Хадис

Кутуб ситтә, № 5053

Жинақ
Кутуб ситтәالكتب الستة
тарау
804. Сурдың үрленуі және қайта тірілу
Нөмірі
№ 5053 (жалпы рет реті) · тараудағы реті: № 4
5053
Кутуб ситтә, № 5053 · тараудағы реті: 4Риуаят етуші: Кағб ибн Мәлик (р.а.)

وَعَنْ كَعْبِ بْنِ مَالِكٍ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ اللَّهِ صَلَّى اللَّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: إِنَّمَا نَسَمَةُ الْمُؤْمِنِ طَيْرٌ يَعْلُقُ فِي شَجَرِ الْجَنَّةِ حَتَّى يُرْجِعَهُ اللَّهُ إِلَى جَسَدِهِ يَوْمَ يَبْعَثُهُ. أَخْرَجَهُ مَالِكٌ وَالنَّسَائِيُّ.

Қазақша аудармасы

Кағб ибн Мәлик (р.а.) Алла елшісінің (с.а.с.) мына сөзін жеткізген: «Мүміннің рухы – жәннат ағаштарынан қоректенетін құс. Алла оны қайта тірілткен күні рухын денесіне қайтарады»1.

Түсіндірме

1. Нәсәи риуаятында: «Мүміннің рухы жәннат ағаштарындағы құс болады. Алла оны қиямет күні денесіне қайтарғанға дейін сонда болады», – делінген.

2. Түсіндірмешілер басқа риуаяттарға сүйеніп, жәннат құсының кейпінде болатындар – Алла жолында шайқасып, шейіт болған мүміндердің рухтары деген. Өзге рухтар кейде көкте, кейде қабір маңында болады деп түсіндіреді. Әбу Бәкір ибн әл-Араби қияметке дейін ризықтану және басқа да осындай нығметтерге бөлену шейіттерге тән екеніне үмбет ғалымдары келіскенін жеткізеді. Хадистің кейбір нұсқасында шейіттердің рухы анық аталады: «Шейіттердің рухтары жасыл құстардың ішінде. Олар жәннаттың қалаған жерінен ризықтанады».

3. Ғалымдар құс кейпіне енуді былай түсіндірген: «Алланың бұйрығымен рух құс кейпінде көрінеді. Періштенің адам кейпінде көрінетіні сияқты». Тағы бір жорамал бойынша, кей риуаятта айтылғандай, рух құстың денесіне кіреді. Суюти Әбу Дәуітке жазған түсіндірмесінде: «Мұны рухтың құс кейпінде көрінуі деп ұқсақ, ұқсату ұшу қабілетіне қатысты. Адамның жаратылысы құстың жаратылысымен теңестірілмейді. Өйткені адам бейнесі жаратылыстардың ішіндегі ең көркемі», – дейді.

Синди Суютидің пікірін былай толықтырады: «Бұл түсінік адамның рухына өзіне тән кейіп біткен деп қарағанда орынды. Ал рухтың дербес кейпі жоқ болса, Алла бір хикметпен оған белгілі бейне беруді қаласа, оның әуелі құс кейпіне енуінде ақылға сыймайтын ештеңе жоқ».

Тақырыптың маңызын ескеріп, Суютидің Нәсәи жинағына жазған түсіндірмесінен үзінді келтірейік. Ибн әл-Қайим былай дейді: «Рухтың белгілі бір мекенмен байланысы бар деу оның қабірде немесе қабір маңында ғана болатынын білдірмейді. Рухтың өзіндік болмысы бар. Ол денемен байланысын сақтай тұра, Рафиқул-ағлада да бола алады. Мысалы, мұсылман дүние салған жолдасына сәлем берсе, оның рухы өз мекенінде тұрып та сәлемге жауап қайтара алады. Алла Елшісі (с.а.с.) алты жүз қанатты Жәбірейілді (а.с.) көрген. Оның екі қанатының өзі көкжиекті жауып тұрған. Сол періште Алла Елшісінің тізесіне тізесі тиіп, қолын тізесіне қоятындай жақын адам кейпінде де келген. Рух мәселесін түсінуде қателік рухтар әлемін көзге көрінетін дүниенің өлшемімен бағалаудан туады. Осыдан барып рух бір жерде болса, басқа жерде бола алмайды деген жаңсақ тұжырым жасалады. Мысалы, Алла Елшісі (с.а.с.) Миғраж түнінде Мұсаны (а.с.) Рафиқул-ағлада көрді әрі оның қабірінде намаз оқып, сәлем алғанын да көрді. Бұлар бір-біріне қайшы келмейді. Рухтың ісі тәннің ісінен бөлек. Кейбір ғалым мұны күнмен салыстырады. Күн көкте, сәулесі жерде. Бұл мысал толық үйлеспейді, себебі сәуле – күннің өзі емес, одан тараған жарық. Ал рухтың өзі екі мекенде де бола алады. Миғражда Алла Елшісінің (с.а.с.) көк қабаттарынан пайғамбарларды кездестіруі де осыған дәлел. Ол олардың рухын өз бейнелерінде көрді, ал олар қабірлерінде тірі күйде намаз оқып тұрды». Алла Елшісінен (с.а.с.) мына сөздер де жеткен: «Кім қабірімнің жанында маған салауат айтса, оны естимін. Кім алыстан салауат айтса, ол да маған жетеді». «Алла қабіріме бір періште тағайындаған. Оған жаратылыстардың сөзін есту қабілетін берген. Қияметке дейін маған салауат айтқан әр пенденің өз есімі мен әкесінің есімін жеткізеді». Алла Елшісінің (с.а.с.) ардақты рухы өзге пайғамбарлардың рухымен бірге ең жоғары дәрежеде екені күмәнсіз.

