудараба деп санаған. Басқалары алғашқы мудараба ретінде өзге бір оқиғаны келтіреді. Бірде әзірет Омар (р.а.) сауданың жөнін білмейтін кісілерді базардан шығарады. Олардың арасында Яқуб Мәулә Хурақа да бар еді. Жағдайын білетін әзірет Осман (р.а.) оған қаражат беріп, онымен сауда серіктестігін құрды. Кейбір ғалымдар осыны алғашқы мудараба деп көрсеткен.

  1. 1Мәлик, «Муатта», Қираз 2 (2/688).