وَعَنِ الْمِقْدَامِ بْنِ مَعْدِيكَرِبَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: «أَلَا هَلْ عَسَى رَجُلٌ يَبْلُغُهُ الْحَدِيثُ عَنِّي وَهُوَ مُتَّكِئٌ عَلَى أَرِيكَتِهِ فَيَقُولُ: بَيْنَنَا وَبَيْنَكُمْ كِتَابُ اللَّهِ تَعَالَى، فَمَا وَجَدْنَا فِيهِ حَلَالًا اسْتَحْلَلْنَاهُ، وَمَا وَجَدْنَا فِيهِ حَرَامًا حَرَّمْنَاهُ، وَإِنَّ مَا حَرَّمَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ كَمَا حَرَّمَهُ اللَّهُ». أَخْرَجَهُ أَبُو دَاوُدَ وَالتِّرْمِذِيُّ. وَزَادَ أَبُو دَاوُدَ رَحِمَهُ اللَّهُ فِي أَوَّلِهِ: «أَلَا إِنِّي أُوتِيتُ الْكِتَابَ وَمِثْلَهُ مَعَهُ»، وَذَكَرَ مَعْنَاهُ. وَزَادَ أَيْضًا: «أَلَا لَا يَحِلُّ لَكُمُ الْحِمَارُ الْأَهْلِيُّ، وَلَا كُلُّ ذِي نَابٍ مِنَ السِّبَاعِ، وَلَا لُقَطَةُ مُعَاهَدٍ، إِلَّا أَنْ يَسْتَغْنِيَ عَنْهَا صَاحِبُهَا، وَمَنْ نَزَلَ بِقَوْمٍ فَعَلَيْهِمْ أَنْ يَقْرُوهُ، فَإِنْ لَمْ يَقْرُوهُ فَلَهُ أَنْ يُعْقِبَهُمْ بِمِثْلِ قِرَاهُ».
Миқдам ибн Мағдикәриб (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Бір кісі төсегіне жантайып жатып, менің хадисім өзіне жеткенде: “Біз бен сендердің арамызда Алланың кітабы бар. Онда адал деп тапқанымызды адал санаймыз, харам деп тапқанымызды харам санаймыз”, – деуі мүмкін. Алла елшісінің харам еткені де Алланың харам еткенімен бірдей».
Әбу Дәуіттің риуаятында хадис: «Біліп қойыңдар, маған Кітап және онымен бірге соған ұқсас тағы бір нәрсе берілді», – деп басталады. Бұдан әрі жоғарыдағы ой жалғасып, соңынан мына сөздер қосылған: «Біліп қойыңдар, қолға үйретілген есектің еті де, азу тісті жыртқыш та, келісіммен қорғалған адамның тауып алынған заты да сендерге адал емес. Зат иесі оны қажет етпей, тастап кетсе, жөні бөлек. Бір адам белгілі бір қауымға қонақ болып түссе, оны күту – сол қауымның міндеті. Қонақ күтпесе, ол өзіне тиесілі қонақасының мөлшерін олардан ала алады».1
Түсіндірме
Хадисте Алла елшісінің (с.а.с.) Құранды түсіндіріп, адал мен харамның үкімін жеткізу құзыреті айтылған. Пайғамбарымыз кейін біреулердің хадисті естісе де, «Құраннан басқасын мойындамаймыз» дейтінін ескерткен. Ғалымдар «әрика» сөзін жантайып жататын төсек немесе сүйеніп отыратын орын деп түсіндіреді. Осы бейне үйіндегі жайлылықтан шықпай, білім іздеместен үкім айтатын адамды сипаттайды. Алла елшісі (с.а.с.) Кітаппен бірге оны түсіндіретін сүннет берілгенін айтып, Құранда жеке-жеке аталмаған бірнеше тыйымды келтірген.
Тауып алынған мүлік мәселесі
Хадисте келісіммен қорғалған адамның жоғалған мүлкін тауып алған кісіге оны иемденуге тыйым салынған. Ғалымдар бұдан мұсылманның жоғалған мүлкін өзіне меншіктеп алуға да болмайтынын айтқан. Ал иесі керек етпей, басқа біреу алсын деп әдейі қалдырған дүниенің үкімі бөлек. Мысалы, көшеде жатқан әмиянды әдетте жоғалған зат деп танимыз, ал ірілеу бір бұйымды иесі әдейі тастаған болуы мүмкін. Мұндайда заттың қалай қалғанын сол ортаның әдет-ғұрпы мен жағдайына қарап ажыратады.
Хадистегі үшінші мәселе – қонақ күту. Мұндағы сөз қонақасы беріп, қонақтың қажетін өтеу туралы. Хадистің тура мағынасынан қонақ күтудің міндет екені аңғарылады. Ғалымдар бұл міндеттің қай жағдайда қолданылатыны жайында әртүрлі пікір айтқан.
1. Кей ғалымдар №16 және №17 хадистерде бәдәуиге түсіндірілген міндеттерге сүйенеді. Олар сол жерде аталған Ислам шарттарынан тыс қонақ күту уәжіп саналмайды деген.
2. Ахмад ибн Ханбал хадис қонақ күтудің міндет екенін білдіреді деп түсінген. Ғалымдардың көпшілігі қонақ күтуді мәндүп амал санап, бұл хадисті зәру жағдайда қалған қонаққа қатысты деп қараған. Олар мұсылманның мүлкі өз еркімен берілмейінше адал болмайтыны туралы хадиске және «Мал-мүліктеріңді өз араларыңда жалған жолмен жемеңдер…»2 деген аятқа сүйенген. Ал зәру жағдайға тап болған адамның қажетін өтеудің уәжіп екеніне ғалымдар бірауыздан келіскен.
3. Басқа ғалымдардың пікірінше, бұл үкім Исламның алғашқы кезеңіне қатысты. Сол кезде жорықтағы топқа қонақасы беріп, мұқтажына жәрдемдесу олар түскен елді мекеннің халқына міндет болған. Кейін Ислам күшейіп, ел арасында жәрдемдесу жолға қойылғанда, бұл міндет рұқсат деңгейінде қалған. Кей ғалымдар билеуші алыстағы зымми елді мекеніне қызметпен жіберілген кісілерді қонақ етіп күтуді бұйырса, тұрғындар сол бұйрықты орындауға тиіс деп қараған. Орындалмаса, зәру жағдайда ғана қызмет иелеріне қажетті мөлшерін алуға рұқсат деген. Әли әл-Қари «Мирқат» еңбегінде осы үкімнің тармақтарын таратып түсіндіреді.