Осы деректерден мынадай тұжырым шығады: «Рух ең биік дәрежеде, жәннатта немесе көкте болса да, тәнмен байланысын сақтап, естіп, түсініп, намаз оқуына кедергі жоқ. Мұны түсінуді қиындататын жайт – адамның дүниедегі сезім мүшелері ондай құбылысты аңғара алмайды. Оларды иман және терең пайым арқылы ғана ұғуға болады. Барзах пен ақыретке қатысты істердің сипаты бізге таныс дүниеден өзгеше. Рухтың қозғалысы сондай шапшаң болуы мүмкін: қабірден көкке көзді ашып-жұмғанша жетеді. Ұйқыдағы рух жайындағы риуаяттар осыны аңғартады. Кей хадистерде ұйықтаған адамның рухы жоғары көтеріліп, жеті қат көктен өтіп, Арыштың алдында Аллаға сәжде ететіні, кейін қысқа сәт ішінде тәніне қайтатыны айтылады».

1505 жылы дүние салған Суюти жинақтап берген бұл түсіндірмені автор қазіргі бір пайыммен салыстырады. Ол физика заңдарына сүйеніп жасалған сол пайымнан мына үзіндіні келтіреді: «Дүние деп аталған ғаламшар – біздің, адамдардың, көзге көрінетін әлеміміз. Бұл ғаламшарды жаратылысы өзгеше жындар да мекендейді. Олар осы дүниенің өзінде, Құранда айтылған ғайып әлемінде тіршілік етеді. Адамдар мен жындар бір кеңістікті мекендегенімен, жаратылыстары бөлек болғандықтан, бір-бірін сезім мүшелерімен аңғармайды.

Осы пайым бойынша, көзге көрінетін әлемнің әр нүктесі ғайып әлеміне де, ғайып әлемінің әр нүктесі көзге көрінетін әлемге де тиесілі. Демек, әр нүктенің екі әлемдегі координаттары бір, ол екі әлемде де бар».

Бәдиуззаман бұл жөнінде былай дейді: «Уа, құрметтім, біл! Жарық, жылу, ауа, электр, тартылыс, мысал және барзах әлемдері бірін-бірі ығыстырмайды. Олар тоғыспай-ақ шағын жерге сыйып тұр. Сол сияқты ұлан-ғайыр ғайып әлемі де Жер секілді шағын ғаламшарға сыюы мүмкін. Ауа мен су адамның тіршілігіне орын береді. Әйнек жарыққа, қатты дене рентген сәулесіне, темір жылу мен электрдің өтуіне бөгет болмайды. Ақылдың нұры мен періштенің рухына да солай. Осы тығыз дүниеде рухани жаратылыстардың, шайтандар мен періштелердің қатар қозғалуына да кедергі жоқ».

Осы ойды ашатын тағы бір түсіндірмесі мынадай: «Уа, құрметтім, біл! Бір дененің ішінде де көп әлем мен хал бір-бірімен соқтығыспай тоғысады. Мысалы, түнде қабырғалары әйнектен жасалған, шамы жанған бөлмеге кірсең, мысал әлеміне ашылған терезедей әйнектерден көптеген бөлменің бейнесін көресің. Өз бөлмеңде отырып, шағылысқан бөлмелердегі қимылды да оңай өзгерте аласың. Бөлмедегі шам тіпті ең алыстағы бейнесіне де өте жақын. Өйткені шағылыстардың бәрінің бастауы – сол бір шам».

  1. 1Муатта, «Жәнаиз», 1-том, 240-бет. Нәсәи, «Жәнаиз», № 2073. Ибн Мәжа, «Зуһд», № 4271.