وَفِي أُخْرَى لِلشَّيْخَيْنِ: لَا تَقُومُ السَّاعَةُ حَتَّى يَقُومَ رَجُلٌ مِنْ قَحْطَانَ يَسُوقُ النَّاسَ بِعَصَاهُ.
Бұхари мен Мүслим жеткізген бір риуаятта: «Қахтаннан жұртты таяғымен айдайтын бір адам шықпайынша, Қиямет болмайды», – делінген1.
Түсіндірме
Қахтаннан шығатын адамның аты да, мінезі де бұл хадисте айтылмаған. Ол әділ ме, залым ба, кесіп айту қиын. «Жұртты таяғымен айдайды» деген сөзге қарап, кейбірі оны халықты отар қойдай жүргізетін қатал билеуші деп түсінген. Басқа ғалымдар оны Мәһдиден кейін келіп, соның жолымен жүретін әділ адам деп болжаған. Құртуби «таяғымен айдайды» тіркесін билеушінің халыққа қатал қарап, күшпен басқаруын бейнелейтін сөз деп ұққан.
Кейбірі қахтандық адамды өзге хадистердегі Жаһжаһ болуы мүмкін деп болжаған2. Өйткені «жаһжаһ» сөзі «айқай салушы» деген мағынада, ал айқайлау мен таяқ жұмсау қаталдықты білдіреді. Ибн Хажар бұл екі адамның бір кісі болу ықтималдығын әлсірететін мына деректерді атайды.
• Біріншісінің Қахтан руынан екені айтылған. Осыған қарағанда, ол – азат адам.
• Жаһжаһ мауалилер арасынан шығады. Мәһдиден кейін соның жолымен жүретін адам туралы да хабар бар.
• Ибн Хажар келтірген бір риуаятта Қиямет таяғанда хабаш жұртынан бір адам Қағбаны қиратып, қахтандық адам оларға қарсы шығады делінген.
• Мүслімнің жинағында екі сирағы жіңішке хабаштықтың Қағбаны қирататыны айтылған. Ибн Хажардың пайымынша, Мүслім осы риуаятты қатар келтіру арқылы қахтандық адамның әділдігін меңзеген болуы мүмкін. Өйткені жорамал бойынша, ол хабаштықтар қиратқан Қағбаны қалпына келтіреді.
Кей ғалымдар бұл хадистен халифалық Құрайыштан өзге жұртқа өтеді деген үкім шығаруды құптамаған. Ибн әл-Араби де риуаят ақырзаманда болатын жамандықтарды ескерту үшін айтылғандықтан, одан мұндай үкім шығаруға негіз жоқ деген.