Хадис

Кутуб ситтә, № 5037

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
803. Қияметтің өзге белгілері
Нөмірі
№ 5037 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
5037
Кутуб ситтә, № 5037 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Әнәс (р.а.)

وَعَنْ أَنَسٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: لَا تَقُومُ السَّاعَةُ عَلَى أَحَدٍ يَقُولُ: اللَّهُ اللَّهُ. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ، وَهَذَا لَفْظُهٌ، وَالتِّرْمِذِيُّ.

Қазақша аудармасы

Әнәс (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) «Алла, Алла» дейтін кісілерге Қиямет тумайтынын жеткізген1.

Түсіндірме

1. Хадистің өзге нұсқасында «Жер бетінде “Алла, Алла” делініп тұрған кезде Қиямет болмайды» делінген. Хадистің тікелей мағынасына қарағанда, Қиямет орнарда жер бетінде Алланы атайтын бірде-бір адам қалмайды. Ал бұған дейін айтылған кей хадистерде Аллаға құлшылық ететін кісілердің Қияметке таяғанша жер бетінде болатыны айтылады. №5043 хадисте Қиямет адамдардың ең жаманына төнетіні көрсетілген.

Осы риуаяттар арасындағы айырма бірнеше жолмен түсіндірілген. Бір пікір бойынша, Қиямет тікелей төнер алдында Йемен жақтан есетін жел мүміндердің жанын алады. Сонда жер бетінде «Алла, Алла» дейтін адам қалмайды. Иманнан жұрдай болған, мінезі бұзылған жұрт қана қалып, солар Қияметтің сұмдығын көреді.

Бәдиуззаман осы хадиске қатысты былай жорамалдайды. «لَا يَعْلَمُ الْغَيْبَ إِلَّا اللَّهُ. Мұның бір сыры мынау болуы мүмкін. “Алла, Алла” деп зікір айтылатын теккелер, зікірханалар мен медреселер жабылып, азан мен қаматта Алланың атының орнына басқа сөз айтылатын болады. Бұл бүкіл адамзат күпірге түседі деген сөз емес. Өйткені Алланы мойындамау – ғаламның барын мойындамау секілді ақылға сыймайтын нәрсе. Адамзаттың түгелі түгіл, көпшілігінің Алланың барын теріске шығаруы да ақылға қонбайды. Дінге сенбейтіндердің кейбірі Алланың барын мойындап, сипаттары туралы жаңылысады».

2. Хадистегі اللَّهُ اللَّهُ сөздері кей риуаятта насб жалғауымен, اللَّهَ اللَّهَ түрінде келеді. Сонда «“Алладан қорқыңдар” деп жұртты жақсылыққа шақыратын адам тұрғанда, Қиямет болмайды» деген мағына шығады. Бұл нұсқа жақсылыққа шақыруға үндейді.

  1. 1Мүслим, «Иман», 234, № 148. Тирмизи, «Фитән», 35, № 2208.