وَعَنِ ابْنِ عَمْرِو بْنِ الْعَاصِ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُمَا قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: أَوَّلُ الْآيَاتِ خُرُوجًا طُلُوعُ الشَّمْسِ مِنْ مَغْرِبِهَا، وَخُرُوجُ الدَّابَّةِ عَلَى النَّاسِ ضُحًى، فَأَيَّتُهُمَا كَانَتْ قَبْلَ صَاحِبَتِهَا فَالْأُخْرَى عَلَى أَثَرِهَا. أَخْرَجَهُ مُسْلِمٌ وَأَبُو دَاوُدَ.
Абдулла ибн Амр ибн әл-Ас (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Қияметтің алғаш көрінетін белгілері – күннің батыстан тууы мен сәске кезінде адамдарға жер жануарының шығуы. Қайсысы бұрын болса, екіншісі іле-шала көрінеді»1.
Түсіндірме
1. Хадисте қияметтің алғашқы белгілері айтылады. Осы екі белгінің қайсысы бұрын көрінетіні анық көрсетілмеген. Екеуінің бірі шыққан соң, екіншісі де іле-шала келеді. Алдымен қайсысы шығатыны жөнінде ғалымдар әртүрлі пікір айтқан. Соның бірқатарына №5033 хадистің түсіндірмесінде тоқталдық.
2. Енді хадистегі даббатул-арзға тоқталайық. Бұл тіркес «жер жануары» дегенді білдіреді. Оның қиямет таяғанда шығатыны Құранда2 да, көптеген хадисте де айтылған. Түсіндірме еңбектерінде ол жайында әртүрлі пікір мен сипаттама кездеседі. Соның кейбірі төменде берілді.
• Мұнда надандығы жағынан жануарға теңелген зұлым адамдар меңзелген деген пікір бар.
• Кейбір ғалымдар оны №5009 хадистегі Жассаса деп таныған.
• Әзірет Әли оны «сақалды бір кісі» деп сипаттаған.
• Бір хадисте: «Жер жануары Мұсаның аса таяғы мен Сүлейменнің мөрін алып шығады. Мөрмен мүміннің жүзін жарқыратады, таяқпен кәпірдің мұрнын сындырады. Адамдар бір дастарқанға отырғанда, кімнің мүмін, кімнің кәпір екені білінеді», – делінген.
• Хузайфа ибн Әсидтен жеткен бір хабарда былай делінген: «Жер жануары үш рет шығады. Әуелі бір шөлейттен шығып, қайта жасырынады. Ел билеушілері қан төккенде, кей қалалардан көрініп, тағы жасырынады. Содан кейін жұрт мешіттердің ең қасиеттісі әрі ең үлкеніне жиналғанда, жер шайқала бастайды. Халық қашады. Бір топ мүмін ғана қалып: “Бізді Алладан ешкім құтқара алмайды”, – дейді. Жануар солардың қасына шығып, жүздерін інжуден жасалған жұлдыздай жарқыратады да жүріп кетеді. Қуған адам оған жете алмайды, қашқан адам одан құтыла алмайды. Намаз оқып тұрған бір кісіге келіп: “Аллаға ант етейін, сен шын намаз оқитындардың қатарынан емессің”, – деп ұстап алады. Ол мүміннің жүзін ағартады, кәпірдің мұрнын сындырады». Біз: «Сол кезде адамдар қандай күйде болады?» – деп сұрадық. Ол: «Мекенде – көрші, дүниеде – серіктес, сапарда – жолдас», – деді.
• Кейбір ғалымдар жер жануары адамдар жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыюды тоқтатқанда шығады деген.
• Кей тәпсіршілер оны Сафа тауынан шығатын ірі жануар деп сипаттаған.
• Енді біреулер жер жануары үш рет шығады дейді. Алғашқысы Мәһдиден кейін, екіншісі Иса пайғамбардан (а.с.) кейін, үшіншісі күн батыстан туған соң көрінеді.
• Бәдиуззаман былай дейді: «Құранда бұл туралы қысқа ишара бар. Әзірге өзге мәселелердегідей оның кең мағынасын анық біле алмадым. لَا يَعْلَمُ الْغَيْبَ إِلَّا اللَّهُ “Ғайыпты Алладан басқа ешкім білмейді”. Перғауын қауымына шегіртке мен бит қаптағаны, Қағбаны қиратпақ болған Әбраһаның әскеріне Әбәбил құстары шабуыл жасағаны секілді, Суфиян мен Дажжалдың бүлігіне арқа сүйеп, біле тұра Аллаға қарсы келген, Яжуж бен Мажуждың ойранымен бұзақылық пен жыртқыштыққа барған, дінсіздік пен күпірге ұрынған жұртты ес жиғызу үшін жерден бір жануар шығып, оларға шабуыл жасайды. Алла біледі, жер жануары жануардың бір түрі болар. Егер ол жалғыз алып мақұлық болса, барлық жерге бірдей жете алмас еді. Демек, ол сұмдық бір жануар түрі болады. إِلَّا دَابَّةُ الْأَرْضِ تَأْكُلُ مِنسَأَتَهُ “Оның аса таяғын кемірген жер жәндігінен басқа...” («Сәбә», 14-аят) деген аяттың ишарасымен ол “даббатул-арз” аталған. Ол жегі құрттың ағашты кеміргеніндей адамның сүйегін кеміреді, тіпті төбесінен бақайшағына дейін денесін жайлап алады. Мүміндер иманының берекесімен әрі теріс іс-әрекеттен тыйылғанының арқасында құтылғандықтан, аятта сол жануар иман жайында тілге келген».